Қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығына орай облыстық ішкі істер департаменті байырғы полицейлерге құрмет көрсету мақсатында қайырымдылық сенбілігін өткізіп, бір күндік жалақыларын ардагерлер кеңесінің қорына аударды. Тәртіп сақшыларынан 7 миллион теңге қаражат жиналды. Сонымен қатар, ішкі істер органдарының 250 ардагері үшін дастарқан жайылса, 450-іне материалдық көмек берілді.
Қарттар күніне арналған салтанатты шарада жас қызметкерлердің тәрбиесіне үлес қосқан бірқатар ардагерлерді департамент бастығы Берік Біләлов Алғыс хатпен марапаттап: «Сіздердің құқықтық тәртіпті сақтаудағы еңбектеріңіз ұмытылмайды. Бейнеттің зейнетін көрер жасқа жетсеңіздер де, жас тәртіп сақшыларын тәрбиелеуде көмектеріңіз зор», – деді.
Бүгінгі күні облысымызда 1600 полиция ардагері бар. Қарттар күніне орай ұйымдастырылып жатқан қайырымдылық шараларының жоспарына сай 15 ардагерге сауықтыру-емдеу орындарына жолдама беріледі.
Юрий КЛЫКОВ,
облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің инспекторы.