Өткен демалыс күндері өңіріміздің тәртіп сақшылары Уәлиханов ауданының ен даласында адасып кеткен ресейлік азаматтарды іздеді. Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Степногорскіден Ресейдің Омбы қаласына бет алған ерлі-зайыптылардың жоғалғаны туралы әйелдің әкесі хабарлаған. Жұма күні Омбыға жетуі тиіс қызы мен күйеу баласынан еш хабар ала алмаған Владимир Полтавец бір тәулік бойы жоғалғандарды өзі іздеген көрінеді. Ақыры күйеу баласы тізгіндеген “Nissan” автокөлігінің шекарадан өтпегенін білген ол өңіріміздің тәртіп сақшыларынан көмек сұраған.
Ақпарат түсе сала полицейлер барлық елді мекендерді тексергенімен, жоғалған ресейліктерді таба алмайды. Келесі күні іздеу жұмысына тәртіп сақшыларынан құрылған сегіз топ және жергілікті әкімдік қызметкерлері жұмылдырылған.
Үздіксіз жүргізілген іздеу шараларының арқасында жексенбі күні түске таяу Домбыралы ауылынан төрт шақырым жерден ерлі-зайыптылар аман-есен табылды. Қолайсыз ауа райының салдарынан күре жолдан шығып, адасып кеткен олардың көліктері сынып қалыпты. Сөйтіп, олар екі күн бойы далада түнеген. Үйлерінде 4 және 11 жастағы қыздары күтіп отырған ресейліктерді тәртіп сақшылары шекараға дейін шығарып салды.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.