Ерболат Нұғыманов облыс орталығындағы “ҚАЗТЕХМАШ” машина жасау зауытында құрастырушы-слесарь болып жұмыс істейді. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша жұмысы жанданған кәсіпорындағы білікті маманның бірі.
Серіктестіктің ашылғанына көп уақыт бола қоймаса да, аз уақыттың ішінде техника бөлшектерін құрастыруды үйренген жігіт ағасының қарымды қадамы көңіл қуантады. Шетелдік тәжірибелі мамандардың көмегімен ел игілігі жолындағы еңбегі берекелі. Еліміздегі техника құрастыру тарихы қойнауынан ойып тұрып орын алатын бұл зауыттың еңбекпен шыңдалып, еңбектен бақытын тапқан Ерболаттай ерлердің көмегімен қанатын кең құлашқа сермейтіні анық. Еңбекқорлығынан бөлек, Ерболаттың адамгершілік қасиеті де жоғары. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – оның негізгі ұстанымы. Әрдайым жүзі ашық. Кәсіпорында жұмыс істейтіндердің дені жастар болса, Ерболат сол жастарға ақыл-кеңесін айтудан жалыққан емес. Жалықпайды да. Оның маңдай терімен адал еңбек етуге деген құлшынысы ерекше. Қандай қиын шаруа болса да еңсеріп, еңсесін бір түсірген емес. Керісінше өмірге ризашылығы шексіз.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.