«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРДАГЕР АЛҒЫСҚА БӨЛЕНДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сенбі күні өңір басшысы Ерік Сұлтанов еңбек ардагері, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Құдайберген Қалиевті қабылдап, жетпіс жасқа толуымен құттықтады. Аталмыш шараға облыстық ардагерлер кеңесінің басшылары мен белсенділері, облыс әкімі аппараты ардагерлері бастауыш ұйымының өкілдері, мерейтой иесінің әріптестері мен отбасы мүшелері қатысты.

Кездесуде Ерік Хамзаұлы еңбек жолын қарапайым агрономдықтан бастаған Құдайберген Қалиұлының қызметтің біраз сатыларынан өтіп, ұзақ жылдар бойы облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметін абыроймен атқарып, қай салада жүрсе де, өзін білімді маман, білікті басшы, талантты ұйымдастырушы ретінде танытқанын, еңбек демалысына шықса да, бүгінгі күні мол тәжірибесін кейінгі ұрпаққа үйретуден жалықпайтындығын, сөйтіп Қызылжар өңірінің қоғамдық жұмысына белсене араласып жүргендігін атап айтты. Мерейтой иесінің өз кәсібіне шынайы берілгендігі, еңбексүйгіштігі, өз өңіріне пайда тигізсем дейтін құлшынысы, мақсаткерлігі, кез келген адаммен тіл табыса білетіндігі оның тұлғасын асқақтатып, әріптестері мен облыс тұрғындары арасында шынайы құрметке бөлеп отыр. Құдайберген ағаның адал еңбегі мемлекеттік наградалармен лайықты бағаланған.

Облыс әкімі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мерейтойға байланысты Құдайберген Қалиевке жолдаған Алғыс хатын оқып берді. Онда былай делінген:

“Құрметті Құдайберген Қалиұлы! Сіз көп жылғы еңбек жолыңызда Солтүстік Қазақстан өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қостыңыз. Облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметін абыройлы атқардыңыз. Агроөнеркәсіп кешенінде жаңа технологиялар енгізу, техниканы жаңғырту ісіне басшылық жасадыңыз.

Еңбегімен елге сыйлы азамат, ауыл шаруашылығы ардагерлері ұйымының жетекшісі ретінде бай тәжірибеңізді кейінгі ұрпаққа үйретудесіз.

Осы саладағы сіңірген еңбегіңіз үшін алғысымды білдіріп, зор денсаулық, толайым табыс, әулетіңізге береке, бақыт тілеймін!

Нұрсұлтан Назарбаев”.

Өңір басшысы Құдайберген Қалиұлына Елбасының Алғыс хаты мен алтын барыс бейнеленген төсбелгіні табыс етіп, қазақы дәстүрмен той иесінің иығына шапан жапты.

Облыс әкімі аппараты бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы Зинаида Беева, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов, агроөнеркәсіп кешені ардагерлері ұйымының төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Зенченко, облыстық ішкі істер департаменті ардагерлері кеңесінің төрағасы Сұраған Көпеев те мерейтой иесін атаулы күнімен құттықтап, Құдайберген Қалиұлының ұзақ жылғы адал еңбегіне жоғары баға берді.

Өз кезегінде Құдайберген Қалиев осынау шараны ұйымдастырып отырған өңір басшысына, Елбасының құттықтауына, әріптестерінің жүрекжарды сөздеріне ризашылығын білдірді.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp