«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҢДАЙ ТЕРДІҢ ӨТЕУІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Күз – жаз бойы бел жазбай жұмыс істеген қауымның төккен терінің қайтарымы болатын сәт. Өткен сенбі күні облыс орталығында ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің “Ауылым – рухани қазынам” атты форумы өтті. Оған ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, еңбек озаттары, үздік агроқұрылым басшылары қатысты.

Өңір диқандары еңбегінің нәтижесінде үстіміздегі жылы дәнді дақылдардың әр гектарынан 18,2 центнерден өнім жиналып, қамбаға 5,6 млн. тонна алтын дән құйылды. Басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім алынып, келесі жылдың егісі үшін қажетті тұқым мен төрт түлік малдың қысқа қажетті азығы дайындалды.

Петропавл қаласындағы Спорт сарайында ұйымдастырылған мерекелік жиынға қатысушылар алдымен солтүстікқазақстандық ұқсату кәсіпорындары өндіретін өнімдердің көрмесімен танысты. Көрмеде ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілетті азық-түлік, бал, жеміс-жидек, ет және шұжық өнімдері арқылы тұтынушылардың талабынан шығып жүрген отыздан астам компания өз тауарын ұсынды. Көрмені тамашалаған өңір басшысы Құмар Ақсақалов жергілікті кәсіпкерлік субъектілерінің арасынан “Қазақстанның үздік тауары” республикалық байқауы жүлдегерлерінің, басқа да конкурстарда алдыңғы қатардан көрініп жүрген кәсіпкерлердің өнімін жоғары бағалады.

Содан кейін Спорт сарайына жиналған қауым өңір экономикасының негізгі саласының бірі – ауыл шаруашылығының дамуын баяндайтын деректi фильмді тамашалады. Оған жергілікті агроқұрылымдардың көктемнің әрбір ашық күнін тиімді пайдалана отырып, ырыс дәнін сіңіргені, күзгі орақ науқанын сәтті аяқтап шыққаны арқау болған.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің өкілдерін мерекелерімен құттықтап, ауыл шаруашылығы саласының өңір экономикасын дамытуға қосқан зор үлесіне тоқталып өтті.

– Соңғы жылдары өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласы маңызды жетістіктерге қол жеткізуде. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлерін өндіру ұлғайды, ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 26 млрд. теңгеге жетіп, сыртқы сауда айналымы 30 пайызға артты. Егістік алқаптарын әртараптандыру бойынша қыруар жұмыстар атқарылды. Майлы дақылдардың көлемі артты. Облысымызда еңбек өнімділігі өсіп келеді. Меніңше, бұл да әлі шарықтау шегі емес. Облыста еңбек өнімділігі жөнінен үлгі болатын шаруашылықтар жеткілікті. Алдағы уақытта олардың санын одан әрі көбейту қажет. Мен облыс басшылығы атынан барлық ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне биыл аянбай еткен еңбектері үшін алғысымды білдіремін, – деді Құмар Іргебайұлы.

Өңір басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығы саласы облыс экономикасының 25 пайызын құрайды. Тұрғындардың 56 пайызы ауылды жерде тұрса, бұл салада жүз мыңнан астам солтүстікқазақстандық табысты еңбек етуде. Өңір диқандары маңдай терінің арқасында биылғы күзгі жиын-терін науқанында рекордтық астық жинады. Майлы дақылдан, картоп пен көкөністен де жақсы өнім алынды. Жалпы, 715 мың гектарға майлы дақылдар егілсе, 2018 жылы оның көлемі бір миллион гектарға дейін артылмақ. Келесі жылы әр ауданда 20 гектар жерге картоп егу жоспарланған. Бұл іске шаруашылықтар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар тартылмақ.

Биылғы жылдың нәтижесі жергілікті агроқұрылымдардың ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеу барысында ұстанған нөлдік технологиялардың, топырақ құнарлығын қорғау әдістерінің артықшылығын көрсетті. Атап айтқанда, қар тоқтату жұмыстары уақытында әрі сапалы жүргізілген, жаңа технологиялар қолданылған алқаптардан мол өнім алынды. Облыс бойынша топырақтың құнарлығын көтеру үшін 76 мың тонна минералды тыңайтқыш сіңірілсе, алдағы жылы бұл көрсеткіш 100 мың тоннаға дейін жетеді. Тұқымды жаңарту жұмысы да ерекше бақылауға алынған. Биыл шаруашылықтар 25 мың тонна элиталық тұқым септі. Соның нәтижесінде бар тұқымның 5,3 пайызы жаңартылды.

Жыл басынан бері облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер 7,5 млрд. теңгеге бір мыңнан астам жаңа техника сатып алды. Осының барлығына өңірімізге мемлекеттік қолдау ретінде бөлінген 44 млрд. теңге қаржының арқасында қол жеткізілді.

Сондай-ақ, форум барысында сала озаттарының еңбегі ескерусіз қалмады. Атап айтқанда, өз саласында ерен еңбектің үлгісін көрсете білген 18 жерлесiмiз Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен “Еңбек ардагері” медалімен, “Ауыл шаруашылығы саласының үздігі” төсбелгісімен, Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. Бұл күні ауыл шаруашылығы саласын дамытуға зор үлес қосқан бір топ озат облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды.

“Үздік комбайншы”, “Үздік механизатор”, “Үздік жетекші”, “Үздік сауыншы”, “Үздік малшы”, “Үздік – жас маман”, “Өндіріс және өңдеу ісінің үздік технологі”, “Үздік ауыл” аталымдары бойынша да жеңімпаздар анықталды. Оларға облыс әкімі тиісті дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.

Өңіріміздің орман қорын, егін алқаптарын тілсіз жаудан қорғайтын құтқарушылардың еңбегі де лайықты бағаланды. Соңғы бес жылдың ішінде орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңғырту мақсатында жергілікті бюджеттен 134 млн. теңге бөлінген болатын. Бұл жолы Құмар Ақсақалов Ақан сері, Лесное, Орлиногор, Бұрлық, Булаев және Сергеевка орман шаруашылығының басшыларына алты өрт сөндіру машинасының кілтін табыстады.

Салтанатты жиынға қатысушыларды төл мерекелерімен “Тайынша-Астық” серіктестігінің басшысы Анатолий Рафальский, облысымыздың құрметті азаматы Құдайберген Қалиев, еңбек ардагері Евгений Викторов құттықтады.

Жергілікті өнер шеберлерінің концертімен түйінделген форум соңында ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне белгілі эстрада жұлдызы Алтынай Жорабаева мен “Земляне” тобы әннен шашу шашты.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp