Бүгінде өңірде күзгі жиын-терін науқаны аяқталып, 3210 мың гектар егін алқабынан 5 миллион 425 мың тонна астық қамбаға құйылды.
Орақ науқанының аяқталғаны туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров Петропавл қаласындағы макарон өнімдерін шығаратын “Сұлтан ЭММК” акционерлік қоғамында болғанда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне хабарлады.
– Бүгінде біз орақ науқанын сәтті аяқтадық. 3210 мың гектар егінді алқаптан 5 миллион 425 мың тонна астық жинадық. Орташа гектар берекелігі 16,9 центнерден айналды. Күзгі орақ науқанын ойдағыдай өткізу үшін Үкімет тарапынан субсидия беріліп, арзандатылған дизель отыны бөлінді. Мемлекеттің осындай қолдауының арқасында жақсы өнім алдық. Айыртау, Жамбыл, Қызылжар, Есіл аудандарында астықтың орташа шығымдылығы гектар басы 20 центнерден айналды. 40 пайыздан астам 3-сыныпты астық жиналды. Қалғаны 4-5-сыныптарға жатады. Биылғы жылы жоспарға сәйкес жұмыс уақытында атқарылды. Келесі жылға 100 пайыз тұқыммен қамтамасыз етілдік, – дей келе Айдарбек Сейпілұлы қазіргі таңда бидайдың нарықтағы бағасы 38-42 мың теңге аралығында екенін атап өтті. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы бидайды 42 мың теңгеден сатып алуда. Бүгінде алған несиенің 30 пайызы қайтарылған. Облыс әкімі бірінші орынбасарының айтуынша, Үкімет тарапынан біздің облысқа 17 жарым миллиард теңге субсидия берілген. Өсімдік шаруашылығына – 10 миллиард теңге, ал мал шаруашылығын дамытуға 7 миллиард бөлінген. Ал жалпы алғанда күзгі жиын-терінге 4 мыңнан астам ауыл-шаруашылық құрылымы қатысқан. 54 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны жаңа орақтың астығын қабылдаған.
Айдарбек Сапаров 5 миллион 425 мың тонна астықтың екі-екі жарым мың тоннасы экспортқа шығарылатынын жеткізді.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.