Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған, ел жастарының әлемнің үздік білім ордаларында оқуларына мүмкіндік берген “Болашақ” мемлекеттік бағдарламасының ережелерін жетілдіріп, тиімді тұстарын көбейту үшін алдағы уақытта бірқатар өзгерістер жүзеге асырылатын болады. Бұл туралы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен кездесу барысында “Халықаралық бағдарламалар орталығы” акционерлік қоғамының президенті Ғани Нығыметов мәлім етті. Студенттер мен жұмысшы жастар, оқытушылар мен жас мемлекеттік қызметшілер, сондай-ақ, өңірімізде жемісті жұмыс істеп жүрген “Болашақ” бағдарламасының түлектері қатысқан шараны облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев жүргізді.
– Аталмыш бағдарламаға үстіміздегі жылы 22 жыл толмақ. Сол уақыттан бері 11 мың 126 қазақстандық өрен алыс-жақын шет елдерде білім алып, біліктіліктерін арттырды. 9 мың стипендиат оқуларын тамамдап, елге оралды. Түлектердің көбі бүгінде Астана және Алматы қалаларында абыройлы еңбек етуде. 50 түлегіміз сіздердің облыстарыңызда қызмет атқаруда, – деген Ғани Сақтағанұлы келер жылдан бастап техникалық мамандықтарға гранттар көп бөлінетіндігін жеткізді. Техникалық жоғары білімі бар кез келген маман ағылшын тілін меңгеру деңгейі жоғары болмаса да, оқуға мүмкіндік алады. Ең бастысы, талап пен ниет болса болғаны.
Шара барысында өңірімізде түрлі салаларда жемісті қызмет атқарып жүрген болашақтықтар сөз алып, тәжірибелерімен бөлісті. Солардың бірі – аталмыш бағдарлама бойынша 2010 жылы Швейцариядағы білікті оқу орнына оқуға түсіп, абыроймен бітірген Ақмарал Смағұлова. Бүгінде ол бизнес саласына қатысты шет мемлекеттен алған тәжірибесін Петропавлда іске асыруда.
Берері мол бағдарламаның игілігін көргісі келетін жастардың тарапынан қойылған барлық сұрақтарға жауап берген Ғани Нығыметов индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қажетті кадрларды даярлаудың басым бағыт екендігін атап өтті.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.