«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУДАРМАШЫ – АЛТЫН КӨПІР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұрпағының болашағын ойлаған ұлт жастарының білімді болуын басты мақсат етері даусыз. Жасы кіші болса да, ақылы асқанды аға сыйлайтын қазақы қағиданың қаншалықты өміршең екенін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Халқымыздың тамыры тереңге жайылған тарихында білім-ғылым жолын насихат еткен аузы дуалы абыздары, данышпандары, шежірелі шешендері өте көп болған. Сондықтан баба дәстүрінен ажырамаған бүгінгі жастардың, келер ұрпақтың білімсіз болуға хақысы жоқ. Осыны мақсат тұтып, болашағын біліммен ғана байланыстырған өрендердің қатары елімізде де, өңірімізде де жыл сайын көбейіп келеді. Оған мемлекеттің жастарға жасап отырған оңтайлы жағдайын дер кезінде әрі ұтқырлықпен пайдаланып, білім қуып, біліктілігін арттырып жүрген жандар дәлел бола алады. Өз бетімен талпынып, әлем елдерінің әртүрлі бағдарламаларына қатысып, жетістіктерді бағындырып жүргендері қаншама? Өңіріміздің тумасы Кәмила Жакупекова да талмай талпынып, ерінбей еңбектенуінің арқасында жетістіктерге жетуде. Мен оны ең алғаш “Фейсбук” әлеуметтік желісіндегі парақшамнан көрдім. Үстіміздегі жылы Миланда өткен “ЭКСПО” көрмесіне қатысып, бірнеше тілде аудармашы болып қызмет көрсеткен қаршадай қыздың Петропавл қаласының тумасы екендігі сүйсіндірді. Онымен әлеуметтік желі арқылы әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Камила, алғашқы сауалымды қасиетті Қызылжарда алған біліміңізбен байланыстыруды жөн көріп отырмын.  

– “Білім негізі бастауышта қаланады” деген ұғымның дұрыс айтылғанына күмән келтірмес ешкім. Бастауыш сыныпта оңы мен солын әлі танып үлгермеген бүлдіршінге берілген білім, тәлім-тәрбие – тасқа қашап жазылған жазудай мәңгілік құнын жоймайды десем, артық айтқандық болмас. Өйткені, Петропавлдағы №8 мектептің табалдырығын аттаған маған білікті ұстазымның бергені көп болды. Оның оқумен қатар, қарапайым өмірлік қасиеттерді бойыма сіңіруі де менің мінез-құлқымның қалыптасуына әсер етті. 5-сыныпта облыс орталығындағы үздік білім ордасының бірі – “ЛОРД” дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-лицейге физика-математика пәндерін тереңдетіп оқытатын сыныпқа қабылдандым. Арада бір жыл өтпестен, небәрі 6-сыныпта оқып жүргенде “XXI ғасырдың Ломоносовы” атты облыстық олимпиадаға қатысып, ұйымдастырушылардың көзіне түсіп, “Жаратылыстану ғылымдарының оқымыстысы” аталымы бойынша марапатталдым.

Дәл сол жылы өмірдегі сүйенішім – әкем өмірден озды. Жүрегіме жара салған қайғы менің сабақ үлгеріміме де теріс әсер етті. Тіпті, апталап сабаққа қатыспай, мұғалім берген тапсырмаларды уақытында орындамайтын кездерім де жиіледі. 9-сыныптың алғашқы айларында ағылшын тілін меңгеруге ден қойдым. Түрлі шығармашылық байқауларға қатыстым. Бақ сынаған додалардың денінен құр қол қайтпайтын болдым. Солардың ішінде мен үшін ең шоқтығы биігі “British Bulldog” атты халықаралық шығармалар конкурсы еді. Аталмыш сайыс оңтүстік астанамыздағы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті “Аударма және филология” факультетінің “Ілеспе аударма” мамандығына оқуға түсуіме жол ашты. Бүгінде 2-курс студентімін.

– Болашақ аудармашы болдыңыз ғой. Бірнеше тілде емін-еркін әңгімелесе алатын жағдайдасыз. Одан өзге қандай тілдерді меңгеруге ден қойып отырсыз?

– Табиғатымызға, ұлттық танымымызға, тіпті ділімізге жат өзге тілдерді меңгеру кез келген адамның қолынан келе бермейтін оңай шаруа емес. Дегенмен де, ынта-ықыласы болса, лезде игеруге әбден болады. Тағы да қайталап айтамын, ең бастысы талап болса болғаны. Тіл үйренудің өзі шығармашылық жұмыс қой. Ойың да, сана-сезімің де еркін. Бар мүмкіндігіңді паш етесің, өз-өзіңе есеп бересің, қабілет-қарымыңды танытасың. Бүгінде өзім білім алып жүрген университеттің оқу бағдарламасын меңгерумен шектеліп қоймай, ел өмірінде болып жатқан әртүрлі мәдени, экономикалық іс-шараларға белсенді қатысуды әдетке айналдырып келемін. Тәжірибе жүзінде шыңдалғым келеді.

– Мысалы, сіздің өсуіңізге оң ықпалын тигізген шараларды айта аласыз ба?

– Бокстан әлем чемпионатына және Шәкен Айманов атындағы 8-ші халықаралық кинофестивальға ерікті аудармашы ретінде қатысуым маған сабақ болды. Әлемдік деңгейдегі киножұлдыздар мен спортшылардың айтқан ойларына ілеспе аударма жасай отырып, “Қанша тіл білсең, сонша адамсың” деген қағиданың астарын терең түсіндім. Есімдері әлем жұртшылығына мәшһүр жандармен таныстым. Олармен әңгімелесе отырып, тіл байлығымды да арттырдым. Ағылшын, итальян, неміс тілдерімен қатар, французша еркін өз ойымды жеткізе алатын дәрежеге жеттім. Солардың қатарында менің біліктілігімді арттырған “Ауғанстан тұрақтылығы жөніндегі 3-ші халықаралық министрлік конференциясы” шарасы болды. Ел тарихында маңызы бар аталмыш шара екінші курста оқып жүрген менің маман болып қалыптасуыма оң әсер еткен еді.

– Үстіміздегі жылы Италияның Милан қаласында өткен “ЭКСПО – 2015” дүниежүзілік көрмесіне аудармашы болып бардыңыз. Еліміздің атынан таңдаулы аудармашылардың ортасында жұмыс істеуге мүмкіндік алғаныңызды білеміз. Сондай үздіктердің қатарынан табылғандығыңызды еңбегіңіздің жемісі деп санайтын боларсыз?

– Дүниежүзілік мәні бар көрменің Миланда өтетінін ғаламтор арқылы білгенмен, оның жай-жапсарына үңілмедім алғашында. Осы көрмеге қатысуды іштей армандағаным болмаса, ерекше қарқынмен оның жүзеге асуына атсалыспадым. Араға уақыт салып, Астана қаласында әлемдік маңызы бар аталмыш шараға аудармашыларды жұмысқа қабылдайтындығы, іріктеудің басталғандығы туралы естіп, сонда аттандым. Бірнеше бөлімдер бойынша өткізілген конкурсқа құжаттарын тапсырғандардың саны мыңнан асып жығылды. Жұмысқа қабылданатындар санаулы ғана, 120-ға жуық. Оның үстіне “Жасым небәрі жиырмада. Тәжірибесі мол, атынан ат үркетін аудармашылар барда, маған орын болмас” деп жүрген күндердің бірінде жұмысқа қабылданғаным жөнінде қуанышты хабарды естіп, төбем көкке жеткендей қуанғаным әлі есімде. Осылайша әлемнің ең әдемі қалаларының тізіміне енген, көркіне көз тоймайтын Миланға аттандым.

– Екінің бірінің қолы жете бермейтін сапарыңызды өміріңіздегі ең үлкен тәжірибе мектебі деуге болатын шығар? Өзіңіз қалай атаушы едіңіз?

– Мектеп дегеннен гөрі, тәжірибе алаңы деуге әбден болады. Қазақстандық және шетелдік шенеуніктердің арасында алтын көпір орнатып, ілеспе аударма жасау арқылы мен өзге тілдерде еркін пікір алмасуды, діттеген ойымды анық жеткізуді үйрендім. Танымал тұлғалармен таныстым. Монаконың князі ІІ Альбермен, Сенегал Президенті Маки Салл сынды тұлғалармен кездестім. Бұл сапарымдағы ең үлкен жетістігім деп Милан қаласындағы Леонардо да Винчи атындағы халықаралық мектепте итальян тілі курсын оқығандығым еді. Сонымен қатар, есімі Италия жұртшылығына ғана емес, әлем халқына жақсы таныс эстрада әншісі Аль Баномен итальян және қазақ халықтарының мәдениеті жайында әңгіме-дүкен құрғаным менің өмірлік ұстанымымды одан әрі нығайта түсті.

– Бір сөзіңізде аудармашыларды екі халықтың арасындағы алтын көпір іспеттес деп қалдыңыз…

– Әлемдегі кез келген ұлттың, елдің әдебиетін, мәдениетін, салт-дәстүрін аудармашылар арқылы тануға болады. Сондықтан аудармашыларға артылатын жүктің салмағы ауыр. Аударма түпнұсқаның дең­гейінде болу үшін екі тілдің де майын ішкен маманы болу керек. Данте­нің атақты “Құдіретті комедиясын” аудару үшін Блок итальян тілін меңгергенін білеміз. Ұлы Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы” романын оқу үшін қазақ тілін үйренгендер де бар. Көркем аударма мектебі қалыптасу керек. Бүгінде бірнеше тілді терең меңгерген қазақ-тілді аудармашылар аз. Болашақта осы мәселенің бір ізге қойылуына, аударма саласының дамуына атсалысуды көздеймін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Нұргүл ОҚАШЕВА,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp