«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҒҰЛАМАҒА ТАҒЗЫМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тәуелсіздік алғаннан бері еліміздің әр облысындағы орталық мешіттерге екі-үш жыл сайын қариларын жіберетін Түркияға таңғалушы едік: Құранды жатқа білетін адамдар (түріктер оларды «хафиздер» дейді – Б.Қ.) ол жақта жыртылып айырылатын көлдің құстарындай қисапсыз көп. Сөздің реті келіп тұрғанда айта кетейін: талай да талай балаларымыздан бастап, жасымызды да, жасамысымызды да Алланың ақ жолына түсірген сол қариларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Әліптің таяқ емес, әріп екенін біліп, тіпті, Құранды да қирағаттай бастаған, жайнамазға жығылып, ораза да ұстаған біз кеңестік кезеңді жаппай ғайбаттағанымызда қой бастаған ақ серке сияқты Құраны мен құманын қолынан тастамаған бірен-саран аталарымыз болғандығын енді-енді еске алып отырғандаймыз. Орысы ормандай қалың облысымызда төл қарияларымыз ғұмыр кешкенін, мәселен, мен жақсы білемін: көзі көрмесе де, Кеңес ауылының бәйтерегіндей болған Қапар қари есімде. Алдында Құран оқып отырған көзі сау адам жаңылып қалғанында оның аузына түспеген аятты қолымен нұсқайтын ол қари жұртты өзіне магниттей тартушы еді.

Басқасын былай қойғанда, арабша «ауузу» деп дұрыс айтудың өзі оңайға түспейтін Құранды жаттап алудың қандай қиын екендігі маған мәлім: ондағы екі үлкен сүре – «Ясин» мен «Мүлік» жадыңда жатталып қалғанша он жыл өте шықса, көп те емес, әрине, аз да емес. Жиырма үш жылда түскен Құранды «Фатихадан» бастап, «Нәске» дейін жаттап алу ілуде біреуге ғана бұйыратынын ескерсек, екі көзі су қараңғы адамдардың қари болуын ерлікке балар едім. Бір ғажабы – Қапар қари жалғыз емес еді: Есілдің бергі бетіндегі Ильинка ауылындағы зағип қариды да көрдім, ал Жамбыл ауданында кеудесі алтын сандықтай Бәри қари Құдайдың құлымын, пайғамбардың үмбетімін деген данагөйлердің бірі еді…

Міне, осы ғұлама қаридың туғанына 100 жыл толуы жаздың соңында аудан көлемінде аталып өтіліп еді, енді республикалық деңгейде дүркіреді. Мерейтойдың алғашқы күні өткізген Құран жарыс келесі күні түске таман тамамдалды. Отыз пара Құранның кез келген аятын аңыратып жатқа оқу үшін еліміздің әр қиырынан тұп-тура отыз қари келді. Бұлар баяғыда біз көрген қарилардың немерелері сияқты екен: өңшең өрімдей жастар. «Қызылжар» орталық мешітінің ұстазы Хамзат Әділбеков жас қариларды таныстырғаннан кейін қазылар алқасының мүшелерін де атап өтті. Қазылар алқасының құрамы ауыз толтырып айтқандай екен: Египеттен келген ұстаз Мұхаммед Ғимат бастаған, ҚМДБ бөлім меңгерушісінің орынбасары, белгілі дінтанушы Сансызбай Шоқанұлы қостаған, әрісі – Қырғызстаннан, берісі – Павлодардан келген кілең қарилар.

Құран жарысты тұңғыш рет тамашалаған қызылжалықтар оның тым қиын екенін өз көздерімен көрді: алған билеттері бойынша жауап берген жас қариларды 114 сүренің ең басынан емес, орта немесе аяқ жағынан келген аяттар ну орманның соқпағындай таптырмай, сүріндіре де берді.

Десе де, баяғы біз көрген, көзі көрмесе де, көңілі жүйрік қарилардай бүкіл Құранды зердесіне тоқып алған жастар жоқ емес екен. Талай Құран жарыста жүлдесіз қалып көрмеген шымкенттік Шавхат Шавбуғапарұлы – солардың бірі. Бас жүлдеге тігілген бір миллион теңге оған бұйырды. Ал біздің жерлесіміз Омар Амиршоев екінші орын алып, бүкіл қызылжарлықтарды қуантты. Омардың есімі жергілікті мұсылман жамағатқа жақсы таныс: биылғы Рамазан айындағы отыз күн тарауық бойы «Қызылжар» мешітінде Құран хатым түсірген болатын. Жүлдесіз қалған қарилар да құрқол қайтқан жоқ: әрқайсысына 50 мың теңге сыйлық берілді.

Ал кешкілік Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында бір ғасырлық мерейтойға арналған концерт шымылдығы ашылды. Онда мерейтойды ұйымдастырушылардың бірі – Сапар Бәриұлы әкесі туралы емірене де тебірене айтып берді. Жапар Бәриұлы болса әкесіне арнаған өлеңін ұсынды.

Бұл кештің бағасын көтерушілерді театрды толтыруға шақ қалған қызылжарлықтар дүркірей қарсы алды. Мәселен, айтулы айтыскер ақын Ринат Зайытов сахнаға шыға келгенде қол соқпаған жан қалмады. Сәл-пәл қысылғанына қарамастан, суырып салып айтқан арнауы айызымызды қандырды. Немесе даусы айшылық жерге жететін Ерлан Рысқалиді кім білмейді?! Шымболат марқұмның шындық туралы термесінен бастаған ол атын алты алашқа мәшһүр еткен «Молдабаймен» түйіндеді. Сондай-ақ, қазақ эстрадасының кең танымал әншілерінің бірі – Сержанәлі де кештің көркі бола білді. Араб тілінде де діни ән орындаған ол деңгейі жоғары әнші екенін айғақтай түсті. Ал көршілес Көкшетаудан жас та болса, жанып тұрған оттай ақын – Алмас Темірбай төбе көрсетті. Ол терең ойға құрылған танымдық өлеңдерін оқыды.

«Ауылдағының аузы сасық» деген қасаң ойдан арыла алмай жүрміз ғой, әйтпесе жергілікті әншілеріміз де әлгілерден кем емес екен. Облыстық филармонияның тенор, баритон – неше түрлі дауысты әншілері тамаша шырқата білді.

Дүниенің жауабын діннен тапқан осындай ғұлама тұлғаларға тағзым ету, сөз жоқ, сауабы орасан зор іс.

Болат ҚОЖАХМЕТОВ,

«Солтүстік Қазақстан».

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp