«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚИҚАТҚА АЙНАЛҒАН АЛАШ АҢСАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл азаттық жолында арпа­лысқан арыстардың ұлты үшін саяси шешім қабылдап, азаттық аңсарына қол созған сәтіне 100 жыл толып отыр. Соған орай, Білім және ғылым министрлігіне қарасты Мемлекет тарихы институты мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті бірлесіп, “Рухани жаңғыру: Алаш жә­не азаттық идеясының са­бақ­тастығы” атты халық­аралық ғылыми-тәжіри­белік конференция ұйымдастырды. Маңызды жиынды ашып, сөз сөйлеген Қазақстан Рес­пуб­ликасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбді­қа­лықова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың құттықтауын оқып бер­ді.

Елбасы өз құттықтау­ында кон­ферен­цияға қа­тысушыларға шынайы та­быс тілей отырып, Алаш арыстары аңсаған азаттыққа бүгінгі ұрпақ қол жеткізгеніне тоқталыпты. “Алаш қозғалысының ХХ ғасыр ба­сындағы қазақ халқы­ның саяси-әлеуметтік құқық­тарын қорғау, ұлттық бет-бей­несін сақтап қалу жолын­дағы күресі, азаттық үшін күрестің жарқын беті болып табылады. Алаш арыс­тарының пассионарлық идея­лары біздің ата-баба­ла­рымыздың азаттық алу, дербес мемлекет құру жо­лын­­дағы сан ғасырлық амана­тымен ұштасып жатыр. Сол кездегі ұлт зиялы­лары арман еткен мемлекет тәуелсіздігіне бүгінгі ұр­пақ қол жеткізді. Еліміз еге­мендік алып, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерімен терезесін теңестіріп отыр. Мен “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаламда: “Тағылымы мол тарихымызды зерделеуге, төлтума мәдениетімізді қолдауға қатысты нақты міндеттерді атап көрсеттім. Біз қоғамдық сананы қазіргі заманға сай жаңғырту арқылы елімізді жаңар­туды мақсат тұтып отырмыз. Елі­міздің экономикалық әлеуеті арт­қан сайын, халқымыз бай руха­ни мұрасын дәріптеуге де зор мүм­кіндік жасалады”, – делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Жалпы, 1917 жылы патша тақтан құлатылғаннан кейін, мемлекет билігі уақытша үкімет пен кеңестік большевиктердің қолына кезек көшкен тұста ұлт зиялылары автономды Қазақ мемлекетін құруға ұмтылғаны мәлім. Олар өз мақсаттарына жету үшін күш біріктіріп, партия құрды. Осы ұлттық партияның атын “Алаш” деп атады да, болашақта құрылуы тиіс үкіметке “Алашорда” деген атау берді. “Алаш” партиясы мен Алашорда үкіметі большевиктер ұсын­ған кеңестік даму бағытымен қатар дүниеге келді де, Ре­сейдің байырғы отарлау сая­сатын ұстанушы коммунист колонизаторлармен (С.Сәдуақасов) бастары “бір қа­занға” сыймады. Оған себеп, қазақ зиялылары әуел бастан тәуелсіз ұлттық автономия құруды жоспарлады әрі жаңа үкіметті мойындамады.

Алаштанушы тарихшылар айтқандай, Алаш арыс­тары Қазақ елінің сан ғасырлық да­му тәжірибесін, салт-дәстүрін рево­лю­циялық әдіспен күрт өзгертуді емес, қайта оларды эволюциялық жолмен басқа өркениетті елдер­дің өмір тәжірибесін ескере отырып, одан әрі жетілдіре түсуді көз­деді. Осылайша, Қазақ елі өзін-өзі билеуге, сөйтіп, өзінің ішкі қоғам­дық мәселелерін өзі шешуге, өз атамекеніне өзі ие болуға мүм­к­індік қара­с­тырды. Бұл қазақ халқына мәңгілік арман болған азаттық жолы болатын.

Конференция мінберінен кезек-кезек баяндама жа­саған отандық және шетелдік ғалымдар, бір ғасыр өткен алаштықтар идеясына тарихи тұрғыдан баға беріп, Алашорда үкіметі кеңестік басқаруға қарсы балама билік ретінде құрылған ұйым десе, Парламент Мәжілісінің дептутаты, сая­си ғылымдар докторы Қуаныш Сұлтанов дербес мемлекет құруды көздеген Алаш арыстарының талаптары дәл бүгін іске асып отырғанын, сол себепті, тәркіленген тарихымызды қалпына келтіріп, аталарымыз армандаған тәуелсіздік, бостандық, теңдік, құқық­тық, жасампаздық идеяларды келер ұрпақтың жадына сіңіру асыл мұратымыз екенін жеткізді.

Сонымен қатар көпшілік қауым Қазақстан Жазу­шылар одағы басқар­ма­сының төрағасы Нұрлан Ора­залин бастаған отан­дық зиялылармен бірге, әзірбай­жандық ғалым Мұса Ға­сымлы, өзбекстандық та­рих­шы Ильхомжон Саи­дов, қырғыз профессоры Зайниддин Қурбанов, баш­құрт оқымыстысы Марсель Фархшатовтың Алаш арыстарына қатысты баяндамаларын тыңдады.

(“Егемен Қазақстан”,

 

13 қараша 2017 жыл).  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp