«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰМЫСЫ ЖАНДАНҒАН ФАБРИКА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов әскери киім тігетін фабрикада болып, өндіріс орнының жұмысымен және балалар киімінің жаңа үлгілерімен танысты.

Бұрынғы “Комсомолка” тігін фабрикасы базасында 2012 жылы қайтадан құрылған серіктестік негізінен Қазақстанның Қарулы Күштеріне жорыққа және күнбе-күн киетін әскери киімдер тігумен айналысады. Олардың түрлері де сан алуан: жылы костюм, әскери қызметшілерге арналған жамылғы, пальто мен көйлек, десантшыларға, Әскери-Теңіз флотына, әскери күзеттерге арналған кеудеше мен шалбар және тағы басқалары. Өндіріс орнында медициналық халат, жұмысшылар кеудешесі, ұйықтайтын “қапшық” та тігіледі. Кәсіпорында 30-дан астам бұйым түрі сериялы шығарылып, сәйкестік сертификаттарымен бекітілген. Астаналық Берік Ноғайбаев құрылтайшысы болып табылатын серіктестікте бүгіндері 145 адам тұрақты еңбек етеді, оның 5-еуі – мүмкіндігі шектеулі жандар. Олардың орташа еңбекақысы – атқарған жұмыстарына қарай 60 мың мен 200 мың теңге аралығында.

Фабрика директоры Борис Бутыч кәсіпорынға арнайы ат басын тіреген өңір басшысына фабрикада қалыптасқан жағдай жайында баяндады. Борис Владимировичтің айтуынша, тігін фабрикасындағы эксперименттік цехтың дизайнерлері әскери киімдермен бірге балалардың көктемгі, күзгі және қысқы киімдерінің 160 үлгісін әзірлеп, “IRBY” маркасымен шығара бастаған. Оның алғашқы сынақ үлгілері үстіміздегі жылғы 21-25 қыркүйекте Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысып, ресейліктерден жоғары баға мен 2016 жылдың ақпан айына еуразиялық компаниялардан тапсырыс алған көрінеді. Аталмыш үлгілер бүгінгі күні Астанада көрмеге қойылған, содан кейін алматылық тұтынушыларға таныстырылатын болады.

Маталарды пішу және әзірлеу цехының 11 маманы 100 тігіншіні қажетті жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Бірыңғай әйелдер еңбек ететін фабрикада Қанат Байқадам, Мақсат Тәнібаев, Александр Дудник сынды жігіттер де тігіншілікпен айналысуда.

– Ресей Федерациясының Саратов қаласындағы кәсіптік-техникалық училищені тігінші мамандығы бойынша бітіргеніме 10 жылдай болып қалды. Осы фабрика қайта құрылғаннан бастап жұмыс істеп келемін. Өткен айда атқарған жұмысыма қарай 162 мың теңге таза еңбекақы таптым, – дейді V разрядты тігінші Сергей Рощин.

Балалар киімінің жаңа үлгілерімен танысқаннан кейін Ерік Хамзаұлы келесі оқу жылына нарықтағыдан бағасы төмен болатындай бірыңғай оқушылар формасын тігу мәселесін фабрика басшылығымен бірлесіп ойластыруды және өз пікірлерін сенбі күні баян етуді облыс әкімінің орынбасары Мұқтар Манкеев пен Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетовке тапсырды.

Фабриканың директоры да, жетекші мамандар да “Даму” қоры арқылы Астанада арнайы оқудан өткен.

– Тапсырысқа қарай өндіріс орнын кеңейтуге мүмкіншілігіміз зор. Ғимарат қабаттарында орын да, заманауи тігін машиналары да жеткілікті. Сондықтан әлі де 80 кәсіби тігіншіні жұмысқа қабылдай аламыз. Қайта даярлықтан өтіп, тігінші мамандығын игергендерге де жұмыс бар. Тігуге қажетті материалдар Түркиядан, Қытай мен Ресей Федерациясынан әкелінеді. Балалар киімін өз облысымыздан басқа өңірлерге де, сонымен бірге ТМД елдеріне де шығарсақ па деген ойымыз бар. 2016 жылы ақпан айында интернет-дүкен ашуды жоспарлап отырмыз. Бізде шығатын өнімдермен www.IRBY.kz сайты арқылы кеңінен танысуға болады. Фабрикамыз “Самұрық-Қазына” АҚ отандық тауар өндірушілерінің тізіліміне енген, – дейді “Қазақстанда жасалған” тауарлардың қатарын балалар киімінің 160 түрімен толықтырғалы отырған тігін фабрикасының директоры Борис Бутыч.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

 Суретті түсірген Талған ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp