Облыстық әкімдіктің қолдауымен өңірлік қонақүйлер және мейрамханалар қауымдастығының бастамасымен “Қонақжай Петропавл – 2015” байқауы жарияланды.
Байқау шарты бойынша туризм, қонақжайлылық және ойын-сауық саласындағы кәсіпкерлердің өтініштері 5 қазаннан бастап бір ай бойы қабылданады. Іс-шараның басты мақсаты – үздік кәсіпкерлік субъектілерін анықтап, олардың қызмет көрсету деңгейін арттыру. Сондай-ақ, тұтынушыларға туризм, қонақжайлылық және ойын-сауық орталықтары туралы жағымды әсер қалдыру.
“Қонақжай Петропавл – 2015” байқауы екі кезең бойынша өткізіледі. Мейрамхана, дәмхана, туристік фирма, түнгі клуб, караоке бар, қонақүй, демалыс базасы, ойын-сауық кешені, кинотеатрлар мен тағы басқа демалыс нысандары арасында өткізілетін байқауда жылдың үздіктері анықталады. Кәсіпкерлер өз салаларына қатысты 19 аталым бойынша сынға түседі. Бірінші кезең қатысушылардың өтініштерін қабылдауға арналса, екінші кезеңде оларға халықтық дауыс беру жүргізіледі. Яғни, ғаламтор желісін пайдаланушы петропавлдықтар үміткерлерге дауыс береді. Жүзден жүйріктерді анықтау мақсатында арнайы сараптамалық комиссия құрылатыны туралы облыстық кәсіпкерлер палатасында БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз конференциясында айтылды. Жиында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Құралай Жарова мен облыстық қонақүйлер және мейрамханалар қауымдастығының төрағасы Сайран Хамзин биыл өңірде алғаш рет өткізілгелі отырған байқаудың маңызы мен мақсатына кеңінен тоқталды. Ал облыстық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Тұрар Ысқақов туризм, қонақжайлылық және ойын-сауық саласындағы кәсіпкерлер үшін ұйымдастырылатын іс-шараны әр кез қолдайтындарын жеткізді.
Бүгінгі таңда “Мерекелік қала” оқиғалар студиясы ұйымдастыру жұмыстарымен тікелей айналысуда. Осы орайда аталмыш ұйымның жетекшісі Алена Третьякова байқау қорытындысы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесі қарсаңында жарияланатынын хабарлады. Қазіргі таңда 20-ға жуық үміткер байқауға өтініш берген.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.