“Даму” кәсіпкерлікті қолдау қоры” мен “Казкоммерцбанк” қаржы институты ұйымдастырған “Жұлдыздарға қара” байқауының жеңімпаздары анықталды. Олар: петропавлдықтар Сергей Сапко, Вениамин Боровко, Бақыт Хусайынов және есілдік Айсұлу Есманова.
Бұл – мүмкіндігі шектеулі жандардың кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған шара. Байқауда бизнес-жобасын ұсынған адамның идеясының ұтымдылығы мен ісіне деген сенімділік басты рөл атқарады. Қолға алған немесе бастағалы отырған кәсіптері ертеңгі күні кембағал жанның табыс табуына жол ашса деген ниетпен қаржы институты қайтарымсыз қаржы бөледі.
Банк пен кәсіпкерлердің арасында дәнекер болған “Даму” қоры кәсіпкерлікке қажетті құрал-жабдықтар мен шикізаттар алуға көмектесті. Ағаш өңдеумен, сусын шығарумен, зергерлік және тігіншілік қолөнерімен айналысқысы келген жеңімпаздар өтініштері бойынша бұйымдарын алды.
Аталмыш байқау мүмкіндігі шектеулі жандар арасында үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Осы уақыт аралығында өңірімізден оған қатысуға 30 адам ниет білдірген. Ал жеңімпаз атанғаны – 13 кәсіпкер. Биыл әр жеңімпазға бөлінген гранттың мөлшері 300 мың теңгеге дейін көтерілді.
Гүлмира ЖАҚЫПОВА,
“Даму” кәсіпкерлікті қолдау қоры” АҚ өңірлік филиалының менеджері.