Бейсенбі күні Елбасы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті. Қазақстан Президенті кездесу барысында Владимир Путиннің елімізге сапары үшін ризашылық білдірді.
– Сіздің Қазақстанға бұдан бұрынғы мемлекеттік сапарыңыз төрт жыл бұрын болды. Осы уақыт аралығында біз үнемі көзқарасымызды салғастырып, екіжақты қарым-қатынастың өзекті мәселелерін түрлі орындарда шешіп отырдық. Сіздің бұл жолғы сапарыңыз да осынау күрделі кезеңдегі ынтымақтастығымызды нығайтуға және тереңдете түсуге септігін тигізетініне сенімдімін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы Қазақстан мен Ресейдің екіжақты қарым-қатынасын дамыту келешегі туралы да айтты.
– Біз Сочиде өзара қарым-қатынастарымызға қатысты негізгі мәселелерді талқылауға мүмкіндік алдық, енді бүгін соларға қатысты тиісті құжаттар дайындалып отыр. Біздің қарым-қатынастарымыз «ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы» іргелі келісім негізінде дамып жатқанын да айтқым келеді. Одақтастық Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартпен, ал экономикалық тұрғыдан ЕАЭО-ның жарғылық құжаттарымен бекітілген. Қазақстан әрдайым Ресей Федерациясының жақын әрі сенімді көршісі, одақтасы болған, алдағы уақытта да солай болып қала береді. Бұл Қазақстан халқының түпкі мүдделерімен тоғысып жатыр, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Владимир Путин өз сөзінде жоғары деңгейдегі кездесулер мен келіссөздер жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын атап өтті.
– Менің Ресей мен Қазақстан қарым-қатынасына сипаттама беруімнің керегі жоқ. Бұл – жай өзара сенімді серіктес қана емес, толық мағынасындағы одақтастық қарым-қатынас. Қазақстан – біздің ірі сауда-экономикалық серіктесіміздің бірі. Бүгінде 6 мыңға жуық Ресей компаниялары Қазақстанда жұмыс істеп жатыр, долларлық эквивалентпен есептегенде мол көлемдегі инвестиция жинақталды. Сіздің төл бастамаңыз – Еуразиялық экономикалық одақ белсене дамып, экономикаларымыздың тиімді дамуына жағдай туғызуда. Біз көптеген серіктестеріміз ЕАЭО-мен түрлі форматта ынтымақтасу ниетінде екенін көріп отырмыз, – деді Ресей Президенті.
Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өтті.
Қазақстан Президенті Ресей біздің еліміздің стратегиялық серіктесі әрі одақтасы екенін атап өтті.
– Біз Еуразиялық экономикалық одақта өзара ықпалдасып отырмыз. Елдеріміз екіжақты байланыстар аясында экономика, ғылым және гуманитарлық салалардағы жобаларды табысты жүзеге асыруда. Соған орай біз екі мемлекеттің ынтымақтастығына қосымша серпін беретін осы жолғы кездесуге айрықша мән береміз, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев өзара тауар айналымы көлемінің қазіргі құлдырауы әлемдік экономика дамуының кезеңділігіне және негізгі экспорттық тауарлар бағасының төмендеуіне байланысты уақытша құбылыс екеніне назар аударды.
Владимир Путин екіжақты қарым-қатынастардың барлық бағыттарда, соның ішінде саясат, экономика және қауіпсіздік салаларында тиімді дамып жатқанын айтты.
– Біз статистикалық көрсеткіштердің аздап төмендегенін байқап отырмыз, бірақ нақты көлем тұрғысынан іс жүзінде өзгеріс жоқ. Біз 2013 жылы қабылданған, 2015 жылы мерзімі аяқталатын екіжақты жоспар негізінде жұмыс істеп жатырмыз. Қазір біздің әріптестеріміз 2016-2018 жылдарға арналған бірлескен жұмыс жоспарын әзірлеуде. Оны жыл аяғына дейін бекітеміз деп үміттенемін, – деді Ресей Президенті.
Қазақстан мен Ресей Президенттерінің келіссөздер қорытындысына арналған бірлескен брифинг барысында Мемлекет басшысы Ресей Президенті сапары мәртебесінің биіктігі екі ел қарым-қатынасының ерекше сипатын айғақтайтынын атап өтті.
– Қазақстан мен Ресейдің арасында өзара іс-қимылдың, достық пен ынтымақтастықтың ілгеріден келе жатқан және нағыз табысты тәжірибесі қалыптасқан. Біздің әрбір кездесуіміз бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөніндегі нақты уағдаластықтарға, ынтымақтастықтың өзара тиімді шартқа негізделген жаңа бағыттарын айқындау мәселелеріне арналады, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті қазіргі күрделі ахуалды ескере отырып, келіссөздерде экономикада үйлесімді іс-қимылдар жүргізу мәселесі басты тақырып болғанына назар аударды.
Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздер кезінде әлемдік экономикадағы түйткілдердің салдарын жеңілдету үшін бірқатар нақты шаралар белгіленгенін айтты.
– Бұл – Ресейдің газы мен мұнайын Қазақстан арқылы Қытайға транзиттеу, Каспийдегі «Центральное» және «Хвалынское» кеніштерін бірлесіп игеру, көмір өнеркәсібі саласында ынтымақтасу, транзит үшін Каспий теңізінің бойымен Парсы шығанағына шығатын жаңа жолды пайдалану жайын пысықтау мәселесі. Біз «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасының аяқталуы, сондай-ақ, инфрақұрылымдық саладағы ынтымақтастық туралы арнайы сөйлестік. Осы бағыттардағы серіктестікті дамыту үшін зор әлеуетіміз бар, – деді Қазақстан Президенті.
Іс-шара барысында, сондай-ақ, күн тәртібіндегі өзекті халықаралық мәселелерге қатысты Қазақстан мен Ресейдің ұстанымдары айтылды.
– Біз Минск уағдаластықтарының жүзеге асырылу барысын, жаһандық және өңірлік ұйымдар аясындағы ықпалдастық аясын, әсіресе, Орталық Азия өңіріндегі тұрақтылық пен қауіпсіздік мақсатында кеңейту мәселелерін талқыладық. Бұл ретте Ауғанстандағы, Сирия мен Ирактағы ахуалдың мәні зор. Біз Владимир Владимировичпен осы өңірде қалыптасқан жағдайды талқыладық. Бүгінде шииттер мен сүнниттер арасындағы текетіресті өз мақсатына пайдалану белсенді жүруде. Алайда, бұл әңгімелер шындыққа еш жанаспайды. Сирияда болып жатқан жайт – біздің бәріміз үшін, әсіресе, Орталық Азия өңірі үшін ортақ қатер. Осыған байланысты біз «Ислам – терроризмге қарсы» форумын өткізу идеясын ұсынып отырмыз, – деді Қазақстан Президенті.
Ресей Президенті өз сөзінде бүгін сындарлы әрі мазмұнды келіссөздер өткенін атап көрсетті.
– Дәстүр бойынша бұл кездесулер ашық әрі достастық ыңғайында өтті. Біз сауда, инвестиция, энергетика, көлік, ғарыш, атом энергиясын бейбіт мақсатқа пайдалану сияқты салаларға айрықша көңіл бөліп, екіжақты қарым-қатынастардың барлық мәселелері бойынша пікір алмастық, – деді Владимир Путин.
Ресей Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында төмендегідей екіжақты құжаттарға қол қойылды:
– жер қойнауын пайдалануға қатысты егемендік құқықтарды жүзеге асыру мақсатында Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің түбін межелеу туралы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы 1998 жылғы 6 шілдедегі келісім хаттамасына өзгерістер енгізу туралы хаттама;
– Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
– Қазақстан Республикасының аумағындағы жер учаскесін пайдалана отырып, Домбаровский позициялық ауданынан зымырандар ұшыру кезіндегі өзара іс-қимыл тәртібі туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы келісім.
“Akorda”.