Жолдың жыры ХХІ ғасырда да таусылмайтын сияқты. Жуырда ауылға барған сапарымызда оған тағы бір көз жеткіздік. Баратын жеріміз – Жамбыл ауданының Сәбит ауылы.
Пресновкаға дейінгі тасжол тақтайдай тегіс болмаса да, жүруге болады. Одан әрі қарай жол Благовещенкаға тартады. Ол жолдың бертінде ғана жөнделгені бүгінде байқалмайды, әр жерінде ойықтар пайда бола бастаған.
Бізге Петровка ауылының тұсында оңға қарай, Бауман бағытындағы жолға түсу керек. Алда – Святодуховка. Оған дейін – 16 шақырымдай. Бұл жердің де өз “қызығы” бар, кезінде жарты жол асфальтталған, ал жартысына асфальт жетпей қалған. Бүгінде ол да әбден тозған. Оның арғы жақ бөлігі бұдан 1-2 жыл бұрын жөнделген. Осы екі аралықтағы жолдың дәл орта тұсы құрғақ күннің өзінде жүруге қиын. Жол жөндеушілер ол жерді тастап, әрі қарай не себепті секіріп кеткендері түсініксіз. Ал асфальт жолға жаңадан “жамаулар” салынғаны көрініп тұр. “Жөнделді” деген аты ғана.
Міне, Сәбитке бұрылатын жол. Биік грейдер. Жолдың бір жері әп-әдемі, енді бір жері әдеттегідей ойдым-ойдым, кейбір жерлерін ауыр техника тіліп өткен. Мұндай жолмен жүру үшін шеберлік керек, әйтпесе, барар жеріңе жете алмай, далада қаласың. Далада қалып та жатқандар жоқ емес. Әсіресе, бұл жолмен қыстың қақаған боранында, күздің толассыз жаңбырлы күндерінде жүру қауіпті. Жолдың бейнеті ауырып-сырқағандарға әбден батып тұр, “Бір жол бар, алыс та болса, жақын, бір жол бар, жақын да болса, алыс” дегендей, былай қарасаң, Сәбитке дейінгі 200 шақырым түкте емес сияқты, ал жолға шығып, жол бейнетін көргенде жердің түбіне бара жатқандай сезінесің.
Ауылдағылар таяқ тастам жерде қиыршықтастың тау болып үйіліп жатқанын айтты. Сөйтіп, жанымда бір-екі ауылдасым бар, әлгі жерге бардық. Ол Сәбиттің іргесіндегі Чапаевка ауылынан сәл әрірек, нақтыласам, бүгінде орны да қалмаған механикаландырылған қырманның аумағына төгіліпті. Қыруар дүние!
Бейнебір осы жерге аспаннан қиыршықтас жауғандай. Жамбыл ауданындағы көп ауылдың жолдары жайрап жатыр. Ал мына жерде қиыршықтастың үйіліп жатқанына, жұрттың айтуы бойынша, жылдан асыпты. Сонда осыншама қиыршықтас мұнда қайдан келген? Әлде, жолға төгіп, тегістеуді артық жұмыс санап, айдалаға төге салды ма екен? Олай болуы мүмкін емес сияқты. Әлде, иесі бар дүние ме? Осындай сан сауалдың жауабын жолшылар бермесе, біз таба алмадық.
Қошан ҚАЛИ.
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: пайдаға аспай жатқан қиыршықтас.
Суретті түсірген автор.