«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТАУЫ ДА, МАЗМҰНЫ ДА ЖАҢАРДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жексенбі күні “Қазақстан” ұлттық арнасы мен облыстық “Қызылжар” телеарнасының жаңа маусымының тұсаукесері болып өтті. Бұл салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет, “Қазақстан” республикалық телерадиокорпорациясы” акционерлік қоғамы аймақтық хабар таратуды дамыту департаментінің директоры Ержанар Әшейхан қатысты.

– Бүгін біз облысымыздың мәдени өміріндегі елеулі оқиғаның куәсі болып отырмыз. Телевизия – қоғамымыздың тынысы ғана емес, өмірдің айнасы іспеттес. Жарты ғасырдан астам тарихы бар облыстық телеарнаның жүріп өткен жолы айшықты. Оның өңірлік ақпарат орталығын қалыптастыруда тындырып жатқан жұмыстары айтарлықтай. Олай болса, ендігі уақытта жаңа атаумен көрерменге жол тартқан “Қызылжар” телеарнасына сәтті қадам тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет.

Ержанар Әшейхан өз сөзінде 2002 жылдан бастап ұлттық мәртебесіне ие болған, өзімізбен бірге шекаралас бірнеше елдерге хабар таратып жатқан республикалық телерадиокорпорацияның кешегісі мен бүгінгісіне тоқталды. Бүгінде оған қарайтын 14 аймақтық арнаның атаулары өзгертіліп, күнделікті эфирге жаңа логотиппен шығып жатқандығын атап көрсетті. Еліміздегі рухани жаңғырумен үндес бұл өзгеріс алдағы уақытта жаңа жобалар, ұлттық нақыштағы хабарлар әкелетіні сөзсіз.

– Бүгінде “Қызылжар” телеарнасы тәулігіне 17 сағат хабар таратады. Оның бағдарламаларын өңір халқының 98 пайызы көре алады. 2017-2018 жаңа телевизиялық маусымда облыстық телеарнада бүгінгі күнге дейін үздіксіз шығып келген 35 бағдарламаға “Аграрлы аймақ”, “Қуатты Қазақстан”, “Тұлға”, “Туған жер”, “Қайырлы таң”, “Ұлағат”, “Ән – аманат” сияқты 11 жаңа телебағдарлама қосылды. Биылғы маусымда облыстық телеарна жаңа атаумен шығып қана қоймай, хабарларының мазмұны, эфирдің безендірілуі де өзгертілді. Оларда ою-өрнектер мен ұлттық нақыштағы тарихи жәдігерлерге ерекше мән берілуде, – деді облыстық “Қызылжар” телеарнасының директоры Ерлан Тоқшылық.

Одан кейін облыстық “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-нің директоры – бас редакторы Жарасбай Сүлейменов, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессорлары Зарқын Тайшыбай мен Жанар Таласпаева телевизияның бүгінгі таңдағы рөлі, болашағы, мақсаты жайлы әсерлі әңгімелеп берді. Тұсаукесер барысында өңірімізге есімдері жақсы танымал әншілер Біржан Есжанов, Дәмеш Құрманкина, басқа да өнерпаздар әннен шашу шашты.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕРДЕ: мерекелік шарадан көріністер.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp