«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЫНАҚТАН СӘТТІ ӨТТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Оңдасын Әшімов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, жыл бойы атқарған жұмыстарын баяндады.

2015 жылдың қорытындысы бойынша университет ұжымы бірқатар жетістіктерге қол жеткізген. Білім ордасының оқу, ғылыми-зерттеу, тәрбиелік бағыттардағы жұмыстарын тексерген мемлекеттік аккредитациялау комиссиясы оған жоғары баға беріп, жұмыс мерзімін келесі кезеңге (5 жылға) ұзартқан. Оңдасын Бәйкенұлының айтуынша, университетті халықаралық аккредитациядан өткізген немістің “Assin” агенттігі де бес білім бағдарламасының жұмысын оң бағалаған. “Жалпы жоғары оқу орнының бакалавриат және магистратура білім беру бағдарламаларының барлығы толығымен ұлттық сынақтан сүрінбей өтті. Ұлттық аккредитациялау агенттігінің жоғары оқу орындары арасында өткізген рейтингі бойынша университеттің бірнеше мамандығы 1, 2, 3-орындарды иеленді. Оған жыл сайын білім саласындағы материалдық-техникалық жағдайдың жақсаруының арқасында қол жеткізілуде”, – дейді ректор.

Түлектердің жұмыспен қамтылу көрсеткіші бойынша аталмыш оқу орны еліміздегі алдыңғы қатардағы білім ошақтарының арасында жетінші сатыға жайғасқан. Биылғы жылы “Мәңгілік Ел жастары – индустрияға!”, “Серпін – 2050” бағдарламалары бойынша жұмыс жалғасын тауып, еліміздің оңтүстік өңірлерінен келген 282 студент педагогикалық және техникалық мамандықтарды игеруде. Өткен жылғы студенттерді қосқанда олардың жалпы саны 400-ге жеткен.

Оңдасын Әшімов үстіміздегі жылы университет жалпы сомасы 52 миллион теңгенің 11 ғылыми жобасын орындағанын да айтты. Қазір ғылыми жұмыстарды коммерцияландыруға, яғни жоба қорытындысын өндіріске енгізуге баса назар аударылуда. Бұл ретте 15 жобаға бағдарлама әзірленіп, оларды өндірісте қолдану бойынша жұмыс жүргізілуде. Білім ордасының спортшы студенттері волейбол және президенттік көпсайыстан жеңімпаз атанса, “Жасыл ел” бағдарламасының қатысушылары да еліміз бойынша үздіктер қатарынан көрінген.

Сондай-ақ, Тәуелсіздік күні қарсаңында халық арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, еліміздің мәдени және әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлестері үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Оңдасын Әшімов – “Парасат” орденімен, химия ғылымдарының докторы, профессор Владилен Поляков – “Ерен еңбегі үшін” медалімен, Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі, доцент Людмила Гривенная Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрмет грамотасымен марапатталған.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp