Шынайы жазылған жыр – адам жанының көшірмесі. Көңілдің рухани қоректенуіне септесетін өлеңді жазу арқылы шығармашылық мүмкіндіктерін паш етіп жүрген өрендер өңірімізде жетерлік. Олардың қатарында М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің 2-курс студенті Сымбат Лепез де бар. “Серпін” мемлекеттік бағдарламасы арқылы Қызылорда облысындағы Қазалы ауданынан келген ол аймақтық деңгейде өткізілген жыр мүшәйраларының бірнеше мәрте лауреаты атанды. Қаламынан туған шынайы жырларының негізгі тақырыптары туған ауылға деген қимастық сезімнен басталып, Отанға деген шынайы махаббатқа ұласады. “Махаббатсыз дүние бос” деп ұлы Абай айтқандай, талапкердің бұл тақырыптағы өлеңдері де нәзік сезімнен туған дүниелер. Өтірік талықсу, жақсы көрудің жайы осы шығар деп өліп-өшкен болу атымен жоқ, орынды-орынсыз ақыл айту да кездеспейді. Болашағынан ұстаздары зор үміт күтіп отырған талапкердің бірқатар өлеңдерін ұсынып отырмыз.
ҮМІТТЕРІМ ҮЗДІКТІРІП, АЛДАЙДЫ
Көз алдымда көлбеңдейді елесің,
Үнсіз ғана сен де оны сезесің.
Көзқарасың тұрады ылғи білдіріп,
Сезіміңнің бұрынғыдай емесін …
Өшіргіштей өшіре алсам көңілден,
Өз орнымды табар едім өмірден.
Жүрегім бар жолбарыстай жаралы,
Күндіз-түні ем таба алмай егілген.
Үміттерім үздіктіріп, алдаған,
Сенімдерім сезімімді арбаған.
Бар шындығым көзімде тұр жазылып,
Бірақ оны ешкім оқи алмаған.
Қайтем босқа жылап-сықтап, мұңайып,
Күн тақса да таға алмайды жыр айып.
Біз бәрібір бірге бола алмаймыз,
Үнсіз ғана кешірейік, ұғайық.
САҒЫНЫШ
Сағындым. Сарғайыппын. Сағыныппын,
Сағыныштан емделді, арылып кім?
Уақыттың да жетпейді күші оған,
Мен оны тағы да ұқтым.
Күндер өтті, күреңсіз жылдар да өтті,
Маңдайымды қайғы иіскеп, мұң да өпті.
Жазылмастай жара сап жүрегіме,
Жырлар кетті, жүректен сырлар кетті.
Күн артынан сырғиды-ау күндер тағы,
Сормаңдайдай солады гүлдер тағы.
Бүршік атса көктемде сезімімнің,
Болады екен, шіркін-ай, кімдер сәні?
Жалындаймын арманға асыққандай,
Менің мұңым мұңайтқан жасық қандай?
Жақсы өмір сүруім үшін осы
Жүру керек секілді ғашық болмай.
Сымбат ЛЕПЕЗ,
студент.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.
Петропавл қаласы.