Ресейдің Омбы қаласында Солтүстік Қазақстан облысында шығарылған өнімдерді сататын “Қазмаркет” атты дүкен ашылды. Шаһар тұрғындары бұл сауда орнынан ет, сүт және кондитерлік өнімдерді сатып ала алады.
Көрші елде Қазақстанның артық қоспасыз, экологиялық таза өнімдеріне деген сұраныс жоғары. Бұл шекаралас облыстарда ұйымдастырылған Солтүстік Қазақстанда шығарылған өнімдер ғана сатылған жәрмеңкелер барысында анық аңғарылған. Сондықтан сұранысты қанағаттандыру үшін өнімдерді тұрақты түрде сататын дүкен ашу ұйғарылған. Омбыдағы дүкен – сол жоспардың жүзеге асқандығының көрінісі. Жақында тағы бір сауда орны ашылады деп күтілуде.
Тамыз айында Омбы облыстық экономика министрінің орынбасары Денис Кушнер қалада Солтүстік Қазақстан облысында өндірілген өнімдер ғана сатылатын дүкендер ашу мен жәрмеңкелер өткізу жоспары жайлы айтқан болатын. Оның сөзінше, Қазақстан Омбы облысы үшін сыртқы сауда тұрғысынан негізгі әріптес саналады, оның үлесі 30 пайызға жақын.
– 2017 жылдың қаңтар-шілде айларында Омбы облысының Қазақстанмен сауда айналымы 143,6 миллион АҚШ долларын құрады. Өсу қарқыны өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 33 пайызды құрап отыр, – деген министрдің орынбасары.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.