Бүгінгі таңда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың 2020 жылға қарай Қазақстан халқының 30 пайызы бұқаралық спортпен жүйелі түрде айналысуы керектігі жөніндегі тапсырмасын орындау бағытындағы жұмыс белсенділікпен жалғасын табуда. Бізді, облыс орталығының жастарын соңғы жылдары қаламызда осынау бұқаралық шараны дамыту бағытында шын мәнінде көптеген игілікті істердің атқарылып келе жатқандығы қуантады.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарынан облыс әкімі Ерік Сұлтановтың бастамасымен 2014 жылы ғана қаламызда жасанды жамылғысы бар 15 шағын футбол алаңы салынса, үстіміздегі жылы осындай 18 алаң және 13 көпбейінді хоккей корты пайдалануға беріліп отырғандығын сүйсіне оқыған едік. Ал кеше ғана әуесқой футбол командалары арасында шағын футболдан 3 ай қатарынан өткізілген турнир өз мәресіне жетті. Аталмыш додаға бір мыңнан астам жастардан тұратын 72 команда қатысуға ниет білдіргені барлығымызға да тосын сый болғаны анық.
Біріншіліктің қорытындысы бойынша өзім басшылық ететін “Динамо” құрама командасы жеңістің бірінші сатысына көтерілді. Қала әкімдігінде өткен салтанатты шара барысында шаһар басшысы Марат Тасмағанбетовтің қолынан диплом, медаль мен кубок алу біз үшін зор құрмет, үлкен мерей болғаны шындық.
Жеке басыма тоқталар болсам, мен 19 жыл бойы футболмен шұғылданып келемін. Сегіз жасымнан спортқа бейім болып өсіп, бүгінге дейін сүйікті ісіммен айналысуды бірде-бір рет тоқтатқан емеспін. Жолдастарыммен бірігіп құрған құрама командамыз соңғы үш жыл бойы жеңімпаздар қатарынан табылуда. Түрлі марапатқа да ие болдық. Көздеген мақсатымызға жету үшін аптасына 4 рет жиналып, үздіксіз жаттығулар өткіземіз. Жаттығып қана қоймай, футболдың қыр-сырын меңгерген, есімдері әлемге танымал адамдардың өмір жолдарымен танысамыз. Олардың пайдаланған ережелерін ойын барысында қолданамыз.
Бүгінде шағын футболдан командалар саны да артты. Бұл бәсекелестіктің күшейгенін көрсетеді. Барлығы да жеңімпаз атанғысы келеді. Бірақ ол үшін көп тер төгіп, еңбектену қажет.
Руслан КӨПЕЕВ,
“Динамо” командасының капитаны.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.