Уәлиханов ауданы облыстың шет аудандарының бірі саналады. Ал Қулыкөл, Қайрат, Жасқайрат елді мекендері ауданнан шалғайда жатыр. Орталарындағы “15 жылдық” деп аталатын ауылда 4 үй ғана қалған. Шалғайдағы ауылдар Павлодар облысымен шекаралас. Аралары 10-18 шақырым. Кеңес өкіметі кезінде әр ауылға күніне бір рет автобус, Көкшетаудан “АН-2” ұшағы қатынайтын. Кезінде ол жақтан тура Алматыға ұшып баруға болушы еді. Сондықтан жолдың алыстығы білінбейтін. Ал бүгінгі күні ол жаққа жету – азаптың азабы. “Жол азабын жортқан біледі” демекші, жуырда Жасқайрат ауылына бір шаруамен барғанымызда біраз бейнет көрдік. Қолыма қалам алуыма себеп болған да осы мәселе.
Петропавлдан Омбы қаласына жүретін автобус Кішкенекөлде түн ортасында болатындықтан, біз Көкшетау арқылы діттеген жерімізге жетуді алдымызға мақсат еттік. Мінген автобусымыз Кішкенекөлден түсірді. Ауданның түнгі көрінісі жақсы әсер қалдырды. Шамдары жарқырап, күндізгідей көрініс береді. Ал көшелерінде шашылып-төгілген қоқыс жоқ, тап-таза.
Келісілген уақыт бойынша бізді күтіп алған жеңіл көлікпен Жасқайратқа жолға шықтық. Тасжол тез жүргізбейтін болуы керек, біз егінді алқаптардың арасымен жүрдік. Әйтеуір, күн ашық болған соң ауылға еш бөгетсіз жеттік. Аудан мен ауылдың арақашықтығы 125 шақырым екен. Бір қызығы Елтай ауылынан өткеннен кейін ұялы телефонымызға “Ресейге қош келдіңіздер!” деген хабарлама түсті.
Жексенбіден дүйсенбіге қараған түні кері қайтуға тура келді. Түнгі сағат 3-те Көкшетауға жүретін автобусқа үлгеруіміз керек. Сөйтіп, түнгі ондар шамасында Жасқайратты артқа тастап, аудан орталығын бетке алдық. Бірақ Елтайдан асқанымызда жауынға ілігіп, жолда батып қалдық. Қас қылғандай көліктің радиаторы тесіліп, біраз бейнет көрдік. Уақытынан бір сағат бұрын келгендіктен, автобусты тостық. Сонда автобустың жүргізушісі Астана – Кішкенекөл бағытындағы пойыздың келетін уақытын күтіп, аптаның ортасында бір рет Жасқайрат, Қулыкөлге қатынайтынын айтты. Біз ол жаққа айында не жылында бір барамыз. Ал қалада оқитын студенттер сонда үйлеріне қалай жетпек?
Ол жақта да елді мекендер барын біз ұмытпауға тиіспіз. Бармасаң ұят, барайын десең жете алмайсың, жеткен соң өте алмайсың, не кете алмайсың.
Қазіргі уақытта біреуді кінәлап, біреуге сын айту артық шығар. Бірақ жолдың азабын көрген соң үнсіз қала алмадым. Атқарылып жатқан біраз шаруа бар, әлі де істейтін іс көп. Не болса да жақсылыққа сенетін халықпыз ғой, бұл мәселе де күндердің күнінде шешімін табады деген ойдамыз.
Сұратай ӘЙТІМОВ.
Аққайың ауданы.