«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТТІҢ ӨЗ ТҮЛЕКТЕРІНЕ МАРАПАТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сенбі күні Достық үйінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлнәр Мұқанова әр жылдары аталмыш жоғары оқу орнын тамамдаған және ғылыми дәрежелерін қорғаған бір топ солтүстікқазақстандыққа білім ордасының 80 жылдығына орай шығарылған мерекелік медальдарды табыс етті.

Құқық қорғау жүйесінің ардагері Сәкен Оразалин мемлекеттік университеттің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚҰУ) заң факультетін 1958 жылы аяқтап, құқық қорғау органдарында прокурор қызметтерін атқарған көрінеді.  

– Менің бұл оқу орнына баруыма менен бір жыл бұрын осы университетке түскен достарым: тарих факультетінде оқып жатқан Қайролла Мұқанов пен болашақ экономист Қабдырахман Жарылғапов мұрындық болды. Солардың қайта-қайта шақыруымен әсем қала, астанамыз – Алматыға жол тартқан едім. Кез келгеннің қолы жете бермейтін оқу орнында оқып, тиісті дәрежеде білім алғанымды әрдайым мақтаныш етемін және сол кездегі студенттік өмірімді сағына еске аламын, – дейді Сәкен Оразалыұлы.

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің профессоры Зинаида Табакова аталмыш университеттің аспирантурасында оқып, филология ғылымдарының кандидаты, докторы атақтарын сонда қорғапты. “Тополин” дәрісінің авторы, белгілі химик Владлен Поляков Алматы қаласында туып, сондағы университетті тамамдаған, өзі білім алған жоғары оқу орнында оқытушылық қызмет те атқарған екен.

Құрылғанына сексен жыл толған университетті идеология саласында ұзақ жылдар қызмет атқарған Рүстем Уәйісов, белгілі өлкетанушы Қайролла Мұқанов, экономист Қабдырахман Жарылғапов, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, ақын Мүталлап Қанғожин, профессор Зарқын Тайшыбай, білім беру саласының ардагері Әдия Ахметова, химия ғылымдарының кандидаты Валентина Назарова да тамамдаған көрінеді. Осы салтанатты шараға қатысқан университет түлектеріне, белгілі себептермен келе алмаған азаматтардың отбасы мүшелеріне мерекелік медальдар табыс етілді. Олар сонау жылдардағы студенттік өмірлерінен естеліктер айтып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалым Мүтановқа шынайы ризашылықтарын білдірді.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp