Облыс орталығындағы “Единство” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – құрылыс материалдарын шығаратын іргелі кәсіпорын. Онда бүгінде 100-ге тарта солтүстікқазақстандық еңбек етеді.
Серіктестік әкімшілігі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша қолға алған жобасымен еңбеккерлердің ертеңгі күніне деген сенімдерін арттырып отыр. Ірі панельді құрастырмалы темір-бетон қабырғаларды шығаруды қолға алған кәсіпорынның күннен-күнге тапсырысы ұлғайып, жұмысқа қабылданып жатқандар саны көбеюде. Биыл №3 және №4 цехтар ашылып, оларға мамандар қабылдануда. Ал кәсіпорынның тәжірибелі еңбеккерлері жұмысқа енді орналасып жатқан жастарды өз қамқорлықтарына алып, баулуда.
Солардың бірі – Қазиза Ахметжанова. Қазиза Макарқызының құрылыс саласындағы еңбек өтілі аз емес. Қорған қаласындағы құрылыс техникумын тамамдаған ол 1983 жылдан бері осы салада маңдай терін тамшылатып келеді. Бұрын “Темір-бетон бұйымдары” зауытында еңбек еткен Қазиза Ахметжанова 2005 жылдан бері аталмыш кәсіпорынның №1 цехында шебер болып қызмет атқарады. Қол астындағы 15 адамды ұжымдастыра жұмыс істетіп отырған оны бәрі де құрмет тұтады.
Талғат ТӘНІБАЕВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген автор.