Петропавл қаласында және облысымыздың 13 ауданында дәстүрлі “Жолда қабылдау” акциясы өтті. Шараға белсене қатысқан жүргізушілер мен жолаушылар әкімшілік полициясы басқармасының қызметкерлеріне көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, сауалнама толтырды.
Көпшілікті автокөлікті тіркеу, жол-көлік ережелері, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құрылғылар мен әкімшілік практика жөніндегі мәселелер алаңдатады екен. Әкімшілік полициясы басқармасының бастығы Дәурен Қазбековтің айтуынша, апаттық жағдайлардың деңгейін тұрақтандыру, алдағы уақытта жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін жақсарту мақсатында “Қауіпсіз жол”, “Абайлаңыз – балалар!”, “Мас жүргізуші – қылмыскер”, “Автобус”, тағы басқа республикалық және облыстық жедел-алдын алу шаралары ұдайы өткізіліп тұрады.
“Жолда қабылдау” акциясы биыл осымен 4-ші мәрте өткізілді. Соның нәтижесінде өңірімізде өткен жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар мен жарақат алғандар саны азайған. 2015 жылдың 9 айы ішінде 166 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 24 адам қайтыс болса, 203 адам түрлі дәрежеде жарақат алды.
Әбілсейіт ЖОЛАУШИН,
облыстық ішкі істер департаментінің
әкімшілік полиция басқармасының
аға инспекторы.