«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕСІЛГЕН АҒАШТЫҢ СҰРАУЫ БАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Басты байлығымыздың бірі – орман қорының жағдайы әрбір саналы азаматты алаңдатпай қоймасы анық. Баршамызға ортақ ормандар бүгіндері жеке тұлғалардың ұзақ және қысқа мерзімді пайдаланылуына берілуде. Біздің инспекция орманды игілікке жаратушылардың әрекеттерін қатаң қадағалай отырып, табиғат ресурстарына зиян келтірілмеуін бақылайды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық құрылымы жергілікті өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, ресурс көздерін қорғап, күзетуді, өсімін молайтуды, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етуді жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасының Орман кодексінің 29-бабына сәйкес мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн ұзақ мерзiмдi пайдалану құқығы тендер нәтижелері туралы хаттама және сол бойынша жасалған шарт негiзiнде 10 жылдан 49 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Тендерге еліміздің жеке және заңды тұлғалары қатыса алады.

Облысымыздың аумағында 12 мемлекеттік орман мекемесі бар. Заңнамаға сәйкес олардың барлығында да құрылыс материалдары, өзге де шаруашылыққа қажетті бұйымдарды дайындау үшін ұзақ мерзімді қолданысқа рұқсат берілген. Бүгінде ағаш кесу құқығына ие болған 25 орман пайдаланушы бар. Ал 29 ұзақ мерзімді орман пайдаланушы мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн сауықтыру, демалу, тарихи-мәдени, туристiк және спорттық нысандарды ашу мақсатында алған. Яғни, пайдалануға берілетін мемлекеттік орман қорынан құрылыс объектілері үшін де жер телімдері қарастырылады. Қазақстан Республикасының Орман кодексінің 38-бабына сәйкес мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн пайдалану кезінде орман пайдаланушылар алдына қойылған бірқатар мiндеттер орындалуы қажет. Олардың ішінде ұзақ және қысқа мерзімді орман пайдалану шарттарында, сондай-ақ, ағаш кесу және орман билеттерiнде көрсетілген талаптарды бұлжытпай орындау, тұрғындардың денсаулығына зиян келтірілуiне жол бермеу, жұмысты топырақ эрозиясының пайда болуына әкеп соқтырмайтын әдістермен жүргізу, орман қорын молайту сияқты талаптар бар. Сондай-ақ, орманды пайдаланушылар су мен басқа да табиғат көздеріне кері әсерiн тигізбей, жануарлар дүниесi мен олар тiршiлiк ететiн ортаның сақталуын қамтамасыз ететiн тәсiлдерді қолдануға міндеттеледі. Олар сүрек дайындаған кезде еліміздің экологиялық заңнамасында белгiленген тәртiпке сәйкес мемлекеттiк экологиялық сараптамадан өткiзiлген техника мен әдістерді пайдалана отырып, ағаштың өсуіне жағдай жасайтын талаптарға бағынуы қажет.

Орман учаскелеріндегі өрт қауіпсіздігін сақтау – сол жерді пайдалануға алушылардың міндеті. Олар өз қаражаты есебінен төтенше жағдайлардың алдын алу іс-шараларын жүргізуге, өрт туындаған жағдайда оны сөндіруді ұйымдастыруға тиісті.

Жеке және заңды тұлғалар осы негізгі міндеттерді орындамай, заңға қайшы әрекеттерге барса, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі негізінде ескерту жасау, айыппұл салу немесе келісімшартты тоқтатуға дейінгі шаралар қолданылады. Мәселен, 2016 жылы орманды пайдаланушыларға қатысты 80 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 672 370 теңге айыппұл өндіріліп алынды. Ал биылғы жылдың он айында Орман кодексін бұзған 97 тұлға жауапқа тартылып, 925 137 теңгенің айыппұлы өндірілді. Тазалық сақтау бойынша қойылған талаптарды орындамаған бір орман пайдаланушы 68 070 теңге айыппұл төлеуге мәжбүр болды.

Жалпы, өңірімізде орман қорының аумағы – 689,6 мың гектар. Жыл сайын орман шаруашылықтары 846,3 мың текше метр ағаш қорын отын ретінде дайындайды.

Қазақстан Республикасы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығы негізінде ұзақ мерзімді орман пайдаланушылардың шаруашылықтары өрт қауіпсіздігі бойынша жүйелі түрде тексеріліп тұрады.

Қайрат ҚАЛЫҚОВ,

 

облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp