Мағжан Жұмабаев ауданындағы Лебяжье ауылдық округінен әрі ассаң – Ресей мемлекетінің шекарасы. Ол жердегі елді мекендердің тұрғындары облыс орталығынан гөрі Ресейдің Есілкөліне барып келгенді әлдеқайда ыңғайлы көреді. Өйткені, жолдың машақаты аз және сауда-саттық та тиімді. Жол демекші, құралайлықтар жолға әу бастан жарымаған. Ауыл Лебяжьеден 3 шақырым жерде ғана, яғни округ орталығының жазық жерінде тұрып қарасаң, Құралай ауылы көрінеді.
Бірақ сол үш шақырымдық жол түйткілді мәселе болып отыр. Жауын-шашында ол жолмен жүру қиынның қиыны. Кезінде жергілікті биліктің атқа мінерлері не ойлағандарын қайдам, кеңшар орталығынан 5-6 шақырым жердегі шошқа фермасына тартылған тасжолды Құралай ауылына қарай да бұруға шамалары жетпегендей. Енді бүгінде қоралары жермен-жексен болып, аты түгіл, заты жойылған фермаға қарай тартылған асфальт әлі күнге дейін жарқырап, көз қызықтырады, ал Құралай жолының әлегі жолаушыға желкені қасытады. Үш жылда бір рет округ әкімі бұл жолды түзеуге жобалық-сметалық құжат әзірлеп өткізеді, бірақ оған бөлініп жатқан қаражат түгіл, сөзбен айтылған уәде де жоқ.
Қиындықты жеңу үшін түрлі тәсілдерді ойластыру – құралайлықтардың дағдылы әрекеті. Біріншіден, ауыл тұрғындары Лебяжье ауылының маңындағы шағын көлден су тасиды. Екіншіден, тіршілік түйткілімен жолға шығатын түрлі жайттар да жиі болып тұрады. Былтыр құбыр арқылы ауылға таза ауызсу жеткізіліп, тұрғындардың көңілі бір жадырап қалғаны рас. Бірақ ол жерден ағызып алынған судың мөлшері ақшамен есептелетіндіктен, оны молынан пайдалануға барлығының бірдей қалтасы көтере бермейді. Сондықтан ішер суды – ауылдан, малға беретін суды сырттан тасып, күндерін көруде.
Жақында аталмыш ауылға барғанымызда елді мекеннің тыныс-тіршілігіне көңіліміз толып қайтқан еді. Осыдан 2 жыл бұрын бұл ауылда мемлекеттік бағдарламамен несие алып, кәсіпкерлігін бастаған бір ғана адам болса, биыл өз кәсібін нәсіп еткісі келетіндер қатары 12-ге жеткен. Көбінің қолдауы – атакәсіп, дәлірек айтсақ, мал шаруашылығы.
2013 жылы мемлекеттік “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 8 миллион теңге несие алып, оған қырық шақты тайынша мен асылтұқымды бір бұқа сатып алған Әскербек Шәкенов – ауылдағы жұмыссыздықтың жолын кәсіпкерлікпен кескен бірінші тұрғын. Оның бастамасын оң көрген ауылдастары бүгінде бірінен соң бірі мал ырысын көруге бет бұрыпты. Бұған дейін де ауыл малды көп ұстап, қосалқы шаруашылықпен күндерін көріп отырған елді мекен болатын. Өкінішке қарай, далада шөпшілермен бірге жүрген Әскербек Рысбайұлымен жолығудың сәті түспеді. Бірақ біздің сауалдарымызға оның зайыбы жауап берді.
– Жұбайым мемлекеттік бағдарлама шеңберінде алынған қаржыны тиімді деп отыр. Екі жыл еңсемізді көтеріп алып, тамызда несиенің бірінші төлемін жасадық. Отағасының мақсаты – ендігі тапқан табысын айналымға жіберіп, мал басын көбейту. Қора-қопсысын да кеңейтіп жатыр. Жазда шаруа басында екі малшы мен екі сауыншы жұмыс істеді. Қазір – бір-бірден. Биыл 26 бас сиыр сауып, сүт пен май, ірімшікті Петропавл қаласына тасып, табыс таптық, – дейді Камел Әскерқызы.
Сондай-ақ, оның өзі де отбасылық шаруашылықтың басы-қасында жүргендіктен, кәсіптеріндегі бірқатар қиыншылыққа да тоқталды. Әсіресе, сиырлардың уақтылы сауылуы мен сүтті ысырапсыз іске жарату отанасының иығына жүктелетіні сөзсіз. Сондықтан ол ауылға сүт жинаушылардың келмейтінін мәселе етіп көтерді. Оның айтуынша, отыз шақты сиырдың сүтін ірітпей құрт-қаймақ, ірімшік етіп алу қиынға соғады. Сондықтан бір бөлігін сүттей әкетіп тұрса, құба-құп болар еді дейді. Сондай-ақ, жаз бойы отбасының мазасын алған тағы бір мәселе – үй шаруасына электр қуатының жетіспейтіндігі. Таң мен кештің бір мезгілінде қорада электр қуатымен сауу құрылғысы іске қосылған кезде үйдегі барлық электр жабдықтарын сөндіруге мәжбүр болады. Бұл қиындық ауылдың электр тарату желісінің қуаттылығы тұтыну мөлшеріне сай еместігінен туындап отыр. Олар бұл мәселе энергетиктердің құлағына жетсе дейді.
Құралайлықтар өздеріне қандай мемлекеттік бағдарлама тиімді екенін жақсы біледі. Мәселен, Нұрлан Теміркин – шаруаға мығым, кәсіп қылуға ниетті жандардың бірі. Ол бастапқыда малды “Сыбаға” бағдарламасы бойынша сатып алғысы келген. Алайда, ондағы талаптардың бір-екі көрсеткішін орындай алмай, қолы қағылыпты. “Маған “Сыбаға” бағдарламасы тиімді еді. Біріншіден, онда берілетін қаржы мөлшері көлемді. Екіншіден, ол бағдарламаны пайдаланғандарға егістік жер беріледі”, – деген Нұрлан Нұрғазыұлы сөзінің астарын былай ұғындырды. Ол “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша алған несиеге 19 бас сиыр мен бір бұқа сатып алған. Ал оның мақсаты 30-40 бас сауын сиыр болатын. Кәсіпкердің айтуынша, мал басы көп болған кезде олардан түсетін пайда қомақты болады. Сондай-ақ, “Сыбаға” бағдарламасының шарты бойынша 100-150 гектар жер беріліп, малдың жемазығын бүгінгідей қымбатқа сатып алмай, өзім дайындайтын едім, дейді. Бұл оның бизнес-жоспар құрған кездегі мақсатты ойы болатын. Шаруашылыққа биыл 40 тонна жемазық керек. Бүгінде бір тонна құнарлы жемазықтың бағасы – 20 мың теңге. Дегенмен, Нұрлан Нұрғазыұлы мемлекеттік бағдарламаның бірі сәйкес келмесе, екіншісіне арқа сүйеп, ісін сонымен дөңгелетіп отыр. Сондай-ақ, жұмысты ұйымдастыруға талпынысы мен ебі бар жігіт бір биесін сатып, оның ақшасына бройлер тауығының балапандарын алған. Жаз бойы шаруашылығында төрт адам жұмыс істеген.
– “Еңбек ширатады, өмір үйретеді” деген шын екен. Осыған дейін құс ұстап көріппіз бе? Оған да үйрендік. Тек маңдай термен өсірген малыңды сатқан кезде арзанға өтеді. Баға жоқ, сол қиын. Дегенмен, мал басы көбейген сайын үш баламды ержеткізуге деген сенімділік ұлғайып, ешқандай қиындыққа мойынсұнбайды екенсің, – дейді Нұрлан Теміркин.
Биыл Құралай елді мекенінің сегіз тұрғыны кәсіпкерлер атанған. Шағын ауылда екі жылда 12 кәсіпкердің төбе көрсетуін, бір-бірінен қалыспаудың әрекеті деп қабылдайтындар аз емес. Бірақ мұндай бәсекелестік көңілге жағады. Біз ауылға ат басын тіреген күні ауылдың көптеген жігіттерін қотанда жолықтыра алмадық. Олар далада үюлі қалған шөптерін бірлесіп тасуға аттаныпты. Ынтымағы жарасқан мұндай көріністен кейін кертартпа ойлар сейілері сөзсіз. Сол күні шөп сүйреген тракторлар Мереке Тұяқовтың орамына қарай бұрылып жатты. Мереке Балташұлы – “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 3 миллион теңге несие төлемін 54 айға ықшамдап, оған 9 құлынды бие сатып алған кәсіпкер. Жылқылары басқа ауылдан сатып алынған, сондықтан әлі жерсінбеген малды табынға қоспай, өзі бағып жүр. Десек те, бақташыға бірілетін төлемақының өзі аз емес екенін есептеп, болашақта жылқыларын жеке бағатынын да жоққа шығармайды. Тек жемшөп мәселесін шешіп алса болғаны, басқа ауыртпалықты қиынсынбайтын түрі бар.
Шөп биыл шүйгін шықты. Бірақ жаздың соңында ауа райы қолайсыз болып, уақтылы жиналмай қалған. Амангелді Сапарғалиұлын біз Мереке Балташұлының үйіне тракторымен шөп әкелген кезде жолықтырдық.
– Мен бір миллион теңге несиені қанағат тұттым. Оған алған екі бие мен екі сиыр қорамда. Жемшөбі дайын. Қыстан аман шықсақ, келер жылы пайдасын көре бастаймыз. Малды көбейтуді көздеймін. Осыған дейін жұмыссыздықтың қиындығы сезілетін. Қазір бос уақыт жоқ. Болашаққа деген сенім молайды. Ауылда өз кәсіпкерлігін ширатып жатқандарды көріп, біз де қимылға кірістік. Мақсат түзу болған соң іс өрге басады деп ойлаймын, – дейді Амангелді Нұрғалиев.
Бұл елді мекенде еті тірі тұрғындар көп. Ауылдың жартысының жаз бойы 5-6 шақырымдағы шекарадан еш қиындықсыз өтіп, ресейліктерге май-қаймағын, сүзбе-құртын, қаз-үйрегін сатып жүргендеріне көп болған. Ресей рублінің бағамы көтерілген сайын олардың да бизнесі жақсара түсуде. Жыл басынан бері тауарлары құнсызданып, біраз қиындық көрген құралайлықтардың көңілдері бүгінде жайланғандай. Құралай ауылының тұрғындары шетте қалдық деп жатқан жоқ, керісінше ел қатарлы өмір сүруге тырысуда.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.