«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕГІ АДАЛ, ЕҢБЕКАҚЫСЫ АЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үстіміздегі жылдың сәуір айында интернетке облыс орталығындағы жекеменшік балабақшалардың бірінің тәрбиешісі балаларды серуендеуге шығарғанда жұлқылап, жерге құлатқанын көрсететін бейнежазба жарияланып, қоғам бір дүрліккен болатын. Қалалық білім бөлімі арнайы комиссия құрып, бүлдіршінге қол көтерген тәрбиеші жұмысынан қуылды. Ал бірнеше жыл бұрын Петропавлдағы тағы бір балабақшада жарақат алған 5 жасар сәбидің ата-анасы тәрбиешіден сот арқылы 105 мың теңге көлемінде өтемақы өндіріп алған еді.

Бүгінгі таңда осындай оқиғалар еліміздің әр өңірінде орын алуда. Ұлын Отан алдындағы борышын өтеуге жібергендердің де, баласы балабақшаға баратын ата-ананың да қорқынышы ішінде. Қазір барлық ата-ана балабақшадан келген баласының үсті-басын қарап, күні бойы не істегенін, кімнің не дегенін, қандай тамақ ішкенін сұрап бәйек болады. Мүмкін, ата-аналардың бұл қылығы арттықтау болар. Алайда, солай істеуге мәжбүр. Себебі, “Үлпілдетіп өсіріп отырған баламыз қандай тәрбиешінің қарауында?” деген кінәмшіл ой сезіктен емес, қоғамдық шындықтан туындаған.

Еліміз тәуелсіздік алған кезден 2000 жылға дейін республикадағы 8 мың балабақшаның саны сегіз есеге азайған. Бұл уақытта тәрбиеші мамандықтарына да сұраныс кеміген. Тіпті, 1920 жылдардан бері тәрбиешілерді даярлап келе жатқан М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж де бұл мамандықты оқытуды тоқтатуға мәжбүр болған. Жалпы, еліміз бойынша көптеген оқу орындары осындай қадамға барған көрінеді. Мұның салдарынан мектепке дейінгі білім беру саласында кәсіби даярлығы жоқ педагогтердің саны артқан. Тек 2010 жылы қабылданған “Балапан” бағдарламасының арқасында балабақша желілерін қайта қалпына келтіру жұмысы қарқын алып, 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі ұйыммен қамту кеңестік уақыттағы көрсеткіштің 70 пайызын құраған тұста ғана тәрбиешілердің сапасына мән беріле бастады.

Мектепке дейінгі балалық шақ – баланың моральдық-адамгершілік бейнесін қалыптастырудағы маңызды кезең. Дәл осы кезеңде баланың жеке тұлғасының дамуын анықтайтын алғашқы түсініктер, сезімдер, әдеттер және қоршаған ортамен қарым-қатынас жасау әдебі қалыптасады. “Ештен кеш жақсы” демекші, қазір елімізде мектепке дейінгі тәрбие және оқыту мазмұнын жаңарту үшін кәсіби құзыретті педагогтерді даярлауға көп көңіл бөлінуде. Мәселен, өткен жылы Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бұл бағдарлама мектепке дейінгі сапалы тәрбие мен оқытуға тең қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін мектепке дейінгі ұйымдардың педагог кадрларының сапалық құрамын жақсартуды және педагог кәсібінің беделін арттыруды, демографиялық жағдайды ескере отырып, мектепке дейінгі ұйымдардың желісін ұлғайтуды, балаларды мектепке сапалы дайындауға бағдарланған мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту мазмұнын жаңартуды көздейді.

Бүгінгі таңда өңірімізде 550-ге жуық мектепке дейінгі ұйым жұмыс істесе, онда екі жарым мыңнан астам маман қызмет етеді. Былтыр өңір балабақшаларына 49 тәрбиеші жетіспесе, үстіміздегі оқу жылында қанша маманға сұраныс бар екені әзірге белгісіз. Әйтсе де, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 25 жасқа дейінгі жас мамандардың аз екендігін нық сеніммен айтуға болады.

– 2013 жылдан бастап “мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу” мамандығына түсушілердің саны күрт төмендеді. Сол жылы аталған мамандықтың күндізгі бөліміне оқуға 8 талапкер ғана ниет білдірді. Бұған аталған мамандыққа мемлекеттік гранттың аз бөлінуі және тәрбиешілердің еңбекақысының аздығы себеп, – дейді М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің “Бастапқы және мектепке дейінгі білім берудің теориясы мен әдістемесі” кафедрасының меңгерушісі Галина Квасных.

2014 жылға дейін күндізгі оқу бөлімінде тек орыс тілінде, ал сырттай бөлімде екі тілде маман әзірлеген кафедраның меңгерушісі тек үш жыл бұрын ғана талапкерлердің саны сәл артқанын айтады. Бұған “Серпін” бағдарламасы серпін берген екен.

“Жергілікті жастар тәрбиеші мамандығына қызығушылық танытпайды. Орыстілді топтарда оқып жүргендердің саны аз болса, бірнеше жыл бойы талапкердің жоқтығынан қазақтілді топ аша алмадық”, – деген Галина Сергеевнаның айтуынша, қазіргі таңда қазақ және орыстілді топтарда 66 студент білім алуда. Бір қызығы, қазақтілді топта тек серпіндіктер ғана оқиды екен.

Ал М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжде “Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту” мамандығына даярлау 9 және 11-сыныптар негізінде мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізіледі. Оқу орнында мамандық бойынша 15 топ бар. Оның ішінде 3 топ – қазақ тілінде, 7 топ – орыс тілінде және 5 топ сырттай бөлімде оқытылады. Осы топтардағы студенттер саны – 373. 2017-2018 оқу жылына осы мамандыққа 96 студент қабылданса, оның ішінде бюджеттік негізде 50 студент оқиды. Келесі 2018-2019 оқу жылдарында талапкерлер аталған мамандыққа толықтай бюджет негізінде қабылданбақ. Әр жыл сайын колледж ішіндегі қайта даярлау курстарынан 60-тан астам педагогика саласының маманы тәрбиеші біліктілігін алып шығады екен. Бұл санға қарап, “бала бағбаны” боламын деушілердің қатары аз емес екендігін аңғаруға болады. Яғни, өңірде тәрбиеші тапшылығы сезілмеуі тиіс еді. Алайда, еңбекақының аздығынан олардың бұл салада еңбек етуі екіталай.

– Шынында да, тәрбиешілердің еңбекақысы сын көтермейді. Жоғары және орта кәсіптік білім беретін ұйымдар жылына қаншама түлек шығарғанымен, өкінішке қарай, олар балабақшаларға келмей мейрамхана, дәмханада даяшы не болмаса дүкен, базарларда сатушы болып жүр. Себебі, ол жерде еңбекақы көбірек. Білім саласында қанша реформа жүзеге асырылса да, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызметкерлері тасада қалып отыр. Еңбекақының төмендігінен тәрбиеші тапшылығы туындап отыр. Ертең балабақшалар кадрсыз қала ма деген қауіп бар. Еліміз тәрбиешінің еңбекақысын көтергеннен ұтпаса, ұтылмайды. Білім және ғылым министрлігі құр сөзден нақты іске көшіп, тәрбиеші мамандықтарына гранттар көп бөлінсе, еңбекақы көлемі ұлғайса, даяшы, сатушы болуға мәжбүр мамандар қайта оралар еді, – дейді облыс орталығындағы “Баларман” балабақшасының директоры Балдырған Ілиясов.

Мектеп түлектеріне кәсіптік бағдар беру кезінде М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің де, М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж мамандары да талапкерді “Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу” мамандығына “Жарты күн ғана жұмыс істейсіңдер, жылы жерде отырасыңдар”, – деп қызықтырады екен. Ал еңбекақының аздығы, “Анау тұрған немене, мынау тұрған кеме ме?” дейтін жастағы баламен жұмыс істеудің қиындығы, бүлдіршіннің ата-анасымен тіл табысу, әр жұмыс күніне тиянақты дайындалу, ғылыми мақалалар жазу оқу барысында ғана айтылады. Әрі қазір мектепке дейінгі ұйымға балалармен тың технологиялар мен жаңа бағдарламалар негізінде жұмыс істеуге қабілетті педагог қажет. Ол көп білуі, арнайы білік және дағдылары болуы тиіс, өз шеберлігін тұрақты түрде жетілдіруі, инновациялық технологияларды, дәстүрлі емес әдістерді меңгеруге міндетті. Мұндай талап қою үшін материалдық өтемі де сәйкес болуы керек қой.

Бүгінгі таңда жоғары білімді және жоғары санатты, 25 жылдан астам еңбек өтілі бар тәрбиешінің жалақысы – 84 мың теңге. Категориясы жоқ орта білімді жас маманның еңбекақысы 45500 теңгені құрайды. Ал бұдан жинақтаушы зейнетақы қорына және жеке табыс салығы ұсталатынын ескерсек, “тапқандары қапқандарына жетпейтінін” аңғаруға болады.

– Бітірген түлектердің 80 пайызы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасқанымен, олардың дені еңбекақының аздығынан жоғары білімді басқа мамандық бойынша алып, өзге салаға ауысып кетеді. “Еңбекақының аздығынан пәтер ала алмаймыз”, – деп те налиды. Мәселен, өткен оқу жылында қазақ бөлімін 45 маман тамамдады. Олардың 35-і өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасты. Бесеуі басқа салаға ауысып кетті. Қалғандары бала күтімі бойынша үйлерінде отыр. Жұмыс істеп жүрген отыз бестің әрі кетсе бесеуі ғана өз мамандығы бойынша жоғары білім алады. Себебі, орта білімді тәрбиеші мен жоғары білімді кадрдың еңбекақысында айырмашылық аса көп емес, – дейді М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің оқытушысы Жантолқын Нұрланова.

Петропавл қалалық білім бөлімінің мектепке дейінгі тәрбие және оқыту секторының меңгерушісі Сайран Испандиярова мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысының аздығы жайлы мәселе талай мәрте көтерілгенімен, әлі де шешімі табылмаған күйде қалып отырғанын жасырмады. Ал өткен оқу жылының соңында министр Ерлан Сағадиев тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуі барысында “Педагогикалық стандарт аясында біз еңбекақы төлеу жүйесін өзгертуге тырысып жатырмыз. Тәрбиешілер, мұғалімдер, меңгерушілер, сынып жетекшілері – барлық педагогтерге еңбекақы төлеу жүйесін өзгерту үшін барлық ұсыныстарымызды нормативтік құжаттарға енгізбекшіміз”, – деген болатын. Мұның қашан жүзеге асатыны әзірге белгісіз. Ал бүгінгі қымбатшылық жағдайында тәрбиешілердің еңбекақысының талғажаулық қана құны қалғаны сол саланың мамандарын ғана толғандырып отырған сыңайлы.

– Мен жоғары білімді әрі жоғары санатты тәрбиешімін. Балабақшада 12 жылдан астам жұмыс істеймін. Алатын еңбекақым – 66 мың теңге. Біз осындай еңбекақымен 63 жаста еңбек демалысына шығамыз. Ол жастағы тәрбиеші 3-6 жас аралығындағы жиырма шақты баламен қалай жұмыс істейді? – деген сауалын қойған тәрбиеші Ғалия Балтабаева тағы бір мәселенің шетін шығарды. Бұл мәселені көтеруі де орынды. Петропавл қалалық білім бөлімінің мектепке дейінгі тәрбие және оқыту секторының меңгерушісі Сайран Испандиярованың айтуынша, Кеңес одағы кезінде 25 жыл еңбек өтілі бар тәрбиеші жалпыға ортақ зейнет жасын тоспай, құрметті демалысқа шыға берген екен. Ал еліміз тәуелсіздік алған жылдары Қазақстан бұл жеңілдікті алып тастаса, Ресейде әлі күнге дейін сақталған.

Әр мамандықтың өзіне тән қызығы мен қиындығы болатыны сөзсіз. Дегенмен, саналы, тәрбиелі ұрпақ өсіруге басымдық беріп, тәрбиешілерге жоғары талап қойып отырғандықтан, бала бағбанының әлеуметтік жағдайына бұлай немкеттілік танытпауымыз қажет еді.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp