«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАРИФТІ ӨСІРУГЕ ӨТІНІШ БІЛДІРІЛДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттіктің облыстық департаменті кезекті қоғамдық тыңдау ұйымдастырып, онда өңірімізге электр жарығын тарататын және жылумен жабдықтайтын кәсіпорындардың өтініштерін қарады. Монополиялық субъектілер тұтынушылар төлемдерін өсіруді көздейді. Департамент олардың өтініштерін зерттеп, пайымдап, қоғамдық пікірмен санасып, мәселенің тоқетерін үстіміздегі жылдың қараша айының соңына дейін айтуға тиіс. Бұл күнгі қоғамдық тыңдау сол жұмыстың бір тармағы болды.

“СолҚазЭнерго” АҚ бастаған монополиялық субъектілер тобы көрсетіп отырған қызметтеріне тұтынушылар төлемін көтерудің бірқатар себептерін алға тартып, алдағы бес жылға жасалған жобалық-сметалық құжаттарын департаментке ұсынған. Онда олар 2016 жылдан бастап, 2020 жылға дейін тарифті кезең-кезеңмен көтермек. Монополия басшылары жылу тарифінің өсімін бірінші жылы 40 пайызбен бастап, бес жылда төлемді екі есеге дейін өсірмек ойларын айтады. Ал бүгінгі қолданыстағы жылу тарифі – қосымша құн салығын қоспағанда 1 Гкал үшін 1362,66 теңге.  

“СолҚазЭнерго”, “Петропавл жылу желілері”, “СевКазЭнергосбыт” кәсіпорындарының басшылары бірауыздан тариф саясатын қайта қарамаса, қыста үлкен проблемалардың тууы жиілеп, олардың алдын алу мүмкіншіліктері азайып кететіндігін алға тартады. Оған себеп болатын факторлар: облыс орталығына жылу тарататын тораптың тозығы әлі күнге дейін 85 пайыздан төмендемеуі, алдағы бес жылда олар қолданатын отынның 45 пайызға дейін қымбаттауы, қаржы тапшылығынан құбырлар мен құрал-жабдықтарға жөндеудің екі есе аз жүргізілуі, салық және басқа төлемдерге бөлінетін қаржының жылдан-жылға көбеюі, жұмыс қолының жетіспеушілігі және еңбекақының аздығынан білікті мамандардың кетіп қалуы. Облыс бойынша олардың қызметін 68 мың тұрмыстық сектор және 2224 өндірістік, бюджеттік, коммерциялық және басқа да абоненттер тұтынады. Тұтынушылардың төлемдерін көтеру арқылы кәсіпорынның бірқатар мәселелерін шешуге мүмкіндік аламыз деп отыр. Дәлірек айтсақ, Еуропалық қайта құру және даму банкінен алғалы отырған (ЕҚДБ) 4,5 миллиард теңге несие қарызын өтейді және өздерінен 2,5 миллиард теңге инвестициялық қор шығарады. Банктен алынған несие сомасына дәл сол мөлшерде мемлекеттің демеуқаржысы беріледі. Нәтижесінде монополистер қолдарына тиген 11,5 миллиард теңгемен жоғарыда айтылған мәселелердің шешімін таппақ. “Петропавл жылу желілері” ЖШС директоры Игорь Рыбас өзі басқаратын кәсіпорын биыл 1,2 миллиард теңге шығынмен жұмыс істеп жатқанын айтты. Сондықтан бүгінгі тариф олардың бір жыртығын жапса да, толықтай ахуалдарын жақсартуға мүмкіндік жасамайтын көрінеді.

Олардан бір күн бұрын “СҚ электр тарату желісі компаниясы” АҚ да жарық тарату қызметінің тарифтерін өсіруге ниетті екендерін білдіріп, мәселелері қоғамдық тыңдаудың тақырыбы болған еді. Олар департаменттен тарифті 2020 жылға дейін 74 пайызға өсіруді өтінген. Яғни, бүгінгі қолданыстағы тарифтің 1 кВт 6,193 теңгеге дейін көтеріледі. Олар тариф өсімінің 7,5 пайызын – инвестициялық бағдарламаларын орындауға, 67 пайызын – еңбеккерлердің еңбекақысын көтеруге, 12,5 пайызын – жөндеу жұмыстарын жүргізуге, 4,3 пайызын – салық және басқа төлемдерді өтеуге, 18 пайызын – қосымша шығындарын жабуға, 3 пайызын сатып алынатын энергияның қымбаттауына байланысты есептеген. Тариф көтерілсе, кәсіпорын бес жылда 2 283,9 миллион теңгенің жөндеу жұмыстарын жүргізбек.

Екі күндік қоғамдық тыңдау барысында өңірімізді жарық және жылумен жабдықтап отырған кәсіпорындардың басшылары жағдайларының мәз емес екендігін жеткізуге тырысты. Алайда, монополистердің діттеген мақсаттарын жүзеге асыру үшін тұтынушылардың қолдау жасауы екіталай. Көптеген тұрғындар коммуналдық төлемдер үшін отбасылық бюджеттің біраз бөлігі кететінін айтып, шағымданатынын естіп жүрміз. Әсіресе, зейнетақысы аз қариялар мен әлеуеті төмен отбасылар. Ендеше бұл жаңалық жұрттың көңілінен шыға қоймасы анық. Сондай-ақ, монополиялық субъектілердің де жағдайы ойландырады. Тұтынушы тарифіне байланысты білдірілген өтініштердің соңғы нүктесін қоятын – монополиялық субъектілердің қызметін реттейтін департамент. Оның қандай шешім шығаратынын қараша айының соңында білетін боламыз.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp