Биыл азаттық жолында арпалысқан арыстардың ұлты үшін саяси шешім қабылдап, азаттық аңсарына қол созған сәтіне 100 жыл толып отыр. Соған орай, Білім және ғылым министрлігіне қарасты Мемлекет тарихы институты мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті бірлесіп, “Рухани жаңғыру: Алаш және азаттық идеясының сабақтастығы” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырды. Маңызды жиынды ашып, сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқып берді.
Елбасы өз құттықтауында конференцияға қатысушыларға шынайы табыс тілей отырып, Алаш арыстары аңсаған азаттыққа бүгінгі ұрпақ қол жеткізгеніне тоқталыпты. “Алаш қозғалысының ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының саяси-әлеуметтік құқықтарын қорғау, ұлттық бет-бейнесін сақтап қалу жолындағы күресі, азаттық үшін күрестің жарқын беті болып табылады. Алаш арыстарының пассионарлық идеялары біздің ата-бабаларымыздың азаттық алу, дербес мемлекет құру жолындағы сан ғасырлық аманатымен ұштасып жатыр. Сол кездегі ұлт зиялылары арман еткен мемлекет тәуелсіздігіне бүгінгі ұрпақ қол жеткізді. Еліміз егемендік алып, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерімен терезесін теңестіріп отыр. Мен “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаламда: “Тағылымы мол тарихымызды зерделеуге, төлтума мәдениетімізді қолдауға қатысты нақты міндеттерді атап көрсеттім. Біз қоғамдық сананы қазіргі заманға сай жаңғырту арқылы елімізді жаңартуды мақсат тұтып отырмыз. Еліміздің экономикалық әлеуеті артқан сайын, халқымыз бай рухани мұрасын дәріптеуге де зор мүмкіндік жасалады”, – делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
Жалпы, 1917 жылы патша тақтан құлатылғаннан кейін, мемлекет билігі уақытша үкімет пен кеңестік большевиктердің қолына кезек көшкен тұста ұлт зиялылары автономды Қазақ мемлекетін құруға ұмтылғаны мәлім. Олар өз мақсаттарына жету үшін күш біріктіріп, партия құрды. Осы ұлттық партияның атын “Алаш” деп атады да, болашақта құрылуы тиіс үкіметке “Алашорда” деген атау берді. “Алаш” партиясы мен Алашорда үкіметі большевиктер ұсынған кеңестік даму бағытымен қатар дүниеге келді де, Ресейдің байырғы отарлау саясатын ұстанушы коммунист колонизаторлармен (С.Сәдуақасов) бастары “бір қазанға” сыймады. Оған себеп, қазақ зиялылары әуел бастан тәуелсіз ұлттық автономия құруды жоспарлады әрі жаңа үкіметті мойындамады.
Алаштанушы тарихшылар айтқандай, Алаш арыстары Қазақ елінің сан ғасырлық даму тәжірибесін, салт-дәстүрін революциялық әдіспен күрт өзгертуді емес, қайта оларды эволюциялық жолмен басқа өркениетті елдердің өмір тәжірибесін ескере отырып, одан әрі жетілдіре түсуді көздеді. Осылайша, Қазақ елі өзін-өзі билеуге, сөйтіп, өзінің ішкі қоғамдық мәселелерін өзі шешуге, өз атамекеніне өзі ие болуға мүмкіндік қарастырды. Бұл қазақ халқына мәңгілік арман болған азаттық жолы болатын.
Конференция мінберінен кезек-кезек баяндама жасаған отандық және шетелдік ғалымдар, бір ғасыр өткен алаштықтар идеясына тарихи тұрғыдан баға беріп, Алашорда үкіметі кеңестік басқаруға қарсы балама билік ретінде құрылған ұйым десе, Парламент Мәжілісінің дептутаты, саяси ғылымдар докторы Қуаныш Сұлтанов дербес мемлекет құруды көздеген Алаш арыстарының талаптары дәл бүгін іске асып отырғанын, сол себепті, тәркіленген тарихымызды қалпына келтіріп, аталарымыз армандаған тәуелсіздік, бостандық, теңдік, құқықтық, жасампаздық идеяларды келер ұрпақтың жадына сіңіру асыл мұратымыз екенін жеткізді.
Сонымен қатар көпшілік қауым Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин бастаған отандық зиялылармен бірге, әзірбайжандық ғалым Мұса Ғасымлы, өзбекстандық тарихшы Ильхомжон Саидов, қырғыз профессоры Зайниддин Қурбанов, башқұрт оқымыстысы Марсель Фархшатовтың Алаш арыстарына қатысты баяндамаларын тыңдады.
(“Егемен Қазақстан”,
13 қараша 2017 жыл).