Мамандықтың бәрі жақсы, бірақ еңбек жолын қауіп пен қатерге толы қызмет түріне арнайтындар көп емес. Әсіресе, өрттен құтқару мамандығына таңдау жиі түсе бермейді. Тұрғындар бақытсыздық орын алғанда алдымен өртсөндірушілерге хабарласып, көмек сұрайды. Әрине, жайбасарлық, бейғамдық біздің қызметкерлерге тән емес. Көмек беруге жанұшыра жетеміз. Тіпті, біз өз кәсіби мерекемізде де қызмет орнынан табыламыз. Отбасылық мейрамдар мен қуанышты күндерді де жақындарымызбен бірге тойлай алмайтын сәттеріміз көп. Бұл – өз қызметімізге адалдығымыздың айғағы.
Әрдайым көмек беруге дайын тұратын, оқиға орнына жеткенде бір минутты да қалт жібермейтін осы мамандықты тек жүрегінің түгі, білегінің күші бар жігіттер ғана таңдайды десем, артық айтқандық емес. Бүгінгі күні “Өрт сөндіруші” акционерлік қоғамының облыстық филиалының бөлімшесінде мыңдаған ержүрек азаматтар еңбек етуде. Әрі бұл қызметке іріктеу қатаң түрде жүргізіледі. Денсаулығы мықты, Отан алдындағы азаматтық борышын адал атқарған жігіттер ғана біздің қатарымыздан табылады.
Біздің бөлімше облыс аумағындағы бірнеше нысандарға, оның ішінде әлеуметтік маңызға ие кәсіпорындарға да өртке қарсы құтқару қызметін ұсынып отыр. Бөлімше иелігінде 2 өрт техникасы бар, күнделікті кезекшілікті алты қызметкер атқарады. Сонымен қатар, шығыны мен зардабы орасан өрттің қауіпсіздік ережелерінің сақталуын бақылау да біздің құзырымызда. Сондықтан тілсіз жаудың алдын алу мақсатында жұмысшылармен жиі әңгімелесеміз. “Өрт – тілсіз жау” деген сөз бар. Әрине, отты ауыздықтау үшін біз күш-жігерімізді аямаймыз. Бірақ оның орасан шығыны мен зардабының орны тола ма?! Мұны еліміздің әрбір азаматы жете түсінсе деп ойлаймыз.
Биылғы жылы осы мақсатпен 1200-ден астам адамға 137 мәрте дәріс оқылды. 500-ге жақын адамды қамтыған 55 техникалық өрт минимумы өтті. Өрт құрылымдары нысандарының еріктілерімен бірге 12 рет оқу-жаттығу өткізілді.
Сағынбай УӘЛИЕВ,
“Өрт сөндіруші” АҚ облыстық филиалының директоры.