Жиенім Жанахметтің алпыс жасқа толу мерейтойында оның ұлымен жақынырақ танысудың сәті түсті. Әдеміше келген ұзын бойлы ақсары жігіт өзін Арман, келіншегін Гүлнар деп таныстырды. Облыстық телеарнада жұмыс істегендіктен, келінді бірден шырамыттым. Осы кезде жиен апамыз Ғалия әңгімеге араласып, Арманның Ирландияда жұмыс істейтінін, еңбек демалысына келгенін, үйленіп, отбасын құрғанын жеткізді.
Арманның 1984 жылы Есіл ауданының Ақтас ауылында туып, әжесі, әкемнің апасы Ғайни тәтемнің бауырында өскенін, Ә.Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық қазақ мектеп-интернатын бітіргенін сырттай білетінмін. Сөйтсем, кейін Л.Гумилев атындағы Еуразия университетін мемлекеттік басқару мамандығы бойынша тамамдап, төрт жыл бакалавриатта, екі жыл магистратурада оқыған. Астанада инвестициялық компанияда қызмет еткен. Одан кейінгі өмірі Еуропамен тығыз байланысты.
– Мен оқыған жылдары Еуразия университеті жаңа ашылып жатқан. Ол уақытта жастар білімге өте құштар еді. Қазір көбі ғылымды табыс көзі, мансап баспалдағы санайтын секілді. Сапалы, терең білімнен гөрі, диплом алсақ болды, қалғанын көре жатармыз деген пиғыл басым. Дүмше ғалымсымақтар көбейіп барады. Ондайлармен талай рет бетпе-бет кездесіп, жолымыз түйісті. Бірде-бір ғылыми жобаға қатыспағандары, ғылыми жұмыстармен айналыспайтындары таңғалдырады, – дейді ол.
– АҚШ-қа “Болашақ” халықаралық бағдарламасы арқылы бардың ба?
– Жоқ. Бірнеше рет талпынып көрдім, бірақ ол әрекеттерімнен еш нәтиже шықпайтынын түсіндім. Білімсіздігімнен ия біліксіздігімнен емес, “жолы болғыш” жылпостар бағымды байлағаннан кейін өз күшіме сенуге тура келді. Ағылшын тілін терең меңгеруді мақсат еттім. Ол жақта бір жылдай, сосын “Associate s degree” бағдарламасы шеңберінде бизнес саласы бойынша білім алдым. Англияда білімімді жетілдірдім.
– Тұманды Альбион еліне қалай тап болдың?
– АҚШ-та бір компанияда жұмыс істеп жүргенде докторлық диссертация қорғау үшін тиісті құжаттарды Англиядағы университеттердің біріне жіберген едім. Ондағылардан шақыру алып, үш жылдай оқыдым. Экономика саласы бойынша докторлығымды ойдағыдай қорғап, университетте екі жылға жуық дәріс оқыдым. Сөйтіп жүргенде, бағым жанып, Дублинге шақыртты. Сеніп тапсырылған ғылыми жобаны мерзімінде жасап бергенімді бағалады ма екен, осында дәріс оқуға ұсыныс жасап, соған келістім.
– Мемлекеттік басқару мамандығы бойынша қызмет атқармадың ба?
– Әкімшілік, басшылық қызметтер қатты қызықтырғаны рас. Алайда, түрлі кедергілерден кейін ойымды өзгертіп, бизнес саласын таңдадым. Бірақ жалақысы жоғары компанияға орналассам да, бюрократтық, қағазбастылық, басқа да бөгесіндер аяғыма шырмауықша оратыла берді. Сосын ғылымға біржола ден қойдым.
– Шетелде ғылым қуған жанға қандай жағдайлар жасалған?
– Адам өз әлеуетін таныта білсе, алмайтын қамалы, аспайтын асуы болмайды. Бұл тұрғыдан алғанда, батыстық өлшем мүлдем өзгеше. Қағазбастылық азайтылып, студенттермен қоян-қолтық жұмыс істеуге, ғылыми жұмыстармен алаңсыз айналысуға барынша мүмкіндік пен дербестік беріледі. Басылымдарға ұсынылған мақалалардың жаңалығы, ғылыми сипаты болмаса, жариялай қоюы екіталай.
Мен дәрістерді тек ағылшын тілінде оқимын. Мақалаларым да осы тілде жарық көреді. Сондықтан көптеген артықшылықтарға иемін. Еңбекақы да жоғары. Бір сөзбен айтқанда, шетелде білімділік, біліктілік қасиеттер айрықша бағаланатынына көзім анық жетті.
– Қазақстанда ғылым мен ғалымдар әлеуеті қалай пайдаланылады?
– Мемлекетіміз жас. Өз ырғағын енді тауып, экономика, тағы басқа бағыттарда үйлесімділік сипаттар пайда бола бастады. Дегенмен, адам жанын жабырқатар кемшін тұстар да жоқ емес. Білімді басты инвестиция көзіне айналдыруға не кедергі дегенге келсек, қағазбастылық, жиналыс-құмарлық дер едім. Екіншіден, жалақының төмендігі. Осы екі мәселе шешімін тапса, ғылымның дамуына даңғыл жол ашылары анық.
Сондықтан, ғылым мен білімге қатысты мемлекеттік стандарттарға өзгерістер енгізетін мезгіл жетті.
– Елге оралуды ойлап жүрген жоқсың ба?
– Туған жердің ауасы бөлек, түтіні ыстық. Қатты сағынған сәттерде жұмысқа алданамын.
Біз сияқты шетелдік тәжірибесі мол ғалымдарды қажет деп тауып, жағдай жасалатын болса, көзді жұмып тартып кетер едім.
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.