Тіл – қастерлі де қасиетті ұғым. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге беріліп, қалыптасады. Ана тілін сүйген адам – туған жерін, елін, Отанын, атамекенін сүйеді деген сөз. Ал бұлардың бәрі – адам баласы үшін ең қасиетті ұғымдар.
Өмірдің сан қырын, абзал сырын түсіне білуіңе басты себепкер де – тіл. Әлемдегі әрбір ұлт өз тілін қадірлейді, сыйлайды және келешек ұрпаққа аманат ретінде жеткізіп отырады. Тіл – ғасырлар бойы әр ұлттың аманат ретінде жеткізілу арқылы жинақтаған бағасы жоқ мәдени байлығы. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануының қандайына болса да қарсы тұруы тиіс.
Менің ана тілім – қазақ тілі. Оны қастерлеуді қасиетті борыш санауды бала күнімнен анам да, әкем де санама сіңірді. Өйткені, халықтың даналығы мен жалынды жырлары, алтын шежіресі сол халықтың ана тілінде жазылып, сол тілде ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып отыратындықтан, елінің болашағына жан-жүрегімен алаңдаған әрбір азамат оны құрметтеуге міндетті. Оны халқымыздың ардақты жазушысы Жүсіпбек Аймауытов: “Ана тілі – халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі” – деп айтып, келер ұрпаққа өнеге қалдырған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықтың болашағы туралы тереңнен толғай отырып: “Мемлекеттің ең басты дүниесі – тек қана байлық емес, сонымен қатар ана тіліміздің болашағы”, – деген болатын. Мемлекеттік тіл – сол елдің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылуға міндетті болғандықтан, ісқағаздар мен құжаттар мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс. Өйткені, өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де саналы ұрпақпен кеңеймек. Әлемдегі мүйізі қарағайдай елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты да – сауатты, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу. Сауатты ұрпақ дегеніміз – өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгергендер. Ал ана тілін жақсы білмейінше, сауатты сөйлеп, шын мәніндегі мәдениетті, ұлтжанды адам бола алмайтынымыз хақ. Қазақстанда тұратын жүзден астам этнос өкілдері қазақ халқының әдебиетін, әдет-ғұрпын, мәдениетін, тілін меңгеруде. Бұл “елім, жерім” деп соққан менің бала жүрегімді қуантады.
Қанат ҚАЖҒАЛИЕВ,
№ 42 орта мектептің оқушысы.
Петропавл қаласы.