«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘРТІПСІЗДІККЕ МҮЛДЕМ ТӨЗБЕУШІЛІК МАҚСАТЫНДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еліміздің әрбір тұрғыны тәртібі күшті қоғамда тыныш өмір сүргісі келетіні анық. Бұл бағытта құқық қорғау органдары тарапынан атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Түрлі тәртіпсіздік пен құқық бұзушылықтың алдын алу үшін облыстық ішкі істер департаменті кешенді шараларды жүзеге асыруда. Бұл жайында ведомство басшысының орынбасары Қайрат Оразалинмен әңгімелескен едік.

– Әрине, тұрғындар қауіпсіздігін көздегендіктен, бүгінгі күні ірілі-ұсақ қылмысты және бұзақылықты азайту мақсатында “нөлдік төзімділікті” қалыптастыруға бағытталған шаралар қолға алынды. Азаматтық қоғам институттарымен әріптестік байланысты нығайттық. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тиімді жүргізудің маңызы зор, сондықтан әлеуметтік бейнероликтер, кітапшалар мен билбордтар жасалды. Жалпы Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі кодекстің 11-бабы бойынша “нөлдік төзімділік” қағидатын жүзеге асыру көзделген. Атап айтар болсақ, ұсақ бұзақылық, қоғамдық орындарда алкогольді өнімдерді пайдалану, рұқсат етілмеген жерлерде темекі тарту, тыныштықты бұзу, кешқұрым уақытта кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарда жүруі, белгіленбеген жерлерде сауда жасау және жол жүру қауіпсіздігі бойынша бірнеше баптар енгізілген. Жоғарыда аталған тәртіп бұзушылықтар күнделікті өмірде жиі орын алады әрі айналамыздың тыныштығын бұзады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде бүгінгі күні облыс бойынша 90 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Соның тоғыз мыңға жуығы – қоғамдық орындарда арақ ішуге қатысты, үш мыңға тарта хаттама рұқсат етілмеген жерде темекі шегу фактісі бойынша толтырылды. Түнгі мезгілде ойын-сауық орындарында көңіл көтеріп жүрген 1500 жасөспірім ұсталды. Кінәлі адамдардан 500 миллиондай теңге айыппұл өндіріліп алынды. Былтырғы айыппұл мөлшері аталған сомадан бір миллионға азтұғын.  

Ел деңгейінде “Борышкер”, “Қауіпсіз жол”, “Жасөспірім”, “Абайлаңыз, балалар!”, “Жолда қабылдау”, тағы да басқа жедел-алдын алу шаралары жиі өткізіліп тұрады. Сондай-ақ, көшеде орын алатын қылмыстың ізін суытпай ашу үшін қызметтік иттерді пайдаланамыз. Бұған қоса, қоғамдық тәртіпті сақтауға жекеменшік күзет мекемелері де жұмылдырылады. Жалпы облыс бойынша олардың саны – 68, соның ішінде 26-сы – филиалдар мен өкілдіктер. Олардың көмегімен 26 қылмыстың беті ашылып, 300-ге жуық тәртіп бұзған адамдар полиция бөлімшелеріне жеткізілді.

Осындай кешенді шаралардың нәтижесінде қоғамдық орындарда жасалатын қылмыс саны – 7 пайызға, көшелерде 17,7 пайызға кеміді.

– Қарапайым тұрғындар мен жастарды жұмылдырып, заңға бағынғысы келмейтіндерді тәртіпке шақырудың тиімді жолдарын ойластырған екенсіздер, сол жайында толығырақ айтып берсеңіз.

– “Қылмысқа мүлдем төзбеушілік” қағидатын жүзеге асырудың тиімділігін арттыру үшін жұртшылықпен әріптестікті нығайту бағытында бірқатар жұмыс атқарылуда. Бүгінгі күні 700-ге жуық мүшесі бар 160-тай қоғамдық құрама көмекшілерімізге айналды. Олар 44 қылмысты ашуға қолғабыс тигізсе, әкімшілік құқық бұзған 500-ге жуық кінәлі тұлғаның ұсталуына көмектесті. Қоғамдық тәртіпті нығайту жолында көзге түскен бірқатар азаматтарды марапаттау үшін атқарушы билік органдарының 6 миллион 700 мың теңге қаражат бөлгенін де айта кету жөн.

Сондай-ақ, қоғамдық ұйымдар тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысы ойдағыдай жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін жастар мен мектеп оқушылары 26 мәрте рейдтік шараға қатысып, қала тұрғындарына “нөлдік төзімділік” ақпараттық буклеттерін таратты. Жыл басынан бері 36 рет түрлі тақырыпты қамтыған “дөңгелек үстел”, брифинг, конференциялар өтті. Қоғамдық тәртіптің және жолда жүру қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында полицейлердің қатысуымен 74 оқыту семинарын ұйымдастырдық. Қоғамдық көліктерде және қала көшелеріндегі “LED” экрандары арқылы әлеуметтік бейнероликтер көрсетілуде.

– Соңғы жылдары ішкі істер департаментінің қызметіне заманауи технологиялар енгізілуде. Бұл қоғамдық тәртіпті нығайтуға қаншалықты ықпал етіп отыр?

– Әрине, көмегі өте зор. Бүгінгі күні облыс аумағында 153 бейнебақылау камерасы қойылған, соның 74-і Петропавл қаласына орнатылды. Аталмыш жүйе көмегімен жыл басынан бері 81 қылмыс әшкереленді. Жеті мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықтың беті ашылды. Көшелердегі бейнебақылау камералары арқылы қаншама бұзақыларды дер кезінде тауып, жазаға тарттық. “Қауіпсіз аула”, “Көрші бақылауы” бағдарламалары шеңберінде облыс орталығындағы көпқабатты үйлердегі 27 подъезге, 7 аулаішілік аумаққа бақылау камералары орнатылды. Адам аяғы сиремейтін “Алтын Адал”, “Алатау”, “Жібек жолы” базарларындағы полиция пункттерінде де бейнебақылау тұр.

– Ал жол ережелеріне бағынғысы келмейтіндермен қалай күресіп жүрсіздер?

– Әрине, әрбір жүргізуші мен жолаушының қауіпсіздігіне алаңдаймыз, өйткені “темір тұлпарды” тізгіндегендердің арасында да жауапсыздар жоқ емес. Жол жүру ережесін сақтамайтындардың кесірінен жыл сайын қаншама адам мерт болып жатады. Осындай бақытсыздықтың алдын алу үшін облыс автожолдарына 13 фото-бейнежүйе орнатылды. Жол тәртібін бұзғандар мен жылдамдықты асырғандар суретке түсіп қалады. Жыл басынан бері тәртіп бұзған 12 мыңға жуық көлік руліндегілерді камера арқылы анықтап, оларға 200 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды, соның 105 миллионға жуығы бюджетке өндіріліп алынды.

– Қайрат Серікұлы, облыс орталығында процессингтік орталық та жұмыс істейді ғой.

– Иә, бұл орталықта жол қозғалысы ережелерін бұзушылар жөнінде мәліметтер автоматтық режімде өңделіп, базаға енгізіледі де, жүргізушіге хабарлама жіберіледі. Биыл жол қауіпсіздігін сақтау саласында барлығы 65 мың құқық бұзушылық анықталып, 2 мыңнан астам мас жүргізуші ұсталды. Соның 1300-і сот шешімімен жүргізуші куәлігінен айрылып, 400-і әкімшілік қамауға алынды.

Ақпараттық техниканың көмегімен жол апаты көрсеткіші 15 пайызға азайған, өткен жылдарға қарағанда қара жолда мерт болғандардың саны – 11 пайызға, ал жарақат алғандар 15,4 пайызға кеміген. Тұрғындардың құқықтық сауаттылығын және “Тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік” қағидатын қалыптастыру мақсатындағы әрі қылмыспен қоғам болып күресуге бағытталған жұмысты нәтижесіз деп айта алмаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp