«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДӘСТҮРЛІ ДОДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан, Ресей, Украина және Қырғызстанның 250 жасөспірім балуаны Петропавлда КСРО-ның спорт шебері Уәлихан Нұркеевті еске түсіруге арналған жарысқа қатысты. Кезінде жастар және ересектер арасында Қазақстан чемпионы, артынша бүкілодақтық турнирде топ жарған атақты жерлесіміздің құрметіне грек-рим күресінен жарыс соңғы 15 жыл бойы үздіксіз өткізіліп келеді.

Биыл еліміздің алты облысы, он қаласынан және Ресейдің Новосібір, Қорған, Петухово, Сургут шаһарларынан, сонымен қатар Украина мен Қырғызстаннан 30 команда келді. Солтүстік Қазақстан облысының намысын Ақжар, Аққайың, Қызылжар, Мамлют, Есіл және Шал ақын аудандарының балуандары мен облыс орталығындағы “Жеңіс”, “Олимп” спорт мектептері, спорт-интернат және күрес мектебінің түлектері қорғады.

– Уәлихан Нұркеевтің ізін басып, боз кілемде белдескеннің жауырынын жер иіскетіп жүрген балуандар баршылық. Азия чемпионатының жүлдегері Роман Мелешин, жасөспірімдер арасындағы Олимпиаданың күміс жүлдегері Ақан Баймағамбетов, ел чемпионы Жанарбек Қабдоловты ерекше атап өтуге болады. Евгений Горбузняк, Аманғали Бекболатов, Дастанбек Алпамыс, Станислав Рыльский мен Сергей Ярош та құрлықтық және әлемдік жарыстарда жүлде алып жүр. Биылғы жылдың басты додасы – Ашхабадта өткен жабық кешендегі Азия ойындарында Данияр Кәленов алтыннан алқа тағынып, мерейімізді асырды, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Әлдименов жарыстың ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.

Екі күнге созылған дода барысында 13 салмақ дәрежесінде мықтылар анықталды. Бес бірдей бас жүлдені жергілікті балуандар қанжығаларына байлады. Жерлестеріміз Ислам Евлоев, Денис Пилипенко, Родион Искожин, Мерхат Гайсиев пен Максим Скрипак жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. Сөйтіп, жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте бас жүлдені иеленді. Өзге салмақтарда Рудный, Атбасар, Алматы, Астана қалалары, Оңтүстік Қазақстан облысы мен Қырғызстанның өкілдері жеңімпаз атанды.

Анна ПЕНЬКОВА,

облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp