Қырықтан енді асқан қазақ келіншегі мешітке күнде келмесе де, жұма күндері соғып, өмірден өткен жақындарына Құран оқытатын. “Бір көрген – біліс, екі көрген – таныс” демей ме?! Соңғы келгенде қабағынан уайымы бар екенін аңғару қиынға соқпады. Бұл жолы әдеттегідей Құран оқитын бөлмеге өткен жоқ, бірден наиб имамдарға келді. Әңгімесінен ұққаным, жұбайының қолына ақша түссе, букмекерлік кеңсеге жүгіретін әдеті бар екен. Алғашында азын-аулақ ақшамен ойынға ұтыс тігіп жүріпті, ақырын-ақырын көлемі ұлғайып, соңында бірнеше банктен кредит алған. Ақыры бала-шағасын бір жарым миллион теңге қарызға батырған. Әйелі күйеуінің теріс қылығынан әбден шаршаған сыңайлы. Сөзін: “Не істеуге болады? Қандай ақыл айтасыз?” – деп аяқтады. Аянышты, әйелі мен балаларының аузынан жырып, бар тапқан-таянғанын банкке беріп отыр, ай сайынғы несие мөлшері – 60 мың теңге, үш жыл төлеулері керек. Харам кәсіпті нәсібім деп жүрген азаматқа қолымыздан келгенше ой салуға тырысып көрдік. Ер-азаматқа жүктелер жауапкершілікті арқалап жүру жеңіл емес. Отбасын асырау, бала-шағасын мұқтаж қылмау әрі оларға тәлімді тәрбие беру – ер адамның мойнында. Ал ол болса материалдық шығыннан бөлек, отбасының алдында абырой-беделінен айрылды. Мұндай келеңсіздікке ұрынып жатқандар аз емес. Соның кесірінен қаншама шаңырақтың іргесі сөгіліп, отбасылық ғұмырдың тас-талқаны шығуда.
Асыл дінімізде құмар ойындары харам етіліп, лағынеттелген. Бұл туралы Құран Кәрімде: “Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (бұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен сақтаныңдар” (Мәида, 90).
Қасиетті кітапта құмар ойындарының харам сумен бірге аталуы тегін емес. Екеуінің де қоғамға, жақын адамдарға кесірі зор. Құмар ойындар, сондай-ақ, жалқауларды, ар-ұяттан жұрдай адамдардың санын көбейтеді. Құмарпазға отбасын, айналасын, дінін ұмыттырады. Осы орайда Абай Құнанбаевтың:
“Өтірік, өсек, мақтаншақ,
Еріншек бекер мал шашпақ”, – деген немесе:
“Қарыны тоқтық, көйлегі көктік,
Аздырар адам баласын”, – деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады.
Облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің жастар ісі бөлімі аптасына бір мәрте мектеп оқушыларымен кездесулер өткізіп, басқосуларда құмар ойындардың зияны туралы да айтып отырады. Дегенмен, бала тәрбиесіне жауапты – ата-ана. Абай атамыздың өлеңінде келтірілгендей, қолы бос, қарны тоқ жеткіншектерді көзден таса қылмаған жөн.
Кейбір адамдар білімінің төмендігінен Алланың кеңшілігі мен кешірім-мейіріміне сүйеніп, көптеген парыз етілген әмірлер мен тыйым салынған харам істерде бейқамдық танытады. Жалқаулығы мен өзінің кемшілігі үшін Алланың кеңшілігін айтып сылтауратады. Болмаса Алла харам еткен істі жасайды да: “Алла кешіруші, мейірімді”, – деп өзін ақтауға тырысады. Қайталана берсе, бұл үлкен күнәға айналатындығы белгілі. Ал мұндай қарсылық Аллаға ерегісіп, қарсы шығу болып саналады. Жаратушының қылмыскер-күнәһарларға дайындаған азабы тым ауыр. Қасиетті Құранда: “Ей, Мұхаммед! Құлдарыма хабар бер. Күдіксіз Мен аса жарылқаушы, ерекше мейірімдімін. Және шын мәнінде азабым да өте күйзелтуші (Хижр: 49, 50)”. Кім күліп күнә істесе, жылап тозаққа кіреді. Мұны әрбір мұсылман жадында сақтағаны жөн.
Аян АЛЫПҚАШЕВ,
“Қызылжар” орталық мешітінің
наиб имамы.