«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚУАТТЫҢ ҚАРЫМЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шал ақын ауданына қарасты Семиполка ауылының тумасы Қуат Айтжанов – жастайынан жеке кәсіпкер болуды армандағандардың бірі. Бүгінде ол – Жамбыл ауданындағы “Тұмар Арт” жеке кәсіпкерлігінің иесі. Жеке кәсібін ашып, бірнеше азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отырған ол бұл жетістікке өзінің табандылығымен, жақсылыққа ұмтылғыш қасиетімен, “Тәуекел түбі – жел қайық, өтерсің де кетерсің” дегендей, батылдығымен жеткен.

– Петропавл темір жол көлігі колледжінің “Энергетика” мамандығында оқып жүргенімде студенттермен тығыз байланыста болдым. Олардың курстық, реферат жұмыстарын неге жетілдірмеске деген ой келді? Оның үстіне қажетті құрал-жабдықтарым да бар, – деген ол адал еңбегінің өтеуіндей алғашқы табысына риза болып, жұмысын одан әрі жандандыруды ойлап, жарнама саласына бет бұрды. Алайда, кәсіпкер болу үшін күні-түні тер төгіп, еңбек ету аздық ететін еді. Бұл саланың қыр-сырын меңгеріп, бизнес-жоспарды дұрыс жасай білген адам ешқашан да ұтылмасы анық. Қуат Айтжанов сол уақытта студенттер арасында ерекше қарқын алып, айырықша қызығушылық туғызған “Work and Travel” атты мемлекеттік бағдарламаға қатысып, Америка Құрама Штаттарына жол тартады. Ондағы Мэриленд штатында жарнама саласы бойынша жұмыс істейді. Оның Америкаға барған сапарынан ұтқаны басым болды, кәсіпкерліктің қыр-сырын танытатын шеберлік сыныптарына, тренингтерге қатысты, тісқаққан адамдармен тәжірибе алмасты. Өңірімізге оралған соң өзі жоспар жасап, оны жүзеге асырудың тиімді тетіктерін қарастыру қиынға соқпады, жинаған тәжірибесін іске асырды. Тұтынушыларға полиграфия және дизайн саласы бойынша қызмет көрсететін “Тұмар Арт” атты жеке кәсіпкерлік ашты. Бүгінде ол жетекшілік етіп отырған кәсіпорын Жамбыл ауданының тұрғындарынан өзге, облысымызға қарасты басқа да ауыл адамдарының қажеттілігін өтеуге атсалысуда. Әсіресе, көктем мезгілінің соңында, жаз айларында жұмыстарының алға басып, мол табысқа кенелулеріне мүмкіндік туады. Өйткені, ауданға қарасты мектептер мен балабақшаларға, өзге де мекемелерге арнайы ат басын бұрады. Бұл кезде ұжымның естелік суретке түсуі жиілейді. Студенттердің де дипломдық жұмыстарының, мұғалімдердің оқу-әдістемелік құралдар дайындауы қарқын алады.  

Қуаттың айтуынша, соңғы кездері тапсырыс берушілердің санының күрт көбейгендігі байқалады. “Бұл жұмысымның жандануына, әлеуетімнің артуына әсер етуде”, – дейді ол.

Ауданның бірнеше тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған жас кәсіпкердің қарамағындағы жандарға қоятын талабы да жоғары. Ол қызметкерлерді бірлікпен жұмыс істеуге міндеттейді. Екіншісі – жаңашылдыққа ұмтылу, тұтынушының көңілінен шығып, оларға сапасы жоғары өнімді ұсынуға талпыну.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp