«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АПАТТЫ ДЕП ТАНЫЛМАСА ДА фельдшерлік-акушерлік пункттің бүгінгі жайы алаңдатарлық

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар ауданына қарасты Новомихайловка – экономикалық әлеуеті жоғары елді мекендердің бірі. Төрт жүзден астам отбасы түгелге жуық жұмыспен қамтамасыз етілген. Әлеуметтік нысандар жұмыс істеп тұр. Шаруашылық басшылары тұрмысы төмен адамдар мен қарттарға үнемі қарайласып отырады.

Бір “әттеген-айы”, фельдшерлік-акушерлік пункттің тозығы жеткені. Бұрын мұнда жап-жақсы медициналық ғимарат болған. Оның шатырына, жылу жүйесіне жөндеу жүргізуді басы артық іс санаған жергілікті шенеуніктер сүргізіп тастапты. Оның орнына 2005 жылы тұрғызылған амбулаториялық орталықтың қазіргі жайы адам жыларлық халде. Төбесі мен қабырғалары опырылып, бармақ сыйып кететіндей жарықшақтар үңірейіп тұр. Еденді қанша рет жамап-жасқаса да, іргетас жыл-жып кеткендіктен, қалпына келтіру мүмкін емес.

Иә, оның бой көтергеніне тұрғындар бастапқыда қуанған еді. Қазір қуаныштары су сепкендей басылып, сапалы медициналық ем-дом алмақ түгіл, қолданылу мерзімі жарты ғасырға лайықталған ғимараттың ішіне кіруге де жүрексінеді. Ойда-жоқта құлап түсе ме деп қорқады.

Бір түсініксіздігі, төрт мыңға жуық адамға қызмет көрсетіп келген амбулатория жабылып, ФАП-қа айналдырылған. Сол себепті бірқатар кабинеттер қаңырап, бос қалған. Сыртқы, ішкі келбетінен кісі шошитын нысанды Көкшетау қаласындағы “Маредос” компаниясы салып, 37 миллион теңге жұмсаған көрінеді. Қалай болса, солай тұрғызылғанына қарағанда “әй дер әже, қой дер қожа” табылмағанға ұқсайды. Оны қабылдап алған комиссия сапасына көз жұма қараған секілді. Әйтпесе, мемлекеттің ондаған миллион қаражаты желге ұшпас еді.

Орталық аурухана басшылығы ескіні жаңғыртқанша, арзан нысан сатып алған әлдеқайда тиімді екенін алға тартқанымен, мәселенің жуық арада шешілетін түрі көрінбейді. Өйткені, ауылдық округке көшіп келушілер қарасы мол болғандықтан, мұнда үйдің бағасы қымбат.

“Мүйіз сұраймын деп жүріп сақалынан айырылғанның” кебін киген тұрғындар болса арада он екі жыл өтер-өтпестен шаңырағы опырылып ортасына түскелі тұрған ғимаратты пайдалануға мәжбүр. Бір қызығы, 2010 жылы нысан құрылысына сараптама жасалғанымен, апатты деп танылмаған. Күрделі жөндеу керек деген шешім шығарылған екен.

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp