«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖІГЕРЛІ ЖАНДАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

«Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Петропавл оқу-өндірістік кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болғанымызда қазаны бұрқ-сарқ қайнаған қызу еңбектің ортасына түстік. Бірі киім тігіп жатса, енді біреулері болашақ өнімді пішумен айналысуда. Әйтеуір, жұмыстан қолы босап отырған адамды көрмейсің. Қазір оқу-өндірістік кәсіпорнында 28 адам жұмыспен қамтылса, оның 22-сі мүмкіндігі шектеулі жандар екен.

Тарихы әріден басталатын қазақ зағиптар қоғамының құрылғанына – 75 жыл. Ал Петропавл оқу-өндірістік кәсіпорнының жұмыс істеп жатқанына жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті. Өндірістік кәсіпорында кеңес өкіметі тұсында 500 адам үш ауысыммен жұмыс істеген. Бүгінде қоғамдық бірлестіктің тың серпіліспен жаңа кезеңге аяқ басқанын аңғару қиын емес. Негізінен көрпе-жастық, төсек-орын жабдықтарын, ауыл шаруашылығында, тұрмыста қолданылатын щеткалардың түр-түрін, медициналық және өзге де жұмыс халаттары мен костюмдерін, күпәйке, қара жұмысқа киілетін қолғаптың бірнеше түрін тігумен айналысатын кәсіпорын қызметкерлері өнім сапасының жоғары болуын әрдайым назарда ұстайды.  

– Өнімдерді өткізуде қиыншылық көрмейміз. Көбінесе біз тендер бойынша жұмыс істейміз. Мүмкіндігі шектеулі жандардың орталықтандырылған сайтында жарияланатын тендерлердің барлығына қатысамыз. Қазақстан бойынша қай жақтың тендерін ұтсақ, сол жаққа өнімдер жөнелтіледі. Осы орайда, мемлекет тарапынан көрсетілетін қамқорлық пен көмектің ерекше екенін айтып өткім келеді. Мемлекеттік мекемелерге қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға бөлінетін қаржының 50 пайызы тендер арқылы бізге аударылады. Өз кезегінде олар мүгедектердің орталықтандырылған сайтына шығып, тендер жариялайды. Бұл біз үшін ерекше қамқорлық. Елбасының сындарлы саясатының арқасында мемлекеттің қамқорлығын сезінудеміз. Үкіметке салық төлеуден де босатылдық. Сол үшін Елбасына айтар алғысымыз шексіз, – дейді оқу-өндірістік кәсіпорнының директоры Өмірбай Нұрахметов.

Петропавл қаласында бүгінгі күні зағиптар қоғамынан басқа мүгедектердің бірнеше қоғамдық бірлестігі бар. Еңбек ететін мүмкіндігі шектеулі жандар ай сайын орта есеппен 45-50 мың теңге аралығында жалақы алады. Еңбекақы уақытынан бір күн кешіктірілмейді, өйткені онсыз да өмірдің қатал тепкісіне ұшыраған зағип жандардың бұған көнгісі жоқ. Бірақ мұнда жұмыс істейтіндер өз шаруасына мығым. Қолдары да әбден жаттыққан. Өмірбай Темірболатұлының айтуынша, оқу-өндірістік кәсіпорнында көбіне егде жастағы адамдар жұмыс істейді. Жастар бар, бірақ аз. Тігін тігуді үйреніп, жұмысқа орналасуға келетін жастар бастапқы қиындықтарға шыдас бермейтін көрінеді. Әрине, көздері нашар көретіндер үшін бірден жұмысқа етене араласып кету оңай емес.

Мұнда көзі мүлде көрмейтін жандар да бар. Соның бірі – Александр Костыльников. 1971 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан тігін шебері қолғап тігуде алдына жан салмайды. 44 жылдық өтілі бар маман өзінің жұмысына дән риза. Еңбек ету арқылы өмірге қайта келгендей күйге еніп, қоғамның бір бөлшегі болып саналатынын оның күлімдеген жүзінен байқағандай болдық. Ал кәсіпорын директоры өз сөзінде кембағал жандарға қоғамның да ерекше қамқорлық көрсететінін жеткізді. Жомарт жандардың қайырымдылығының арқасында кейбір өнімдердің тапсырыс көлемі артқан. Мәселен, «Қызылжар су» ЖШС ай сайын мың қолғап тіктіріп, екі жұмыскердің жалақысын төлеуге мүмкіндік беруде. Іскер басшы мұндай жомарт жандардың саны саусақпен ғана санарлық дейді. Сондықтан өзгелері де бұл мәселеге түсіністікпен қарап, өнімдерге тапсырыс беру арқылы оларға мүмкіндігінше көмек көрсетсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Қазіргі таңда айына орта есеппен оқу-өндірістік кәсіпорны 4,5-5 миллион теңгенің тауарын шығаруда. Бұл көрсеткіш, әрине, жаман емес. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Былтыр жылдық түсім 52 миллион теңгені құраса, биылғы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 28 миллион теңгенің өнімі шығарылған. Зағиптар қоғамына келіп, бірліжарым тауарға тапсырыс беріп, оны арзан бағамен сатып алушылар да бар көрінеді. Олар сатып алған өнімдерді үстіне баға қосып сатумен айналысады. Өйткені, кәсіпорында шығарылатын тауарлар өте сапалы әрі арзан. Қолғап 170 теңгеден тігілсе, базарда оның бағасы 250 теңге тұрады. Серіктестік қажетті матаның барлығын Ресейден сатып алады. Ресейден қажетті зат алдыру өте тиімді екенін айтқан серіктестік басшысы қазіргі таңда рубль курсының жоғарлауы біраз қиындық тудырып отырғанын сөз етті. Ал республика бойынша өндірістік кәсіпорынның жетістігі қанша миллион теңгенің өнімін шығарумен емес, мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілуімен өлшенеді. Бұл орайда петропавлдық кәсіпорын басқаларға қарағанда көш бастап тұр. Басшылық қызметке ауысқанына көп уақыт бола қоймаса да, Өмірбай Нұрахметов ең бастысы мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамнан тыс қалмауы маңызды екенін айтады.

Тағы бір айтып өтерлігі, кәсіпорындағы тігін машиналарының барлығы ескірген. Ал оларды жаңартуға әзірге мүмкіндік болмай отыр. Бірақ тігін машиналары ескі болса да, сапасы жоғары. Егер басқа қалалардан бәсекелестік болмаса, зағиптар қоғамы қаланың барлық қажеттілігін өтемек. Жұмыс сапасын көтеріп, өнім көлемін арттыру үшін алға ұмтылу қажеттігін айтқан кәсіпорын директоры болашақтан зор үміт күтетінін жеткізді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp