«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІКТІ МАМАНДАР ОРДАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің ашылғанына биыл 60 жыл толып отыр. Жуырда колледждің ұжымы, түлектері мен оқушылары мерейтойларын Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында салтанатты түрде атап өтті.

Тың игеру қарқын алған өткен ғасырдың елуінші жылдары ауыл шаруашылығы мамандарына деген сұраныс күрт артып, елімізде салалық кәсіптік-техникалық училищелер ашыла бастады. Сөйтіп, 1957 жылы Борки кентіндегі ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесінің негізінде Петропавл индустриялдық-педагогикалық техникумы құрылды. Ал 1960 жылы техникум алғашқы 58 түлегін қанат қақтырды.

Өз тарихында бұл оқу орны үш рет атауын өзгерткен екен. Бүгінгі колледж – заманауи инновациялық білім беру мекемесі болып табылады. Оны жоғары кәсіптік, бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау шеберханасы деп те атайды. Қазіргі уақытта мұнда 1200-ден астам студент ауыл шаруашылығы, автокөлік, спорт және энергетика салаларын қамтыған 14 мамандық бойынша білім алып жүр.

Мерекелік шараға жиналған қауымды өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың атынан облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет құттықтап, колледждің қол жеткізген жетістіктеріне айрықша тоқталып өтті.

– Колледж биыл Абу-Дабиде өткен “World SkilIs International” кәсіби шеберлер қозғалысының белсенді қатысушысы атанды. Евгений Смирнов былтыр Швецияда осы жоба бойынша өткен еуропалық чемпионатқа қатысты. Бұл осы оқу орнының Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласында атап көрсеткен XXI ғасырдың талаптарына сай білім беріп, бәсекеге қабілетті азаматтарды даярлап жатқанының бір дәлелі, – деді Мадияр Қожахмет.

Мадияр Қожахмет жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеудегі жетістіктері үшін және колледждің 60 жылдық мерейтойына байланысты бір топ ұжым мүшелеріне облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыс етті. Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің серіктестік және халықаралық жобаларды дамыту бағдарламасының басшысы Рауза Шырғатова да бірқатар колледж оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлеріне Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатын табыстап, Құрмет грамотасымен марапаттады. Сондай-ақ, жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі жетістіктері үшін – “Ыбырай Алтынсарин”, білім саласындағы зор еңбегі үшін “Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері” төсбелгілерін табыстады.

Осы күні “Білім беру ісінің құрметті қызметкері” атанған колледж директоры Жеңіс Әбілмәжін оқу орнының өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан ардагерлер мен бүгіндері жан-жақты қолдау көрсетіп жүрген әкімдік өкілдерін және серіктестеріне алғысын білдірді. Оқу мекемесі даярлаған кадрларды жұмыспен қамтамасыз етуге атсалысушы әлеуметтік әріптестері бар. Мәселен, колледж “Основание”, “Гедеон”, “Барс-Строй”, “Джип”, “Вивага-Лада” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментпен және “СҚО көлік одағы” қауымдастығымен қоян-қолтық жұмыс істеп келеді. Колледждің түлегі Леонид Ларычев басқаратын “СевКазЭнерго” акционерлік қоғамы да оқу орнының басты әріптестерінің бірі. Ол колледж қабырғасынан түлеп ұшқан жастардың еңбек нарығындағы талаптарға жауап бере алатынын зор қуанышпен айтты.

Колледж ұжымы, сондай-ақ, халықаралық қатынасты нығайтуды да басты міндеттерінің бірі санайды. Тәжірибе алмасып, тығыз қарым-қатынас орнатқан оқу орындарының бірі – Ресейдің Шадринск политехникалық колледжінің директоры Михаил Харламов та қазақстандық әріптестеріне құттықтауын арнады.

Кәсіптік-техникалық колледж спорттағы жетістіктерін ерекше мақтан тұтады. Бұл оқу орнынан сегіз – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 128 – КСРО-ның, 97 Қазақстан Республикасының спорт шебері мен спорт шеберлігінен үміткер түлеп ұшқан екен. Қазақстанның спорт шебері, шаңғышы және шаңғымен бағдарлаушы Аслан Тоқбаев осы білім ордасын 11 жыл бұрын тамамдапты. Мерекелік шарада сөз алған спортшы колледж қабырғасында үлкен өмір жолын бастағанын және осы таңдауына еш өкінбейтінін тебірене жеткізді.

Салтанатты шара өнер иелерінің концертіне ұласты. Жиналған қауымға ерекше көңіл-күй сыйлаған облыстық филармония ұжымына облыс әкімнің ықылас гүлі табыс етілді. Кештің құрметті қонағы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, әнші Алтынай Жорабаева көрермендердің көзайымына айналды.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp