«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰЛШЫҚОВТАРДЫ ҚҰЛШЫНЫС ҚАНАТТАНДЫРАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Мерейлі отбасы – 2015” ұлттық конкурсының аудандық кезеңінің жеңімпазы – Құлшықовтар отбасы – Аққайың ауданына қарасты Астраханка ауылында тұратын ерлі-зайыпты Серік пен Жанна білікті, заман талабына сай болуға ұмтылған жастар.

Облыстық, аудандық білім беру саласының бірнеше марапат иесі, “Жігіт сұлтаны” облыстық байқауының жеңімпазы – Серік Бейсенұлы әкесінің баулуымен 3 жасынан бастап домбыра үйренуге ден қойған. Бүгінгі таңда ол – домбыра тартуды бір адамдай меңгеріп алған өнерлі жігіттердің бірі.

Ал Астраханка орта мектебі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, ағылшын тілінің мұғалімі Жанна Мәулиқызы – облыстық “Тіл шебері” және халықаралық “Семейный котел” байқауларының жүлдегері. Ерлі-зайыпты қызғалдақтай құлпырған Жансая мен Асылжан есімді қос бүрдіршін қыздарын қазақы тәрбиеден сусындатып өсіруде.  

– Бар байлығымыз – балаларымыз. Солардың шат-шадыман күлкісі бізді қуанышқа бөлеп, күш-қуат береді. Өзіміз өнерге бір табан жақын болғандықтан, қыздарымыз да сахнаға шығып, ән айтып, би билегенді ұнатады, – дейді отанасы Жанна Мәулиқызы.

Асыл жар, аяулы ана болуды мақсат еткен Жанна Мәулиқызы – ата-енесін сыйлап, олардың алдын қия баспайтын қазақтың инабатты келіндерінің бірі. Жаңа отбасына келін болып түскен кезде ол ақ дастарқан жайып, құрт қайнатып, дәмді сары бауырсақ пісіру сияқты барлық шаруаның қыр-сырын енесі Мәриям Кәкімқызынан үйренгенін мақтанышпен айтады.

– Қазақ келіндері білуге тиісті барлық нәрсені енемнен үйрендім. Мені қызындай көріп, жүрегіме ақылмен жол таба білгені үшін ризамын, – дейді Жанна Мәулиқызы.

Осының барлығы – үлкенге құрмет, жақсыны үйренуге деген талпыныстан туған қадамның оң нәтижесі. Үй шаруасына, қызметіне, бала тәрбиесіне тыңғылықты қарап, қандай жұмысты болсын үлкен жауапкершілікпен атқаратын отанасы ендігі енесінен үйренгенін қыздарына үлгі етіп көрсетуді өзінің аналық борышы санайды.

– Баланы жан-жақты етіп тәрбиелеу керек. Қыз баланың оқумен, өнермен шектеліп қалмай, үй шаруасына икемді болғаны жақсы. Мен өзім сол жағына көп көңіл бөлемін, – дейді қос құлыншақтың анасы Жанна Мәулиқызы.

Серік пен Жаннаның алаңсыз еңбек етіп жүргендері бір жағынан ата-енесінің арқасы деп айтуға әбден болады. Қазыналы қариялар бала тәрбиесін қолдан шығармай, қадағалап, немере-жиендеріне бағыт-бағдар беріп отырады. Кішкентай бүлдіршіндер де өз алдына ата-әжесінің үмітін ақтау үшін тырысып бағуда.

Ауданның атынан отбасылық байқауға қатысып, биік белестен көрінген жас отбасы бақыт кілті татулық, ауызбірлік, өзара сыйластықта екенін тілге тиек етеді. Осындай өнегелі, өнерлі жас отбасылар саны көбейе берсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Әсем БЕЛГІБЕКОВА.

 Аққайың ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp