Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру қажеттігін ерекше атап көрсеткен болатын. Елбасы “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында “Азаматтар үшін үкімет” мемлекеттік корпорациясын құру мақсатын алға қойды. Болашақта қазақстандықтар мемлекеттік қызметтің барлық түрлерін бір орталықтан пайдалануға тиіс.
Қызмет көрсететін мемлекеттік органдар басшылыққа алатын негізгі нормативтік-құқықтық акт – “Мемлекеттік қызмет көрсету туралы” Қазақстан Республикасының Заңы. Мемлекеттік қызмет көрсету кезіндегі негізгі ұстанымдар: жұртты бос әуре-сарсаңға салмау, бюрократтыққа жол бермеу, көрсетілетін қызметтің есептілігі мен ашықтығы, сапасы мен қолжетімдігі. Егер бұл қағидалар, қызмет көрсетудің стандарттары мен регламенттері бұзылса, қызмет алушы шағымдануға құқылы. Ал мемлекеттік қызмет мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға көрсетілген кезде оларға қажетті жағдай жасалуы керек.
Бүгінгі таңда жеке және заңды тұлғалар үшін мемлекеттік қызмет көрсетудің 52 түрі тізілімге енгізілген. Салық пен кедендегі мемлекеттік қызметтердің орындалу мерзіміне, нысанына, тәртібіне қарай нақты стандарттары мен уақыты белгіленген.
Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы туралы Елбасының тапсырмасымен әзірленген “Нұр Отан” партиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасында да айтылады. Бағдарламаның “Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру” бөлімінде жазылғанындай, 2016 жылы маңызды мемлекеттік қызмет көрсету түрлері электронды форматқа көшірілуі тиіс. Бұл үдеріс 2020 жылы – 80 пайызды, 2025 жылы 100 пайызды қамтуы қажет. Ал 2025 жылы мемлекеттік қызметтің кемінде жартысы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында “бір терезе” қағидасы бойынша жүзеге асырылуына қол жеткізген жөн.
Бүгінде 34 мемлекеттік қызмет электрондық жүйе арқылы көрсетіледі. Бұл барлық қызмет түрінің 65 пайызын құрайды. Ол үшін “Салық есебін өңдеу жүйесі”, “Салық төлеушінің кабинеті”, “Бақылау белгілерін есепке алу” ақпараттық жүйелері пайдаланылады. Сондай-ақ, “Электронды үкімет” порталы арқылы көрсетілетін қызметтер тізімі кеңейтілді.
Облыстық мемлекеттік кірістер органдары биылғы жылы 397484 мемлекеттік қызмет көрсетті. “Электронды үкімет” веб-порталы арқылы 349519 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, бұл жалпы көрсетілген қызметтің 88 пайызы. Көрсеткішті 2014 жылмен салыстырсақ, 3 пайызға жоғарылаған.
Бүгінде автоматтандырылған “Салық есептілігін қабылдау” жүйесі арқылы қызмет көрсетілетін электронды форматты 99,2 пайыз салық төлеуші пайдаланады. Ал “Жеке кәсіпкерлерге патент беру” электронды қызметі 99,3 пайыз тұтынушыға ұсынылды.
Биыл облыстың мемлекеттік кірістер департаменті Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның “Жаңа Есіл” және Тайынша ауданындағы “Тайынша” кеден бекеттерін аталмыш ведомствоның аумақтық ғимараттарына көшірді. Енді салық төлеушілер аталған аудандарда бір жерде кеден және салық бойынша мемлекеттік қызмет түрлерін пайдалана алады.
Мемлекеттік қызмет көрсетудегі жұмыстың сапасы ондағы ашықтық пен жариялылыққа байланысты. Қызмет барысын бағалау үшін жүргізілетін мониторингке азаматтар белсенді қатысу арқылы мемлекеттік басқару саласындағы немесе мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісіндегі жұмыс сапасына ықпал жасай алады. Сондай-ақ, жыл сайын Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеушілер қауымдастығымен бірлесе отырып, тұтынушыларға сапалы қызмет көрсету үшін еліміздің бизнес субъектілері мен азаматтары арасында сауалнама жүргізеді. Бұл да жұмысты бағалаудың бір тәсілі. 2014 жылы жүргізілген республикалық сауалнама нәтижесі бойынша біздің департамент бизнес субъектілері мен азаматтарға салық және кедендік іс-шаралар негізінде мемлекеттік қызмет көрсету жұмыстарының сапа көрсеткішімен үштікке енді. Былтыр облыс аумағында көрсетілген қызметті тұтыну деңгейі 92,3 пайызды құрады. Бұл республиканың орташа көрсеткішінен 20,5 пайызға жоғары.
2014 жылы жүргізілген тәуелсіз сауалнаманың қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметтің кемшін тұстары да анықталды. Ондағы ұсыныстар мен өтініштер назарға алынып, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын одан да жоғары деңгейге көтеру шаралары белгіленді.
Данияр ЖАНАЛИНОВ,
мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы.