«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮРЕКТІҢ ТҮКПІРІНДЕ ЖАТҚАН СЕЗІМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жуырда “Мәңгілік Ел – болашағы біртұтас ел” тақырыбымен өткізілген республикалық патриоттар форумына қатысып келдім. Ұлан-байтақ елімiздiң барлық өңiрiнен Қазақстанның патриоттары бас қосқан жиында өз ісінің үздік мамандары: дәрігерлер, әскерилер, өнеркәсіп жұмысшылары, ғалымдар, жас көшбасшылар, ауыл шаруашылығы еңбеккерлері, қоғам қайраткерлері, спортшылар, талантты актерлер, мәдениет майталмандары тоғысты. Әсіресе, өнеріміздің беделін асқақтатып, әлемге танытқан атақты тұлғалар: КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсаходжаева сынды мақтаныштарымызбен, өзге де драматург, режиссерлермен жүздескеніме қуаныштымын. Олар өздерінің істерімен, жетістіктерімен, абыройларымен қазақстандық қоғам қалайтын жарқын болашақты жақындата түсері сөзсіз.

Иә, патриотизм – әр адамның еңбегі арқылы дәлелденетін құндылық. Егемен ел болғанымызға көп уақыт өткен жоқ. Осы аз ғана уақыттың ішінде әлем мойындаған керегесі кең, іргелі елге айналдық. Осындай елімізде аянбай тер төгіп, еңбек ететін талай-талай асыл азаматтар өсіп шықты. Форумда солардың бірқатары жүрекжарды лебіздерін білдірді. Бұл олардың еліне деген махаббатын, Отанға деген сүйіспеншілігін көрсетеді. Құдайға шүкір, елін шексіз сүйетін, патриоттық сезімін жүрегінде сақтаған қаншама асыл азаматтар бар. Бұлардың патриот болуының сыры Қазақстанның болашағына сеніммен қарауларында ғой.

Әлі есімде, 90-шы жылдардың аяғында Голландияда аккомпаниа-торпианистің сүйемелдеуімен шырқаған әнімді жергілікті халық таңданыспен: “Russian duet”, яғни “орыс дуэті” деп сол кездегі еуропалықтар үшін әлі таныс емес Қазақстаннан шыққан маған осындай мақтау сөз ұнайды деген оймен айтып жатты. Әрине, тыңдармандардың менің өнеріме берген бағасы қуантқанымен, ұлттық тұрғыдан мойындалуым одан да маңызды еді. Ал қазір халықаралық деңгейдегі шараларда Мемлекеттік туымыз көтерілгенде біздің отандастарымызға жан-жақты құрмет көрсетіледі. Бұл – баға жетпес бақыт.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бізді қызметімізді адал атқара жүріп, Мәңгілік Елді құруға шақырды. Мәселен, біздің оқу орнымыз мәдениет саласының жұмысы сеніп тапсырылатын шығармашылық мамандарын даярлайды. Білім беру кешенінің беделі жақсы жағынан ғана ауызға ілініп, кезінде Айман Мұсаходжаева алғысын да жеткізіп еді. Колледж түлектері – музыканттар, әншілер, көпэтносты шығармашылық ұжымдардың жетекшілері – өңірімізде де, еліміздің өзге қалаларында да, “Астана Опера” театрында да, шетелдерде де ауыз толтырып айтарлық жетістіктермен еңбек етіп жүр.

Патриотизмді Отанға деген сүйіспеншілік деп қана түсінбеу керек. Оның ауқымы кең. Осы орайда өз басымнан өткен бір оқиғаны баяндағанды жөн көріп отырмын. Бір жылдары “Еуропа ректорларының клубы” қоғамдық бірлестігінің мүшесі ретінде Оксфордта өткен халықаралық саммитте Қазақстан Республикасының білім беру жүйесіндегі инновация туралы баяндама жасадым. Баяндама бейнеқатармен сүйемелденіп, Отан туралы әнмен көмкерілген еді. Аталмыш ән ойнаған кезде залда отырған қазақстандық делегация орындарынан тұрып, қосыла шырқады. Шетелде жүрген біздің көз алдымызға байтақ даламыз елестеп, таныс ауамен тыныстағандай болдық. Саммиттің өзге қатысушылары да сыйластықтарын білдіріп, орындарынан тұрды. Бұл 16 желтоқсан күні болған еді. Сол кезде жүректі кернеген Отанға деген махаббат сезімін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Дәл осындай сезімге Австрияда да бөленіп едім. Ол кезде Хофбург император сарайында өткен Рождестволық балда мен екі қазақ әнін Вена филармониялық оркестрінің сүйемелдеуімен шырқадым. Ұмытылмас сәт. Мен үшін шетелде қазақ тілінде ән шырқау – еселенген бақыт. Себебі, еліңді сахна арқылы таныстыра отырып, халқымды, Отанымды, мәдениетімді мақтан тұтамын.

Осы орайда айтарым, елімізде патриоттар форумының өткізілуі – ел тұтастығын сақтауда, ұрпақ тәрбиесінде өзіндік орны бар шара. Себебі, патриоттар форумында қазақстандық бірегейлікті нығайтуға және “Мәңгілік Ел” құндылықтары негізінде бірыңғай азаматтық бірлікті қалыптастыруға қатысты әсерлі сөздердің айтылуы көпшілікті толқытпай қойған жоқ. Бірлік, ынтымақ пен келісім, азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік пен адалдық, шынайылық пен патриотизм секілді қасиетті ұғымдар тұрғысында тереңнен ой қорытылуы форумның мән-маңызын арттыра түсті.

Роза КАШЕНОВА,

“Өнер колледжі – музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат” кешенінің директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp