Облыстық қазынашылық департаменті мемлекеттік бюджеттің атқарылуында салааралық үйлестіру жөнінде қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, мемлекеттік бюджет қаржысына алдын ала және ағымдағы бақылау жүргізеді. Қазынашылық Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады, Кеден одағының жұмысына белсене қатысады. Қазынашылық бюджеттегі барлық жұмысты жүргізеді. Республикалық бюджетті қаржыландырудың жиынтық жоспарын қалыптастырудан бастап, бюджет қаржысын алушылар үшін мемлекеттік мекемелердің төлемдерін өткізуге дейін жүзеге асырады. Қазынашылық жүйесіндегі жұмыстың арқасында апта, ай, тоқсан сайын және жылдық есеп үлгілері жасалады. Қоғамдық сектор үшін халықаралық қаржылық есеп беру стандарттарына көшуде аталмыш мемлекеттік мекеме тарапынан ауқымды жұмыс атқарылды. Стандартқа көшу бухгалтерлік есеп құрылымы мен қаржылық есептілікті оңтайландырды. Аталған жүйе нақты экономикалық жағдайды көрсете алады. Бұл әдіс арқылы пайдаланушылар үшін мемлекеттік мекемелердің жұмыс нәтижесін және оның қаржылық жағдайын бағалауға зор мүмкіндік қарастырылған. Мемлекеттік активтерді басқаруды жақсартып, оларды жоғалту тәуекелін төмендетеді. Сонымен қатар, қабылдаған қаржылық шешімдердің ықпалын бағалауға және шұғыл бюджеттік жоспарға көшуге жағдай жасайды. Есепке алу жүйесі және қаржылық есептілік барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың оңтайлы шешім қабылдауына ықпалын тигізеді.
Қазіргі таңда облыстың аумақтық құрылымдық қазынашылық бөлімшелерінде 683 мемлекеттік мекеме мен 35 квазимемлекеттік сектор субъектісіне қызмет көрсетіледі. Қазынашылық жүйесін пайдаланушылар шынайы мерзім тәртібінде қазынашылықтың біріктірілген ақпараттық жүйесінде (ҚБАЖ) операцияларды атқару, мемлекеттік бюджет қаржысын есепке алу және жұмсау рәсімдерін жүргізеді. Осыған байланысты бюджетті атқару рәсімінің маңыздылығын ескере отырып, қазынашылықтың нақты міндеті әрбір қаржылық операцияның уақтылы өтуін қамтамасыз ететінін баса айтып өткен жөн. Қазынашылық мемлекеттік қаржыны шұғыл басқаруда ақпараттық негізі бар, барлық деңгейде бюджетті атқару рәсімдерін қатал бақылауында ұстайтын орган болып табылады. Қазынашылық қызметкерлерінің сауаттылығы мен біліктілігінің арқасында мемлекеттік бақылау жүргізіледі.
Қаржылық құжаттардың өсу динамикасын назарға ала отырып, қазынашылық пен клиенттер (мемлекеттік мекемелер және квазимемлекеттік сектор объектілері қызмет көрсететін) арасындағы ақпараттық жүйені жетілдіру міндеті қойылған. Осы тапсырманы орындау үшін мемлекеттік мекемелерде “Қазынашылық-клиент” электрондық құжат айналымы жүйесі енгізілді. Оның мақсаты – қазіргі заманға сай ақпараттық ортаның көмегімен қызмет көрсету уақытын қысқарту. Осының арқасында қаржылық құжаттарды реттеу сапасы жақсарып, бюджеттік есеп пен есептілік толық жүргізілетін болады. Облыстық қазынашылық департаментінің көмегіне жүгінетін клиенттердің 98 пайызы аталған ақпараттық жүйеге қосылды. Аталған жүйе қазынашылыққа ұсынылатын құжаттарды қабылдау және реттеу міндеттерін автоматтандыруды қамтамасыз етеді және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік жасайды.
“Қазынашылық-клиент” АЖ қазынашылық органдарының ақпараттық ортада бірге жұмыс істеуіне зор ықпал етеді. Мемлекеттік мекеменің қаржылық қызметкері өздігінен электрондық үлгідегі құжаттарды: төлеуге берілген шоттарды, шарттарды тіркеу өтінімін толтыруды жүзеге асырады. Қаржылық құжаттарға электрондық-сандық қолтаңба қойылып, құжатты куәландыратын көшірмесімен қазынашылыққа жіберіледі. Қазынашылық органдарының жауапты атқарушысы ұсынылған құжатты тексеріп, бекітеді. Құжат нормативтік-құқықтық акт талаптарына сәйкес келмесе, себебі көрсетіліп, кейін қайтарылады. Сондай-ақ, жүйе электрондық-сандық қолтаңбаның түпнұсқасын тексеруді қамтамасыз етеді. “Қазынашылық-клиент” ақпараттық жүйесі пайдаланушыларының жұмыс деңгейінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық мемлекеттік мекемелерге “eToken” таратушысын пайдалану ұсынылды. Қашықтықтан қызмет көрсетудің негізінде қызмет көрсетудің жылдамдығы артып, түрлі шығындар мен әкімшілік кедергілер, адами факторларға байланысты туындайтын қателіктердің саны азайды.
2012 жылы квазимемлекеттік сектордың субъектілері қазынашылықтың аумақтық бөлімшелеріне берілген болатын. Нәтижесінде квазимемлекеттік сектор субъектілеріне берілетін бюджеттік қаражатқа бақылау күшейтілді. Бюджеттік қаражатты екінші деңгейлі банктердің депозиттік шоттарына орналастырып, қызметкерлерге бонус төлеу және басқа да қарастырылмаған шығындарды жүргізу жағдайлары жойылды. Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі ережелерін қатаң түрде ұстанып, бюджеттік қаражаттың атаулы қағидаты мен пайдалану мақсатын көрсету міндеттелді. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ағымдағы шоттарына қызмет көрсету кезінде операциялық шығыстар айтарлықтай үнемделді. Алдын ала бақылау тетігін жетілдіру бюджеттік қаражатты пайдалану кезінде қаржы тәртібін бұзушылыққа жол бермеуді көздейді. Қазынашылық мекемелер бюджеттік қаражаттарды игеру кезінде мемлекеттік мекемелердің жоспарларын, олардың азаматтық-құқықтық келісімдерін тіркеп, төлемдерді өткізу кезінде Қазақстан Республикасының бюджеттік және басқа да заңнамаларының талаптары мен ережелерін бұзу фактілері анықталған жағдайда оларды жою үшін іс-шаралар кешенін қамтамасыз ету мүмкіндігіне ие.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “100 нақты қадамы” Ұлт жоспары ведомствоны дамытуға үлкен серпін беріп отыр. Ондағы 98 қадам жергілікті өзін-өзі басқарудың (ЖӨБ) дербес бюджетін енгізуді қамтамасыз етеді. ЖӨБ дербес бюджетін құруда 2016 жылы заңды тұлғалардан қосымша жер және көлік салығын алу жоспарлануда. Өйткені, жергілікті өзін-өзі басқарудың әлеуетін көтеру (шалғайдағы елді мекендердің қашықтықтан қызмет алу қолжетімдігін қамтамасыз ету) мақсатында әкімшілік-аумақтық бірліктердің даму қарқының арттыру көзделуде. (2016-2017 жылдары) салықтың әлеуетін күшейтіп, әдіснамалық негіз құрып, кадрлар оқытуда қазынашылық және салық органдарын қайта құру көзделуде.
Қазынашылық бұл мемлекеттік қаржы қатынастары құрылымының біртұтас, өзара байланысқан, динамикалық және ауқымды біріктірілген жүйесі болып табылады. Қазіргі уақытта қазынашылық мекемелерінің алдында қазынашылықтың біріктірілген ақпараттық жүйесі мен бюджетті атқарудағы нормативтік-құқықтық актілерді одан әрі жетілдіріп, “Электронды Қаржы министрлігі”, “Электронды Үкімет” құру негізіндегі шараларға қатысу міндеттері тұр.
Бүгіндері Үкіметтің дағдарысқа қарсы шараларын ескере отырып, қазынашылық мекемесі өз жұмысы барысында мекемелерге қызмет көрсетудің сапасы мен жылдамдығын одан әрі жақсартып, өзара қарым-қатынас кезінде адами факторларды азайту және болдырмау, төлем өткізудің уақытын қысқарту мен қаржылық операциялардың тазалығын қамтамасыз етуге барынша үлес қосуда.
Абылай НҰРКЕНОВ,
Солтүстік Қазақстан
облысы бойынша қазынашылық департаменті
басшысының орынбасары.