«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Кенжетай БАЙКЕМЕЛҰЛЫ: “ЫСЫРАПШЫЛДЫҚ – АЛЛА СҮЙМЕЙТІН АМАЛ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Газетімізде оқырманға ой салар “Бәсеке жүрмейтін жер” тақырыбындағы мақала жарық көргеннен кейін жерлеу рәсімдеріндегі ысырапшылдықты сынға алып, өз ойын ашық жеткізіп жатқандар аз емес. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкіл имамы, “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай Байкемелұлының осы мәселеге байланысты пікірін білген едік.

– Алла Тағала – біздерге тура жолды нұсқаушы. Ал шариғат Құран мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеттерінен тұрады. Сондықтан дін талаптарын орындау – міндет. Марқұмды жөнімен, шариғат жолымен ақтық сапарға шығарып салу – тірілердің парызы. Өмірден озған жақындарымызды жерлеудің өзін бәсекеге айналдырып алғанымыз, әрине, жақсылықтың нышаны емес. Қазақ халқы баяғыдан жиған-тергенін тойға шашады. Ал қаралы үйдің осыншама шашылуына жол болсын. Мұндайда ысырапшылдыққа кімдер жол береді, әрине, діннен хабары жоқ бауырларымыз. Құран Кәрімде: “…Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырапқа жол бермеңдер! Расында, Алла Тағала ысырап қылушыларды жақсы көрмейді” (“Ағраф” сүресі, 31-аят), – дейді. Ал ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Ішіңдер, жеңдер, садақа беріңдер және киініңдер, бірақ ысырапшылдық пен дандайсуға жол бермеңдер” , – деп ескертіп кетті. Қасиетті Құранның “Исра” сүресінің 26-27 аяттарында: “Туған-туысқанға, пақыр-міскінге, ғаріп-жолаушыларға ақысын беріңдер, босқа шашылмаңдар. Ысырапқорлар, шын мәнінде, шайтан жақындары. Ал шайтан Тәңір ісіне қарсы”, – деп ескертіледі. Мұсылман адам жақсылықты Алла ризығы үшін жасайды. Құранда: “Олар (Құдай сүйген пенделер) қаражат жұмсағанда ысырап етпейді. Сараңдық та жасамайды, өз жөнімен ғана жұмсайды”, – деген сүре бар. Алла Тағала мақтаншақтықты, тәкаппарлықты, ысырапшылдықты құп көрмейді, мұның күнәсі ауыр.  

Жақында облысымызға белгілі кәсіпкердің анасы өмірден өтті. Ол жол-жоралғыға ақша шашқан жоқ. Керісінше, жетім-жесірлер мен тұрмысы төмендердің мұқтажына садақа берді. Тағы да бір азамат жерлеу рәсімінде көйлек-көншек таратпай, ол шығынның ақшасын шетелде ем алып жатқан жерлес спортшы Азамат Нұрпейісовтің есепшотына аударды. Облысқа сыйлы азамат өмірден озғанда оның зайыбы да көпшіліктен жас нәрестенің емі үшін көмек сұраған жас отбасына жыртыстың қаржысын апарып беріп, аман-есен жазылып қайтуларына тілектестік білдірген еді. Өзгелер де жақсылық жасап, жоқ-жітікті қуантып, үлкен сауапқа кенелген азаматтардан үлгі алса игі!

– Өлімді тойға айналдырудың жөнсіздігін имамдар да уағыздап жүр. Петропавлдық тұрғындар жерлеуге бұрынғыдай шашылмайтын сияқты, мұндай жосықсыздық ауылды жерлерде орын алып отыр ғой. Бұған не дейсіз?

– “Қызылжар” орталық мешітінің асханасында өтетін дұғаларға өзіміз қатаң бақылау жасап, жөнсіз жоралғыларға тыйым салдық. Облыс орталығында жыртыс жыртып, орамал таратпайтын қаралы үйлердің қарасы көбейді. Бірақ ауылды жерлердегі орынсыз рәсімдерге әлі де тосқауыл қоя алмай отырғанымыз өкінішті. Жақынын жоғалтқан отбасы жоқтау айтып, үйде отырудың орнына базар аралап кетеді. Қазалы үйдің қыздары мен келіндерінің аза тұтуға да уақыты болмай, дастарқан қамымен сыртта жүреді. Осы кімге керек? Қара жердің қойнына тапсырғалы отырған жақынымызға мұның сауабы бар ма деп ешкім де ойлап жатқан жоқ. Шынымен де, о дүниелік болған марқұмға жайылған дастарқаннан, көңіл айтып келген көпшіліктің ішіп-жегенінен, таратылған көйлек-көншектен келіп-кетер ештеңе жоқ. Тіпті, кейбір баталарда біреу жалғызынан, енді біреулер жұбайынан айрылып, қасіретке батып отырғанда адамның тамағынан ас өте ме?! Ас ішу өз алдына, төбе құйқаңды шымырлатар жоқтау айтып, қайғыдан қан жұтқанның көңілін жұбатуға келгендер бос әңгіменің тиегін ағытып, ішіп-жегеннен қалғанды сөмкеге тоғытудың ешкімге де абырой әкелмесі анық.

Аудан имамдары да шама-шарқыларынша жүрген жерлерінде халықты ысырапшылдықтан аулақ болуға шақырып жүреді. Бірақ олардың барлық ауылдардағы бата-дұғаларға баруға уақыттары тығыз.

– Менің білуімше, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының осы мәселелерге қатысты арнайы пәтуасы да бар емес пе?

– Пәтуада: “Марқұмның киімі, қаржысы, яғни барлық мал-мүлкі оның дүниесі саналады. Сондықтан ең әуелі артында қалған мал-мүлкі марқұмды кебіндеуге, жерлеуге, қарызы болса өтеуге жұмсалады. Одан артылған жағдайда өсиет етілген адам болса, соған беріледі. Өсиет етілген мөлшер қалған мал-мүлкінің үштен бірінен аспауы шарт. Ал одан қалған мүлік шариғат бойынша мұрагер саналатын жақындарына дінде көрсетілген есеп бойынша бөлініп беріледі. Марқұмның киім-кешектерінен тәбәрік ретінде таныстарына немесе садақа ретінде мұқтаж адамдарға беруге болады. Жаңа киім сатып алып тарату, яки таратылуын талап ету дұрыс емес”, – делінген.

Жыртыс жыртып, киім үлестіруге де қатысты дін мамандары мынадай пәтуа шығарған еді: “Бұл амалдарды дініміз жүктеген, міндетті түрде істелуі тиіс “парыз” амалы деп түсінбеген жөн. Бұларды жасамаған жағдайда ешкім күнәһар болмайды. Екіншіден, ешкім кәдесіне жаратып, пайдасына асыра алмайтын бір жапырақ жыртыс таратқаннан гөрі, сол жыртысқа кететін қаржыны жетім-жесір, жоқ-жітіктерге таратқан әлдеқайда сауапты. Үшіншіден, қайтыс болған кісінің киімін ертеректе тәбәрік ниетімен елге тарататын. Кейбіреулер кісінің күнделікті кигенін емес, керісінше, дүкеннен сатылып алынған жаңа киімді таратуды шариғат қағидасы секілді талап етіп жатады. Тіпті, баз біреулер “ұят болмасын” деген түсінікпен қарызданып, қымбат киім алып, аяғы бұл іс өзгелермен бәсеке, бақталастыққа да ұласып жатады. Сондықтан мұндай амалды атқармаған жөн”.

– Өмірден өткен адамға ас беру діннің талабы ма?

– Дүние салған жанның ағайындары негізінде бес нәрсеге міндеттеледі. Олар: мәйітті жуындыру, кебіндеу, жаназасын айту, жерлеу, қарызын өтеу. Қалғаны – қосымша ғибадат, сауап істер. Мұндағы мәселе – сол абзал саналатын істерімізді парыз етіп немесе ысырапқа айналдырып алмау. Мәйіттің намазы шығарылмай, Құран оқылмайды. Ибн Мәсғұдтан (р.а.) риуаят етілген хадисте: “Расулулла (с.ғ.с.) жаназа намазында Құраннан бірдеңе оқуды айтпады”, – делінген.

Марқұмның қырқын және жылын беру үшін үлкен дастарқан жаю міндет емес. Яғни, мұндай рәсімдер жасалмаса, ешкім де Алланың алдында күнәһар, мәйітке қарыздар болып қалмайды. Қайтыс болған кісіге бағыштап жоқ-жітікке, мұқтаж жандарға тамақ таратып, ас беру абзал. Ал мұқтаж жандар қатарына жатпаса да, туған-туыс, жора-жолдастарын жинап, ас беруге де шариғат қарсы емес. Дегенмен, дінімізде шамаң жетпесе де, міндетті түрде қарызданып, артық шығын жұмсап, өлі атынан үлкен мал сойып, садақа бер деген үкім жоқ. Садақаны әркім шама-шарқына қарай береді.

– Кенжетай Байкемелұлы, бұл айтқаныңыз оқырмандарымызға ой салады деген сенімдеміз. Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp