«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРМА ӨНІМДЕРІ ШЕТЕЛГЕ ШЫҒАРЫЛУДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Нарық заманында кез келген кәсіпкер үшін бәсекеге төтеп беру оңай шаруа емес. Ал “Grits” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аз уақыттың ішінде бәсекелестік ортадан өз орнын ойып алды. Бүгінде серіктестік өндірген жармалар Түркіменстанға, Ауғанстан мен Ресейге экспортталуда.

Кез келген адамды серіктестіктің атауы қызықтырады. Алдымен не себепті бұлай аталғанын сұрағанымызда “Grits” шетел тілінен аударғанда “жарма” деген мағынаны білдіреді екен. «Grits» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Петропавл қаласында 2010 жылы құрылған. Мұнда бидай, арпа, тары, ұнтақталған бұршақ пен қарақұмық жармасы өндіріледі. Өндіріс цехының қуаттылығы – 3 мың тонна. Ал өндіріс алаңында жұмыс сатылай жүреді. Қажетті шикізат қоры арнайы дән құйылатын қорапқа түсіп, шаң-тозаңнан тазартылады. Одан кейін өндіріс цехында дәнді дақылдар автоматтандырылған құрылғылардың сүзгісінен өтеді. Өнімдерді қаптарға салу да автоматтандырылған. Сондықтан цех жұмыс қолын көп қажет етпейді.  

Қазіргі таңда серіктестікте 10 адам жұмыс істеуде. Бірі техниканың жұмысын бақыласа, енді бірі жарма тиелген қаптардың аузын бекітеді. Әйтеуір, әрқайсысы өз міндетін біледі. Айлық еңбекақы да жаман емес. Өндіріс цехының шебері Совет Есентеміров атқарылатын жұмыстың барлығына жауапты. Істен шыққан техниканы дереу қалыпқа келтіру де оның мойнында. Бес жылдан бері жұмыстың қыр-сырын меңгерген маман осы ұжымға бауыр басып қалғанын, қызметі өзіне ұнайтынын айтады.

Біздің өңір аграрлы аймақ бола тұра не себепті жарма өнімдерін көрші Ресейден сатып алуымыз керек деген оймен кәсібін ашқан серіктестік директоры Қанат Маекенов алғашқы кезде өнімдерді өткізуде біраз қиыншылық болғанын жеткізді. Ал кез келген кәсіпкер үшін тауарды өткізу рыногын қалыптастыру оңайға түспейді. Бірақ, ширақ қимыл мен тегеурінді талаптың арқасында Қанат Қайсарұлы нарыққа жол тапты. Өткізу рыногын өзіміздің өңір мен Астана, Қарағанды, Шымкент, Ақтөбе қалаларында қалыптастырған “Grits” ЖШС жармаларын Түркіменстан, Ауғанстан, Ресей елдеріне экспорттауда. 2013 жылы өнімнің 70 пайызы шетелге шығарылған. Ал өткен жылы рубльдің құлдырауына байланысты Ресей тауарлары нарықты жаулап алғандықтан, біраз кедергіге тап болғанын іскер басшы жасырмады.

– Былтыр біз үшін ауыр жыл болды. Тұтынушылар нарығын көрші елдің өнімдері жаулады. Бірақ қиындыққа қарамастан, біз жұмысымызды тоқтатқан жоқпыз. Шетелдік сенімді серіктестеріміз – Ресейге қарағанда біздің өнімдердің сапасын жоғары бағалады. Сондықтан сенімге селкеу түсірмес үшін намысқа тырысып, бәсекелестік ортада сапалы өнім шығаруды басты мақсат тұттық. Қазір жағдайымыз жаман емес. Үкіметтің де қамқорлығы мен қолдауын көрудеміз, – дейді Қанат Қайсарұлы.

2014 жылы “Бизнестің жол картасы – 2020″ бағдарламасы бойынша 25 миллион теңгеге жарма ұнтақтайтын әмбебап техника сатып алған. Бұрын қажетті техника жалға алынған екен. Техниканы белгілі бір қалыпқа келтіру арқылы дақылдар ұнтақталып, жарма өндіріледі. Ал қарақұмық жармасын шығару үшін бөлек техника қарастырылған. Қажетті шикізат қоры шаруа қожалықтарынан жеткізіледі. Негізінен шикізат Тайынша ауданынан әкелінеді. Цехта тәулігіне 15-20 тонна өнім өндіріледі. Тапсырыс көлемі көп болса, жұмыс екі-үш ауысымда жүреді. Әсіресе, үш ауысым болғанда қосымша жұмыс күші тартылады.

Теңге бағамының еркіндікке жіберілуі серіктестікке қандай қиындық туғызғанын білмек болғанымызда іскер басшы бұл құбылысты нарықтың заңдылығы деп түсіндірді. Валюта бағамының ауытқуы нарықтың құбылысы екенін айтқан ол бәсекелестік ортада кез келген қиындыққа төтеп беруіміз қажет, дейді. Сондықтан да оның өнімдеріне деген сұраныс жоғары. Өйткені, сапа бар. Жарманың бағасы да қолжетімді. Арпа, тары, ұнтақталған бұршақ пен қарақұмық жармасының бағасы килограмына 50-80 теңге аралығында. Жергілікті кәсіпкерлер өнімдерді арзан бағамен алып, бөлшек саудаға шығарады.

“Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” демекші, тағы бір айта кетерлігі серіктестік қайырымдылық шараларына да ерекше атсалысады. Жоқ-жітіктер мен қамкөңіл жандарға, балалар үйлеріне қолдан келгенше демеушілік көмек көрсетеді.

Алға қойған жоспар көп. Осы орайда серіктестік басшысы бөлшектеп өлшейтін автомат цех құрастырылып жатқанын қуанышпен жеткізді. Бұл техниканың көмегімен 800-900 грамдық жарманы сатуға мүмкіндік туады. Бөлшектеп өлшейтін автомат құрылғысы сәтті іске асса, алдағы уақытта қосымша жұмыс орындарын ашу көзделуде.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

  Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp