«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЫНТЫМАҒЫ ЖАРАСҚАН ЕЛДІҢ ЫРЫСЫ ОРТАЙМАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл Рухани келісім күнін 23 мәрте атап өтпекшіміз. Көпұлтты еліміз үшін бұл күннің маңызы зор. Өйткені, біздің еліміз ұлтаралық татулық пен рухани келісімді жоғары бағалайды. Ислам діні татулықты, ауызбіршілікті діттейді. Сондықтан біздің де көздегеніміз – дінаралық, конфессияаралық татулықты нығайтуға өзіндік үлес қосу. Алла Тағала Құран Кәрімде: “Дін турасында сендермен соғыспаған әрі сендерді өз Отандарыңнан қуып шығармаған адамдарға жақсылық жасауларыңа және оларға әділетті болуларыңа Алла Тағала қарсы емес. Өйткені, Алла Тағала әділеттілік жасағандарды жақсы көреді”, – деген. Бұл аятта Алла Тағала өзге дін өкілдерімен бейбіт ғұмыр кешуді, сондай-ақ, мұсылмандардың оларға жақсылық әрі әділдік танытуларына рұқсат берген.

Жалпы “Ислам” сөзі “амандық, есендік, бағыну, берілу” ұғымын білдіреді. Яғни, ислам – амандық пен бейбітшілік діні деген сөз. Әлемді сүйіспеншілікпен жаратқан Ұлы Жаратушының соңғы пайғамбары жер бетіне бейбітшілік орнату үшін жіберілген. Құранда бұл жайында: “Біз сені әлемдерге тек рақым етіп қана жібердік”, – делінген. Қасиетті кітаптағы бейбітшілік мағынасын білдіретін “сәлам” сөзі көптеген аяттарда да айтылады. Өйткені, Құран ынтымақ пен бейбітшілікті насихаттайды.

Адам саналы жаратылыс иесі болғандықтан, еріксіз түрде: “Мен қайдан келдім? Қайда барамын? Бұл дүниеге не үшін келдім? Жаратушы бар ма?” – деген сұрақтар жауап іздейді. Алла Тағала пайғамбарлар арқылы дін және заңдылықтар топтамасынан тұратын қағидалар жіберді. Міне, сол қағидалар мен заңдылықтар тек ауызекі ғана емес, жазбаша түрде қасиетті кітаптармен де расталып отырды. Адамзатқа қанша елші және кітап түскенімен, сан ғасырға созылған тарихында әр алуан наным-сенім пайда болды. Жер бетіндегі діндердің ешбірі бөлінушілікке жол бермегенімен, адамдардың ойлау мен түсінік деңгейіне ешқашан да тосқауыл бола алмайды. Себебі, жоғарыда айтылған сұрақтарды әрбір діни сенімдегілер өзінше түсініп, түсіндіруге тырысады және мұның ақыры түрлі секталардың пайда болуына әкеп соқтырды.

Ислам әрбір дін өкіліне құрметпен қарайды. Ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап бөлмейді. Адамға адами тұрғыдан баға беріп, Алла алдында бәрі тең, тек тақуалық пен діндарлықта ғана дәрежелері жоғары болады деген сенімді ұстанады. Себебі, Алла Тағала Құранда: “Ей, адамзат! сендерді біз әуелде бір еркек, бір әйелден, бір ата, бір анадан өрбіттік. Өзара қарым-қатынас жасауларың үшін көптеген ұлт, ұлыс етіп көбейттік. Сендердің бір-біріңнен артықтығың несібелеріңмен емес, діндар-тақуалықтарыңмен есептеледі”, – деп бұйырса, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: “Ей, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір арабтың араб еместен, араб еместің арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз Алланың алдында ең мәртебелілерің – діндар болғандарың”.

Нағыз мұсылман өзгелерге тіл тигізбейді, теріс қылықтары арқылы күнәға батпайды. Олай болса, мұсылманның міндеті – өзгелерді діннен үркіту емес, өз дінін кемшіліксіз түрде жеткізе білу. Сонымен қатар, исламда зорлық жоқ. “Бақара” сүресінің 256-аятында: “Дінде зорлық жоқ”, – делінген, сондықтан әрбір мұсылман пенде өз дінін насихаттап, қоғамда бейбітшілік орнатуға талпынуы керек.

Біздің елімізде әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі жиі өтіп тұрады. Дәстүрлі мұсылман дінінің өкілі ретінде мұндай маңызды жиындарға өзім де бірнеше мәрте қатысу бақытына ие болдым. Бүгінгі күні бүкіл әлем алдында дінаралық келісім мен бірлікке қолы жеткен ел ретінде танымалмыз. Ал ислам діні қоғамдағы өзге дін өкілдерімен сыпайы түрде қарым-қатынас жасауымызды бұйырады. Құранда бұл жайында былай дейді: “Кітап иелерімен ең көркем түрде, сыпайылық пен әдептілік сақтап пікір таласыңдар” (“Анкабут” сүресі, 46-аят). Ынтымағы мен бірлігі жарасқан ел ғана бақытқа жетеді, жақсылықта өмір сүреді. Барлық діндер өзінің жақынын сүю, қиналғанға көмектесу, кедей-кепшікті аяу, мәңгілік парыздарға мойынсұну деген бүкіл адамзат үшін түсінікті және қарапайым ортақ ұстанымға негізделген.

Рухани келісім күні ұлтымыз бен діни сенімімізге қарамастан, баршамыз үшін бірлік пен қайырымдылықтың, жақсылық пен ынтымақтың мерекесі, лайым солай болғай!

Қасымхан ИСАЕВ,

облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің

наиб имамы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp