Сарқылмас ақыл-парасат пен таусылмас мол өнеге-өсиеттің шырағы іспетті ақсақалды аталарымыз бен ақжаулықты әжелеріміз ешқашан ел құрметінен тыс қалған емес. Үстіміздегі жылы ауданымызда қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы “Аға буынға – лайықты құрмет” ұранымен өтті.
Бүгінде Айыртау ауданында 6858 зейнеткер мен 1381 мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Олардың 809-ы, яғни 11,8 пайызы – кәсіпорындар мен ұйымдардан байланыстарын үзгендер.
Айлық аясында өткен қайырымдылық сенбілігіне 21 мыңнан астам адам атсалысып, 6297,0 мың теңге жиналды. Түскен қаражаттың тең жартысы “Келешек” қайырымдылық қорының, ал қалған бөлігі қарттар мен мүгедектерге көмек көрсету үшін аудандық ардагерлер кеңесінің есепшотына аударылды.
Аудандағы еңбек ұжымдарында зейнеткерлердің қатысуымен кездесулер ұйымдастырылды. Атап айтқанда, аудан орталығы мен барлық ауылдық округтерде қарт адамдарға, мүгедектер мен тыл еңбеккерлеріне, соғыс ардагерлеріне арнайы мерекелік дастарқан жайылып, концерттік бағдарламалар ұсынылды. Ұжым өкілдері денсаулығына байланысты мерекелік шараларға қатыса алмаған қарттардың үйлеріне арнайы барып, құттықтады.
Ауданның зейнеткерлері мен мүгедек жандарына қаржылай және әлеуметтік қолдау көрсетілді. Белсенділік танытқан “Нефтебаза” АҚ-ы, “Арықбалық”, “Баянтай”, “Айыртау Алиби”, “Айыртау Астық”, “Ғасыр Айыртау”, “Фирма Златогорка”, “АгроКом Мәдениет” ЖШС-і, “Арна” ФҚ-ы және басқа да ауыл шаруашылығы құрылымдары зейнеткерлер мен мүгедектерге мерекелік концерттер ұйымдастырып, қазақы дәстүрмен дастарқан жайды. Сондай-ақ, қарттарға 8396,2 мың теңгенің жемшөбі жеткізіліп берілді.
Мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшылары айлық барысында 130 зейнеткерге қолдау көрсетті. Одан басқа, аудан зейнеткерлері үшін Саумалкөлде ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, жемшөп, мал және өсімдік шаруашылығының тауарлары қолжетімді бағамен сатылды. Қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйде тұратын 158 зейнеткер мен мүгедекке қолдау көрсетілді. Көп жылдар бойы бір шаңырақ астында өмір сүріп келе жатқан жарасымды жұптар, мүмкіндігі шектеулі балалар, аз қамтылған отбасылар да назардан тыс қалған жоқ.
Ерлан ҚАЗБЕКОВ,
Айыртау аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар
бөлімінің басшысы.