«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАҢДАУЫМ ДА, ТАҒДЫРЫМ ДА …

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір тұрғындары денсаулығының мық­ты болуы медицина саласында талмай еңбек етіп жүрген білікті дәрігерлердің қолында екендігі мәлім. Жанын дерті меңдеген науқастың аурудан құлан-таза айығып кетуіне де сол ақ халатты абзал жандар жауапты. Сондықтан да басы ауырып, балтыры сыздаған жұртшылық дәрігерлердің еңбегін ерекше дәріптейді. Бала кезімде өзім туып-өскен Есіл ауданындағы Ақтас ауылында бүкіл саналы ғұмырын саламатты өмір салтын қалыптастыруға, дертіне дауа іздегендерге көмек қолын созуға арнаған апайды тұрғындар “алтын қолды келіншек” деп атайтын. Бұлай аталуына өз мамандығын өте жақсы меңгерген жанның ерен еңбегі, абзалдығы, ең бастысы, мейірімге толы жарқын жүзі себепкер болды. Мектепті тамамдап, болашаққа бет түзегенде Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің “Жалпы медицина” факультетіне құжаттарымды тапсырып, грантқа түсуіме әсер еткен де сол кісінің көпке үлгі болған кісілік келбеті ме деп ойлаймын. Бүгінде мен де дәрігер атандым. Петропавл қалалық №2 емхананың терапевт-дәрігері болып жұмысқа орналасып, жандарын жегідей жеген түрлі дерттеріне шипа іздеп келетін науқастармен бетпе-бет әңгімелесіп, олардың жан дүниелерін ұғуды тәжірибе жүзінде іске асырып жүрмін.

Жоғары оқу орнының бесінші курсында оқып жүргенде нақты мамандық таңдау қажеттілігі туындады. Курстастарымның дені болашақтарын хирургиямен, гинекологиямен, тіс дәрігері болумен байланыстырса, мен терапевт болуды жөн санадым. Өйткені, бүгінгі өмір сүріп отырған қоғамымыздың негізгі дерті қан айналымы аурулары жүйесі болғандықтан, онымен күресу, тамырына түбегейлі балта шабуға тырысу – терапевт дәрігердің негізгі қызметінің бірі.  

Қан айналымы жүйесі ауруларының проблемалары, атап айтқанда, жүрек-қан тамыр аурулары соңғы кезде әлемдік індеттің сипатын алғандығы шындық. Еліміз жүрек және қан-тамыр дерттеріне шалдығушылық бойынша алғашқы орындарда тұрғандығы да көпке мәлім. Бұл орайда біздің өңіріміздегі көрсеткіш те көңіл көншітпейді. Бір қынжыларлығы, облысымыздағы науқастардың дені өздерінің қан қысымдарының жоғары екендіктерін білмейді. Сондықтан да көп жағдайда ауру адамға дер кезінде көмек көрсету мүмкін болмай қалады. Дәрігерлер уақытпен санаспайды. Бір күні таңнан түс мезгіліне дейін науқастарды қабылдасақ, кешкі сегізге дейін шақыртуларға барамыз. Ауруларына дауа іздеген жандармен етене, емен-жарқын әңгімелесіп, бірінші кезекте денсаулықтың баға жетпес байлық екендігін түсіндіріп, қажетті ем-домын жасаймыз. Уақыттың жетіспеушілігінен, ем қабылдаушылардың көптігінен келеңсіз жағдайлар ұшырасып жатады. Мұның барлығы өңірімізде дәрігер мамандардың жетіспеушілігінен деп ойлаймын.

Алайда, үстіміздегі жылы түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы облысымызға елуге жуық жас дәрігер ат басын тіреп, қызметтеріне кірісті. Олардың қатарында мемлекеттік “Болашақ” бағдарламасы арқылы шетелдерде білім алып келген өңір өрендері де бар. Осы саланы таңдаған барлығымызға мемлекеттің қолдауы да ерекше. Жарты миллион теңгедей көтерме жәрдемақы төлейді. Баспана мәселесі де шешімін тапқан. Осынша қамқорлыққа бөленген біздің ендігі міндетіміз – өңір тұрғындарының денсаулығын жақсартуға қарым-қабілетімізбен үлес қосу.

Гүлмира КЕНБАЙ,

Петропавл қалалық №2 емханасының

терапевт-дәрігері.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp