Жастар – жарқын келешектің кепілі, баянды болашақтың бағдары, сондықтан жастарға бүгін жасалған қызмет елдің ертеңіне деген үкілі үміті деуге болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: “Жастар – біздің болашағымыздың тірегі”, – деп айрықша атап айтқан еді. Мемлекет басшысының сөзі біздің алға қойған мақсаттарымызды сеніммен батыл орындауымызға жігер берді.
Өңірдегі өрендерге әлеуметтік қолдау көрсету бойынша жастар саясатын іске асыруға жәрдемдесу өткен жылы қаңтар айында құрылған Уәлиханов аудандық “Жастар бастамалары орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің негізгі міндеті болып табылады. Орталық құрылғаннан бері ауданымызда жастарды қолдау, көмек беру, олардың қоғамның өміріне, әлеуметтік-экономикалық мәселелерге белсене араласу жұмыстары ойдағыдай жүзеге асырылып келеді.
Жергілікті билік органдары да жастар мәселесіне ерекше ынта білдіруде. Мәселен, 2014 жылы аудан әкімі Аман Төрегелдиннің қолдауымен әрбір ауылда жастар ісі жөніндегі нұсқаушылар штаттары енгізілуі біз үшін қуанышты жаңалық болды. Айта кету қажет, жастар үшін мұндай қолдау облыс бойынша біздің ауданда ғана жасалып отыр. Соның нәтижесінде бірқатар жұмыс атқарылып, облыста “Ең белсенді аудандық орталық” аталымына ие болдық. Аз уақыттың ішінде жеткен жетістігіміз мерейімізді үстем етті.
Өткен жылы жастар арасында мәдени, қоғамдық, саяси, танымдық мақсатта ұйымдастырылған 200-ден астам іс-шараға жүздеген жастар қатысты. Оның ішінде “Көмек қолын соз” акциясын, жас ғалымдар мен мамандардың “Жас ғалым” байқауын, “Ұлттық құндылығымыз – басты байлығымыз” және “Жастар – жарқын болашақ жолында” атты кездесулерді атап өтуге болады.
Самат ХАБИБУЛЛОВ,
Уәлиханов аудандық жастар бастамалары орталығының директоры.