«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

11 ЖОБА МАҚҰЛДАНДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімдігі жанындағы өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында “Бизнестің жол картасы – 2020” бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасының үш бағыты бойынша несиені субсидиялау мен кепілдендіру түрінде мемлекеттік қолдау алуға ұсынылған 12 жоба қаралды.

Облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеевтің төрағалығымен өткен кеңес отырысында “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының бірінші бағыты – “Ауылдық елді мекендерде, шағын қалалар мен моно-қалаларда кәсіпкерлердің бизнес бастамаларын кеңейту” бойынша несиені субсидиялау мен кепілдендіру түрінде мемлекеттік қолдау алу үшін 4 жоба қаралды.  

Бес жаңа жоба несиелері бойынша пайыздық ставкаларды субсидиялау 340 миллион теңгені құрайды. Үйлестіру кеңесінде қаралған өтінімдер мақұлданса, үш жылдың ішінде бюджеттен 72,3 миллион теңге жәрдем қаржы бөлінуі тиіс. Ал биыл 43,7 миллион теңге берілуі керек екенін Мұхтар Манкеев баса айтып өтті.

Алғашқылардың бірі болып сөз алған “Delta Bank” АҚ-ның несие ресімдеу бойынша маманы Сергей Киричек Қызылжар ауданына қарасты Пресновка ауылындағы дүкенді сатып алуға өтініш білдірген “Пальчуковская Е.Л.” жеке кәсіпкерлігін банк үстіміздегі жылы 5 миллион теңгеге қаржыландырғанын хабарлады. Несие сомасы 36 айға берілген. Жалпы жоба құны 6 миллион 900 мың теңгені құрайды. Ал аталмыш бағдарламаның үшінші бағыты бойынша “DEZ” ЖШС ұн үгу кешені өнім қуаттылығын арттыру үшін жәрдем қаржыға зор үміт артуда. Бүгінгі таңда серіктестік Қазақстанның ішкі мұқтаждығын өтеп, Тәжікстан, Ауғанстан, Өзбекстан, Ресей мен Қырғызстанға ұн экспорттаумен айналысуда. Жыл басынан бері 55 мың тонна ұн өндіріп, оның 75 пайызы экспортталған. Серіктестік директорының орынбасары Зекай Танрыкулудың айтуынша, олар тәулігіне 275 тонна ұн шығарады. Ұн өндіру цехына айына 7-8 мың тонна бидай қажет. Шикізат қорын сатып алып, өндіріс көлемін ұлғайтуды басты мақсат еткен серіктестікке 230 миллион теңге жәрдем қаржы қажет.

Тағы бір айта кетерлігі, несиені субсидиялау мен кепілдендіру түрінде мемлекеттік қолдаудан үмітті кәсіпкерлердің өтініштері оң шешімін тапқан жағдайда 518 жұмыс орны сақталып, қосымша 21 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік тумақ.

Үйлестіру кеңесінің қорытындысы бойынша күн тәртібінде қаралған 12 жобаның 11-і мақұлданып, нақты шешімін тапты. Ал “Молпродукт” ЖШС-нің жобасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі қаулысының талабына сәйкес емес деп танылып, үйлестіру кеңесінің мүшелері оны мақұлдамады.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp